Бас тақырып

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Қарағанды облысында көлік қозғалысы шектелді

Ауа райының күрт нашарлауына байланысты Қарағанды өңірінде және оған іргелес аумақтарда республикалық маңызы бар бірқатар автожолдарда көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ведомство мәліметінше, 6 ақпан күні сағат 15:30-дан бастап жаңбырдың қарға ұласуы мен көктайғақтың пайда болуына байланысты «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз» автожолының 60–217 шақырым аралығы, яғни Ботақара кенті мен Қарқаралы қаласы арасындағы учаскеде барлық көлік түрлері үшін қозғалыс толықтай жабылды.

Сондай-ақ, 6 ақпан сағат 16:00-ден бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың екі учаскесінде жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу енгізілді. Атап айтқанда, «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 248–592 шақырым аралығы (Атамекен ауылы – Балқаш қаласы) және 92–164 шақырым аралығы (Ақмола облысының шекарасы – Теміртау қаласының ақы алу пункті) уақытша жабылды.

Осы уақыттан бастап нөлден төмен температурада жауған сулы қар мен көктайғақ салдарынан «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті» автожолының екі учаскесінде барлық көлік түрлерінің қозғалысы тоқтатылды. Аталған жолдың 788–906 шақырым аралығы (Топар кенті – Ұлытау облысының шекарасы) және 970–1064 шақырым аралығы (Қарағанды қаласы – Молодежный кенті) көлік қатынасына жабық.

Жолдарды 2026 жылғы 7 ақпан сағат 09:00-де ашу жоспарланған.

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, ауа райы мен жол жағдайына қатысты ресми ақпаратты тұрақты бақылап отыруға шақырады. Мамандар қажетсіз жағдайда елді мекендерден тыс жерге шықпауға және алыс жолға шықпауға кеңес береді.

Төтенше жағдайлар мен жол-көлік оқиғалары туралы 112 нөміріне хабарласу қажеттігі еске салынды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button