Бас тақырып

Ауа райына байланысты Қарағанды облысында көлік қозғалысы шектелді

9 ақпан сағат 17:00-ден бастап ауа райының күрт нашарлап, жаңбырдың қарға ұласуына байланысты Қарағанды өңірінде және оған іргелес аумақтарда республикалық маңызы бар бірқатар автожолдарда көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

«Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз» автожолының 60–217 шақырым аралығы, яғни Ботақара кенті мен Қарқаралы қаласы арасындағы учаскеде барлық көлік түрлері үшін қозғалыс толықтай жабылды.

Сонымен қатар «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті» автожолының екі учаскесінде барлық көлік түрлерінің қозғалысы тоқтатылды. Аталған жолдың 788–906 шақырым аралығы (Топар кенті – Ұлытау облысының шекарасы) және 970–1064 шақырым аралығы (Қарағанды қаласы – Молодежный кенті) көлік қатынасына жабық.

Республикалық маңызы бар автожолдардың екі учаскесінде жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу енгізілді. Атап айтқанда, «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 248–592 шақырым аралығы (Атамекен ауылы – Балқаш қаласы) және 92–164 шақырым аралығы (Ақмола облысының шекарасы – Теміртау қаласының ақы алу пункті) уақытша жабылды.

Жолдарды 2026 жылғы 10 ақпан сағат 09:00-де ашу жоспарланған.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button