Апта басында өткен аппараттық жиынды облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тізгіндеп, күн тәртібіндегі негізгі екі мәселені атады. Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орайластырылған шаралар барысы мен мемлекеттік қызмет көрсету сапасы кеңінен сарапқа салынды.
Елімізде жылма-жыл Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мемлекеттік мерекесі тойланады. Атаулы күн аясында өңірімізде жобаланған, жоспарланған маңызды іс-шаралар легі турасында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов баяндады.
Спикер өз кезегінде әділ қоғамды, жауапкершілікті заңға бағынатын әрі адал азаматты қалыптастыру идеясын іргелетуге бағытталған іс-шаралардың облыстық жоспары әзірленіп, бекітілгенін хабарлады.
– Аталған жоспар аясында 100-ден астам шара өткізу көзделген. Мәселен, дөңгелек үстел, мерекелік концерт, фестиваль, спорттық сайыс, челлендж, түрлі тақырыптық көрмелер қалыбында өтетін шаралар мереке мәнін ашады деген сенімдеміз. Конституция күніне арналған басты шара 29 тамызда «Достық» үйінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары мен қоғам өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел форматында өтпек. Аталған шараға қала, аудан өкілдері де зум бағдарламасы арқылы қатысатын болады. Мұнымен қоса, аталған күнге орай өңір аймақтарында халықтың осал топтарын, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды, жалғызбасты зейнеткерлерді қолдауға үндейтін қайырымдылық акциялары қарастырылды, – деді Нұрлан Бикенов.
28-29 тамыз аралығында облыстық кітапханалар мен білім мекемелерінде тақырыптық кітап көрмелері ұйымдастырылады. Мереке қарсаңында қала мен аудандар көлемінде пәтер кілттерін тапсыру және жаңа нысандардың ашылу салтанаты жоспарланды. 29 тамызда Теміртау қаласында 50 пәтер кілті көпбалалы отбасыларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға, медицина қызметкерлеріне берілмек. Ал, 30 тамызда Осакаров ауданының Молодежный кентінде оқушылар сарайы мен Шахтинск қаласы Новодолинка кентінде сквердің салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Сонымен қатар, алдағы күндерде облыстық мәслихат депутаттары Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері «Конституция – бірліктің кепілі» атты челленджін бастайды. Челендж мақсаты – әрбір қатысушының өмірлік ұстанымын, азаматтық қоғам үшін ерекше маңызға ие Конституциямыздың белгілі бір бабымен бөлісу. Аталған челенджді қала, аудан және өңірдің белсенді қоғам өкілдері жалғастырады деп күтілуде. Мерекелік безендіру бағытында жалпы облыс бойынша 100-ден астам тақырыптық баннер орналастырылады. 27 тамызға дейін безендіру амалдары толығымен аяқталмақ. Облыстық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында арнаулы тақырыптық айдарлар негізіндегі жарияланымдар оқырманын қуантады. Жалпы, барлық мерекелік шараларға ақпараттық қолдау көрсетілетін болады.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов, өңірдің мәдени ошақтары халыққа сантүрлі мерекелік концерттер легін, әскери бөлімдер мен қарттар үйінде мәдени-қайырымдылық шаралар өтетіндігін мәлімдеді.
– Облыстың кітапханалары мен музейлерінде кітап экспозициялары өтеді. 28 тамызда Кеншілер мәдениет сарайында Қарағанды қаласының 90 жылдығына арналған Қарағанды мен Абай облыстары арасында республикалық командалық айтыс өтеді. Іс-шара аясында Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою, айтыс қазылары алқасының баспасөз конференциясы, команда капитандарының Saryarqa телеарнасында арнаулы телебағдарламаға қатысуы жоспарлануда, – деді Еркебұлан Қайроллаұлы.
Концерттік бірлестік пен Академиялық-музыкалық комедия театрының шығармашылық ұжымдары 30 тамызда Қарағанды қаласының орталық мәдениет және демалыс саябағының Майқұдық және Пришахтинск аумағындағы саябақтарында өтетін мерекелік шараларына қатысатын болады. Концерттік бағдарламада Маржан Арапбаева, Карина Абдулина, Ерлан Көкеев сынды Қазақстанның эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
Облыстың қалалары мен аудандарында мерекелік концерттер, музыкалық әдеби кештер, дөңгелек үстелдер, зияткерлік викториналар, қолданбалы өнер көрмелері шеберлік сыныптары сынды шаралар легі өткізіледі. Жалпы, мерекелік шара саны 200-ге жуықтайды.
Облыс орталығында болса, 100-ден астам шара өтеді.
– 30 тамызда орталық саябақ жағалауында мерекелік шаралар мен «Astana Musical» мемлекеттік театры әртістерінің қатысуымен мерекелік концерт өтеді. Балалар ойын-сауық шаралары да қаперден тыс қалмайды. Мұнымен қатар, ақшалай сертификатты «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарына табыстау рәсімі өтетін болады. Мәдениет үйлерінде «Заң калейдоскобы», «Мемлекеттік Ата Заң», «Ата Заңыңды ардақта да, патриот бол!» деген тақырыптарда тұрғындар арасында тақырыптық блиц-сауалдар, арнаулы шаралар өтеді, – деді қала әкімі Мейрам Кожухов.
Футболдан, бокстан, үстел теннисі қалалық турнирдің ашылуы өтеді. Білім ошақтарында ашық сабақтар ұйымдастырылады. Бұл күні Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатарына жатқызылған түрлі топтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға бір жолғы төлемақы төленетін болады. Сондай-ақ, азықтүлік себеті үлестіріліп, қайырымдылық шараларға мән беріледі. Қоғам қайраткерлерінің қатысуымен тақырыптық ток-шоулар өткізіледі. Әлеуметтік желілерде Қарағанды ардагерлерінің жалынды сөзімен әртүрлі бейнероликтер даярланып, шаһардың барлық LED экрандарында жарияланатын болады. Қаланың орталық көшелерінде 10 атаулы баннер орнатылады.
Ермағанбет Бөлекпаев салалық басқармалары басшылығы, қала мен аудандар әкімдері Конституция күнін лайықты деңгейде мерекеленуін бақылауына алып, жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз ету қажеттігін еске салды.
– Жоспарланған жұмысқа кеңінен ақпараттық сүйемелдеу ұйымдастырылсын. Полиция және төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері іс-шаралар өткізілетін және адамдар көп шоғырланатын орындарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етсін, – деп тапсырды.
Ендігі бір келелі мәселе – өңірдегі мемлекеттік қызметтің сапасы. Бұл тұрғысындағы жұмыс жиыны өткен жылдың қорытындысы аясында бірнеше мәрте пысықталған еді. Алайда, бірнеше мемлекеттік органдар бұл тұрғыда ескерту алған жайттар да болғандығын атап өтті облыс әкімі.
– Жарты жылда 8,7 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде, электронды түрде 99,6%. Жыл сайын электрондық мемлекеттік қызметтер үлесінің өсуі байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 0,4% құрады. Мемлекеттік қызметтердің сапасына мониторинг жүргізу үшін 104 бақылау шарасы өткізілді, – деді ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Константин Ильницкий.
Облыста жергілікті атқару органдары тарапынан 178 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 164-і электронды негізде қолжетімді. Жарты жыл ішінде 8 млн-ға тарта қызмет көрсетілген. Оның 99 пайызы – электронды қалыптағы қызметтер. Сандық форматтағы қызметтер үлесі өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға өскен. Сапаны бақылау мақсатында 104 іс-шара өтті. Нәтижесінде 359 заңнама бұзу жайты анықталған. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш 66 пайызға өскен. Негізгісі дегенде қолданыстағы заңнаманың үдерістік талапқа сай келмеуінен туындап жатады. Әлбетте, кейбір кемшіліктер шалғай жердегі аудандарда қылаңытып тұрады. Өйткені, сандық форматтағы кейбір электронды қызметті ұсыну үшін арнаулы білім мен білік те талап етілетіні түсінікті. Кемшіліктерге жол бергендер жауапкершілік арқалады. Бұл бағытта жергілікті жұртшылықпен түсіндірме жұмыстары ұдайы іске асып келеді. 1000-ға тарта ақпараттық шара өткізілсе, 19000-ға тарта ақпараттық буклеттер таратылған. 80-ге тарта мақала жарық көріп, 224 баннер орнатылған. Мемлекеттік қызметтің 64 жәрмеңкесі өткен. «Open akimat» фронт-кеңселері барлық қалалар мен аудандарда ашық, деп атап өтті ол. Қызмет сапасын арттыру үшін 41 мемлекеттік қызметкер арнаулы оқу курстарын тәмамдаған.
Салалық ведомство өкілдерімен бірлесіп аталған тақырыпта 10-ға тарта семинар өткен. Бизнес үдеріс пен түрлі қайшылықтарға жол бермеу мақсатындағы тиімді ұсынымдар салалық министрлік тарапына жолданған. «Республика көлеміндегі сапа рейтінгісінде 5-орынды иеленіп тұрмыз. Бұл тәуір көрсеткіш» деп атап өтті спикер.
Ермағанбет Бөлекпаев ақпараттандыру және өзге де облыстық басқармалар басшыларына, қала мен аудандар әкімдеріне мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі жөнінде тапсырма берді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»