Ресми

Ауқымды жобалар қолға алынады

Бұқар жырау ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Майқұдық жұмыртқалары» құс фабрикасының жұмысымен танысты. Аталған аудандағы Доскей ауылындағы кәсіпорын өткен жылы жұмысын қайтадан бастаған болатын. Өндірісті жаңғыртуға 1 млрд. теңгеден астам қаржы салынды. Сәйкесінше, облыста жұмыртқа өндірісі ұлғаяды. Сондай-ақ, өңірдегі ілгері аудан саналатын Бұқар жырау ауданындағы ауыл тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз ету бойынша пилоттық жоба іске қосылатынын да айту керек. Атап айтқанда, Белағаш, Көкпекті, Тоғызқұдық, Баймырза және Жаңаталап ауылдық округтерінде керекті инфрақұрылымы бар жайылым алаңдары пайда болады.

Сурет: Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Зауыттың даму жоспарымен танысқан облыс әкімі өнім өндірісі біртіндеп өсіп келе жатқанын мәлімдеді. Зауыт Қарағандының сауда желілеріне арзан бағамен жұмыртқа жеткізеді және алдағы уақытта көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Яғни, өндіріс қуаттылығы – жылына 100 миллион жұмыртқа және шамамен 600 мың тауық.

Құс фабрикасында жұмыртқа тасымалдайтын «Анаконда» атты автоматтандырылған жүйе қол жұмысты азайтуға мүмкіндік береді. Цехтардан шыққан жұмыртқа автоматты транспортер бойынша сұрыптауға түседі.

Ал, балапан үшін жаңа желілер мен инкубация цехы іске қосылады. Кәсіпорында қазір 100 адам жұмыс істейді. Өндірісті кеңейту арқылы қосымша жұмыс орындары да ашылады.

Сондай-ақ, аймақ басшысына Бұқар жырау ауданында ауыл тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз ету бойынша пилоттық жоба туралы да баяндалды.

Жайлауда қашалар жасалады, ветеринариялық іс-шараларға арналған вагондар орнатылады және сумен қамтамасыз етіледі. Ол үшін аудандық бюджеттен 93 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Одан бөлек, пайдаланылмаған жерлерді анықтау жалғасуда.

– Бұқар жырау ауданы – облысымыздағы ең ірі аудандардың бірі. 58 мың адам тұрады. Жайылымдар мен шабындық алқаптардың жетіспеушілігі барлық жерде байқалады. Аудан тұрғындары бұл мәселені үнемі көтеріп келеді. Сонымен қатар, пайдаланылмайтын жер учаскелерін алу бойынша сапалы жұмыс жүргізу қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Ауданда су құбыры желілерін жөндеу жалғасады. Суықсу, Төрткөл, Семізбұғы және Үлгі ауылдарын сумен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталады.

Жол инфрақұрылымының сапасын жақсарту бойынша көптеген жоспарлар бар. Ауданның 15 елді мекенінде 50 шақырым кірме жолдар мен кентішілік жолдарды жөндеуге ақша бөлінген.

Бұқар жырау ауданына жұмыс сапары барысында өңір басшысы бірнеше әлеуметтік нысанды аралады. Олардың ішінде, Ботақара кентіндегі Юрий Гагарин атындағы жалпы білім беретін мектеп бар. 1976 жылы салынған мектеп ғимараты жөнделуі тиіс. Мектеп басшысы Сағыныш Төлеуханова барлық желілерді ауыстыру және іргелес аумақты абаттандыру қажет екенін айтады.

Сурет: Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Аудан әкімі Нұркен Қобжанов білім беру ұйымдарында жоспарланған құрылыс және жөндеу жұмыстары туралы айтты. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша биыл Доскей, Үштөбе ауылдары және Нұра станциясында 300 орындық оқу орындары салынады. Новостройка ауылында 150 орындық мектептің құрылысы аяқталады. Доскей ауылының орта мектебінде және Ботақара кентінің «Балдәурен» балабақшасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Сондай-ақ, облыс әкімі «Руханият» қосымша білім беру орталығында болып, оқушыларға арналған технопарктің жұмысымен танысты.

Аймақ басшысы Доскей ауылындағы иесіз қалған үш бес қабатты үйді аралап көрді. Олардың екеуін күрделі жөндеуге мемлекеттік сараптама қорытындысы бар. Сондай-ақ, 90 пәтер қалпына келтіріледі.

Облыс әкімі Ғабиден Мұстафин кентінде де болды. Оған екі нысанның құрылысы туралы баяндалды. Олар – ДСК және Нұра өзені арқылы өтетін көпір. Жаңа көпір Теміртауға дейінгі қашықтықты 11 шақырымға дейін қысқартады.

Облыс басшысы аудан әкіміне құрылысты бақылауға алуды тапсырды. «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын кешенді түрде жүзеге асыру қажет екенін атап өтті. Жоба аясында бір ауыл толық абаттандырылады.

Салтанат ІЛИЯШ.

Суреттерді түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button