Ауқымды істің бастауы
Кеше облыс әкімдігінде облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру бағыттары талқылаған облыс активінің жиыны өтті. Алқалы жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек АБДРАХМАНОВ қатысты.
Сондай-ақ, облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары, аудандар мен қалалар әкімдері, депутаттар, кәсіпорындар, агроөнеркәсіп кешені субьектілерінің жетекшілері, қоғамдық ұйымдар өкілдері келелі кездесуде бас қосты.
– Баршаңызға белгілі, 10 қаңтарда Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл бағдарламалық құжат стратегиялық маңызға ие. Нұрсұлтан Әбішұлы Жолдауда 10 міндетті көрсетті. Аталған міндеттерді жүзеге асыру арқылы біз төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік белсенді терең өзгерістер заманына қадам басуға мүмкіндік туады. Бүгінгі жиында Жолдауда көрсетілген тапсырмаларды орындау бағыттары кеңінен қарастырылады, – деді жиынды ашқан Ерлан Жақанұлы.
Аймақ басшысы облыстың былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.
– 2017 жыл қорытындысында өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 3,2 пайызға өсті. Бұл сектордағы еңбек өнімділігі бір жұмыскерге 19 мың долларды құраған. Бұл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі, – деген облыс әкімі Жолдау аясында атқарылуы тиіс жұмыстарды нақтылады. Сәйкесінше, жауапты салалар басшыларына ауқымды тапсырмалар жүктеді.
Отырыста қатысушылар пікірлерін ортаға салды. Жолдауда көрсетілген жұмыстарды салалар бойынша қарқынды жүргізудегі пайымдарын жеткізді.
Келелі Жолдаудан өрбіген ауқымды міндеттер қарастырылған облыс активінің жиналысы туралы кеңейтілген ақпаратты газетіміздің келесі санында назарларыңызға ұсынамыз.
Нұрқанат ҚАНАФИН