Атымтай азамат айтқанында тұрды
Белгілі кәсіпкер, Атымтай жомарт азамат, республикалық “Сенімен болашақ” қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Нұркен Асанов өткенде Бұқар жырау ауданында болып қайтқан еді.
Сол сапарында ол аудан орталығындағы Ботақара кентінің Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек мектебінің мұғалімдерімен және оқушыларымен кездесіп, кеңінен әңгіме құрған болатын. Сонда ол кітап оқудың, оның баланың жан-жақты азамат болып қалыптасуындағы рөлі мен орнына баса назар аудартып, осы білім ошағына кітаптар сыйлағысы келетін ниетін білдірген.
“Уәде – құдай аты” демекші, енді, міне, Нұркен Асанов сол сөзінде тұрып, Наурыз мерекесіне тарту ретінде аталған мектеп кітапханасына 375 жаңа кітап беріп жіберген екен. Бұлардың арасында қазақ және әлем классиктерінің жинақтары, балалардың ой-өрісі мен танымын байытып, жетілдіретін құнды кітаптар бар.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Сурет ұйымдастырушылардан