«Атыңнан айналайын, Қарқаралы»
Қарқаралы қаласының туған күніне орай, Нұра ауданының әкімі Ниқанбай ОМАРХАНОВТАН құттықтау хат келіп түсті редакциямызға.
Арқаның абат белінде орналасқан Қарқаралы қаласы жөнінде хатта былай делінген: «Бүгін – Сарыарқаның інжу маржаны, алтын тәжі қасиетті Қарқаралы қаласының туған күні! Осыдан 194 жыл бұрын 1824 жылы 8 сәуірде Патша Сенатының приказымен Қарқаралыға қала статусы берілді. Туған қаламыздың тұрғындарын қала күнімен шын жүректен құттықтаймын! «Қанша заман өтседағы, Қарқаралы сол баяғы қалпында» деп ақындар жырлағандай Қарқаралы қартаймасын, жаңарып, жасара берсін!».
Талайға үлгі болар іс. Туған жерін ұмытпайтын адам туған елін қадірлейді. Елді қадірлеу туған жердің рухын бойға сіңіріп өсуден басталған. Сондықтан да, осы орайда Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясы ата мекенмен ұлттың бір болуын, үнемі ұрпақ пен туған жердің байланысуын, адам мен табиғаттың тұтастығын негіздейтіндігіне тағыда бір мәрте көз жетті. Дегенмен, мақаламда қаланың бүгінгі өзекті мəселелері емес, оны ашуға негіз болған тарихи бастаулары сөз еткенді жөн көрдім. Себебі, өткенді екшемей, оның жағымды, жағымсыз тұстарынан сабақ алмай, бүгінгіні түсіну, болашақты болжау мүмкін емес.
1824 жылы 8 сәуірде Қарқаралы округі мен приказының салтанатты ашылу рәсімі болды. Қаланың құрылуы туралы жарлық сол жылы 24 шілдеде бекітіліп, сотник Д.Карбышев бастаған, құрамында 250 шептік казактары бар отряд қаланың алғашқы тастарын қалауға аттанды.
Қарқаралы қаласының салынуы туралы Құрбанғали Халид «Тауарих Хамса» еңбегінде былай деп жазады: «Қарқаралы бекінісінің салынуы Бөкей хан немересі Тұрсын Шыңғыс ұлы мен Жамантай хан атымен мағлұм… олар Омскіден шыққан орыс казак әскерін губернатордан өтініп, Қарқаралыға бастап әкеліп, олардың ішінде қала салу үшін шыққан жүзге тарта үйлі казак-орыстар мен тілмаштар 1824 жылдың көктемінен бастап құрылысқа кірісті. Аз уақыт ішінде 100-ге тарта үй салынып, әскерге баспана, айнала топырақ қорғанмен қамалды бекітіп, бір рота жаяу, бір бөлек атты әскер, бір батарея зеңбірекшілер орналастырылды».
Сібір бекіністері жүйесінде ерекше орын алатын Қарқаралы бекінісі XIX ғасырдың 1824 жылы округтік қаладан 1868 жылы уездік қалаға дейін даму жолынан өтті.
Қаланың одан әрі дамуы патшалық өкіметтің қазақ жеріне жүргізген әкімшілік реформасымен байланысты. Бұл, Қарқаралы қаласының ел тарихындағы есте қалған жылдары ғана. Тарихымыздың терең қойнауына үңілетін болсақ, қасиетті Қарқаралы өңірі тағы да өзінің қатпар-қатпар қойнауынан бізге белгісіз талай тарихтың сырын ашары ақиқат. Тәуелсіздіктің арқасында уақыт өте келе көркейіп, гүлденіп, сұлу шаһарға айналған Қарқаралы қаласы біз үшін әу бастан үлкен руханият орталығы болып қала бермек.
Нұрдос КӘРІМ