Жаңалықтар

Аты дардай, қадірі қандай?!

Қарағандыда шахматтан облыс ардагерлерінің кубогы жарысы болып өтті. Оны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, республика шахмат федерациясының аймақтық филиалы мен облыстық ардагерлер кеңесі бірлесе өткізді.

Кубок сайысында облыстың түпкір-түпкірінен 40-тан астам ойыншы бас қосты. Жарысқа шахмат өнерін насихаттау мақсатында алыстағы ауылдардан да ойыншылардың қатысуы ерекше мәнді еді. Бірақ, олардың ойын тәжірибелері мен шеберліктері олқы соғып жатты. Турнир швейцария­лық жүйе бойынша жылдам шахматтың рапид түрінен ұйымдастырылып, 9 турға созылды. Сонда әр партияға 8 минуттан уақыт беріліп, әр жүрістен соң арнайы сағат арқылы 3 секундтан қосылып отырады. Әрине, шалғайдан келген шахматшыларға бұл ауырлау тиді. Ал, облыс орталығы мен қанаттас қалалардан келген ойыншылар салған беттен оза шапты. Әсіресе, 4 ойыннан 4 ұпай жинаған теміртаулық Валерий Землянушин мен қарағандылық тәжірибелі спортшылар Сергей Игнатьев пен Владимир Павловтың қарқындары қатты еді. Бірақ, 5-турда Павловтан ойсырай жеңілген Землянушин біртіндеп, көш бастаушылар қатарынан қалып қойды. Есесіне оның жерлесі Төлеген Төлеуов ақырын бастап, мәреге 7,5 ұпаймен екінші болып келді. Бірінші орынды қарқынын бәсеңдетпеген В.Павлов иеленді, ол 8 ұпай жинады. С.Игнатьев пен абайлық депутат Бекмұрат Ағзамов келесі жүлделі орындарды бөлісті, Землянушин болса, 6 ұпаймен 5-жүл­деге ілікті.

Швейцариялық жүйенің бір ерекшелігі әр турда ұпай саны тең адамдар кездесетіндіктен, көш бастаушылар қатарындағылардың қосымша көрсеткіші жоғары болады, яғни, кездескен ойыншылардың ұпай сандары ескеріледі. Сондықтан, бірден 6 ұпай жинаған Білімхан Хауия, Александр Буторин мен осы жолдар авторы негізгі жүлдеден құр қалды, бірақ, бос қайтпай облыстық ардагерлер кеңесінің өздерінің «Ардагер-2012» командасы ойыншыларына тағайындаған сыйлығына ие болды.

Жарыста алғашқы 20 орынға шыққан ойыншылар наурыз айының соңында өтетін ендігі жерде дәстүрге айналмақ Сенат ашық кубогының облыстық кезеңіне іріктелді. Арғы жағында сәтті ойнаса, Семейде жартылай финал, Астанада финалдық ойындар күтеді. Сөйтіп, ардагерлер басты сын алдында шеберліктерін шыңдап, алдағы сайыс­тарға тас-түйін әзір екендіктерін көрсетті. Оларға жарыс жолында табыстар тілейміз.

Дегенмен, жарыстың өткізілген жері тар болып, №1 оқушылар сарайының қуықтай бөлмесінде қысылып, қымтырылғанымыз көңілге қаяу түсіреді. Қарағанды сияқты аты дардай қалада әлі күнге дейін жібі түзу шахмат клубының жоқтығын облыс, қала басшыларына құлаққағыс етеміз.

Аман ЖАНҒОЖИН,
шахматтан спорт шеберіне кандидат,
облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы
Сурет автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button