Жаңалықтар

Аты да, хаты да ұмытылмас ардақты ұстаз

1971 жылдың жазында бес-алты жас Қарағандыдағы Қазақ КСР Химия­-металлургия институтына жан-жақтан оқу бітіріп, жұмысқа орналасуға келдік. Кейбіріміз жоғары оқу орындарының арнайы жолдамасымен, бірқатарымыз еркін дипломмен және өндіріс орындарынан келгенбіз. Ол кезде ХМИ директоры, көрнекті ғалым, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті (1975 жылдан Қазақ КСР ҒА академигі), техника ғылымдарының докторы, профессор Евней Арыс­танұлы Бөкетов болатын.

Сурет автордан

Келген жастардың ішінде осы мақала авторы, Алматыдан В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтынан Нұралы Бектұрғанов, Ресейдің Пермь политехникалық институтынан Жақсылық Сарқұлов, Павлодар алюминий зауытынан Тұрабай Оралов, Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтынан Жамбай Әбілдаев бар еді.

Евней Арыстанұлы өзінің дәстүрлі әдетімен келген әр жас маманмен жеке кездесу өткізіп, оларды оқу бітірген мамандықтарына байланысты жұмысқа орналастырды.

Нұралы екеуміз және Тұрабай ағамызды техника ғылымдарының кандидаты Виталий Малышев (қазір техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты) басқаратын сирек және шашыраңқы элементтер химиясы зертханасына, Жақсылық Хамзаұлын техника ғылымдарының кандидаты Мөңке Қазов (кейіннен техника ғылымдарының докторы) басқаратын фосфорлық қосылыстардың химиясы мен технологиясы зертханасына, Жамбай Қалауұлын техника ғылымдарының кандидаты Аркадий Сәдуақасов басқаратын силикаттардың физика-химиясы зертханасына аға лаборант, инженер қызметтеріне орналастырды.

Евней Арыстанұлы – энциклопедиялық білімді ғалым. Ол түсті және қара металлургияны, байыту, бейорганикалық, физикалық химия, көмірхимиясы және басқа да салаларды терең меңгерген. Олардың проб­лемаларын шешу жолдарын талқылап, жиі семинарлар өткізетін.

Оның шәкірттері өздерінің ғылыми баяндамаларын КСРО-ның ең жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында ұстазы ұялмайтын дәрежеде баяндап, жоғары бағаға ие болатын. Бұл оның шәкірттеріне берген ақыл-кеңестерінің ықпалының арқасында болды десек, артық болмайды.

1974 жылдың шілде айы болатын. Мен ол кезде Химия-металлургия институтында гидрометаллургия зертханасында аға инженер болып қызмет етіп, осының алдында ғана аспирантураның сырттай бөліміне оқуға түскенмін. Бір күні мені осы зертхананың меңгерушісі техника ғылымдарының кандидаты (қазір техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, зейнеткерлік демалыста) Сағынтай Исабаев шақырып алып, өзінің ойын айтты. Оның айтып отырған мәселесі төмендегідей.

Тақау арада ҚарМУ ректоры, академик КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Евней Бөкетов Баянауылға іссапармен барады. Себебі Қазақстан Республикасы ҒА тұңғыш Президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы кітап жазып жүр екен, соған Қ.Сәтбаев туралы материалдар жинап жүргенін айтты. Баянауылға баратын жолдың Ульянов ауданы (қазір Бұқар жырау) Пушкин атындағы совхоз арқылы өтетінін айтып, «Жолда оған бір дәм беруге жағдайың бар ма? деп сұрады. Менің ата-анам сол Пушкин атындағы совхоздың «Жаңа қала» бөлімшесінде тұратын. Мен оған жағдайдың бар екендігін, тек мені 1-2 күн бұрын жұмыстан босатуын сұрадым.

Содан айтқан күні 5 жеңіл көлікпен Евней Арыстанұлы бастаған қонақтар келді. Қонақтар арасында ҚарМУ проректоры, химия ғылымдарының докторы, профессор (қазір ҚР ҰҒА академигі) Зейнолла Молдахметов, Химия-металлургия институтының директоры, техника ғылымдарының кандидаты (кейіннен техника ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті) Жантөре Әбішев, Химия-металлургия институтының зертхана меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты (қазір техника ғылымдарының докторы, профессор) Сағынтай Исабаев, атақты Мұса Шормановтың тікелей ұрпағы Дінше Біләлов ақсақал және тағы басқа азаматтар болды.

Қайтар жолда Евней Арыстанұлының әкейге айтқаны: «Балаңызды оқытамыз, ғалым болады. Келесі келгенге дейін есігіңізді биіктетіп қойсаңыз» деді. Өйткені, Евней Арыстанұлының бойы еңселі еді, үйден шығарда есіктің жоғары жақтауына басын тигізіп алған болатын.

Бұл кездесу туралы әкей: «Академик райкомның үйіне немесе совхоз директорының, бөлімше меңгерушісінің үйіне тоқтаған жоқ, қарапайым зейнеткер менің үйіме тоқтады» деп мақтанышпен ауылдастарына айтып жүретін.

Евней Арыстанұлы әрқашан да, жастарға өте көп көңіл бөліп, олардың ғылыми жұмыстарына қамқорлық жасап, аспирантураға түсуіне көмектесіп отыратын.

1972 жылы ол Қазақстандағы екінші – Қарағанды мемлекеттік университетіне ректор болып тағайындалды. Университетті қалыптастыруға, оны дамыту мен жаңа білім мен ғылым орталығына айналдыруға көп еңбек сіңірді. Жан-жақты талантты ол КСРО Жазушылар одағының мүшесі ретінде көптеген аудармалар, публицистикалық очерктер, эсселер, кітаптар жазды.

Біз оның жанынан Қарағандыға келген көптеген көрнекті жазушыларды, ақындарды, атап айтқанда Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Қалмұқан Исабаев, Ілия Жақанов сынды алыптарды көретінбіз. Бұл оның ғалымдар арасында ғана емес, ақын-жазушылардың арасында үлкен беделге ие болғанын көрсетеді.

Евней Арыстанұлы Қарағандыда ХМИ мен ҚарМУ-дың негізінде әр төрт жылда 1978 жылдан бастап өткізіліп отырған Халькоген мен халькогенидтердің Бүкіл­одақтық кеңесін өткізуді ұйымдастыру арқылы химия мен металлургия салаларындағы КСРО-дағы көрнекті ғалымдарды Қарағандыға шақырып, олардың біздің ғалымдармен творчестволық байланысын дамытуға баса көп көңіл бөлді.

Евней Арыстанұлының осы бастамасының арқасында КСРО-ның атақты ғалымдары Социалистік Еңбек Ерлері, КСРО ҒА академиктері В.Спицын, А.Новоселова КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары В.Глазов, А.Пашинкин, Б.Поповкин, профессорлар Т.Грейвер, П.Тациенко және басқа да ғалымдар Қарағандыға жиі келіп, біздің ғалымдар оларға барып, тығыз шығармашылық қарым-қатынас пайда болды.
Евней Арыстанұлының ғылыми мектебінен 5 ҚР ҰҒА академигі мен мүше-корреспонденті, 60-тан астам ғалым докторы мен ғылым кандидаты тәрбиеленіп шықты. Жоғарыда айтылған жолдастарымызбен біздердің кандидаттық диссертациямыз тікелей оның ғылыми жетекшілігімен қорғалды. Кейіннен ол кандидаттық диссертациялардың негізінде докторлық диссертациялар қорғалды.

Оның жасаған түсті металлургия, қара металлургия, ферроқорытпалар және т.б. салаларда ғылыми бағыттарын шәкірттері әрі қарай дамытып, күні бүгінге дейін жалғастыруда. Атап айтқанда, тек қана 2001, 2003 және 2005, 2015, 2017 жылдары оның шәкірттері Химия-металлургия институтының ғалымдары (С.Байсанов, ­Н.Бектұрғанов, Ә.Жәрменов, М.Толымбеков, В.Малышев, А.Ақбердин, В.Ким, А.Ким, С.Исабаев, Х.Күзгібекова, А.Ахметов, А.Мұхтар және т.б.) металлургия мен байыту салалары бойынша Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығымен 5 рет марапатталды.

Евней Арыстанұлының тағы бір ерекше көңіл бөлген ғылыми бағыты ол түсті металдар рудаларын байыту проблемасы болатын. Бұл бағыт бойынша біз ХМИ-де өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап, ғылыми зерттеулер бойынша Бүкілодақтық конференциялар, оларды көрнекті байыту саласының маманы, КСРО ҒА мүше-корреспонденті И.Плаксиннің зерттеулерімен байланыстырып, үнемі өткізіліп отыратын халықаралық конференцияға айналдырдық. Осы бағытта 2014 жылы Алматыда «Плаксин-2014» оқулары тақырыбына үлкен халықаралық кеңес өткіздік.

ҚарМУ-дағы қызметінен кейін ол 1980 жылдан 1983 жылдың 13 желтоқсанына дейін өзінің төл мекемесі – ХМИ-ға келіп қызмет істеді. Бұл кезде ҚР ҰҒА Орталық Қазақстан бөлімі құрылды, оны дамытуға ол көп атсалысты. Осы кезде өзінің шәкірті Болат Ермағамбетпен бірге көмірден мұнай алу проблемасымен айналысты. Қазір оның ол идеясы іске асып, химия ғылымдарының докторы, профессор Б.Ермағамбеттің басқаруымен Астана қаласында «Көмір химиясы және технология» институты құрылып, жемісті еңбек етуде.

Сол жылдары біз ол кісімен бірге «Фазовые равновесия и термодинамические свойства арсенатов щелочных металлов» атты монография жаздық. Ол еңбек 1985 жылы Евней Арыстанұлы қайтыс болғаннан кейін Алматыда «Ғылым» баспасынан басылып шықты. Осы монографияның Евней Арыстанұлы өз қолымен жазған түзетпелері әлі күнге дейін менің жеке мұрағатымда сақтаулы.

Е.Бөкетов Орталық Қазақстан өңірінде теориялық металлургияның аса бір қиын бөлімі – металлургиялық процестердің химиялық термодинамикасының негізін қалады. Оның осы саладағы еңбектерін ескере отырып және оның туғанына 100 жылға толуына орай Қарағанды зерттеу университетінің баспасына «Прикладная термодинамика в химии и металлургии» деген көлемді (440 бетті) монографияны тапсырдық.
Сол шәкірттерінің бірі ретінде біз үшін де оның жарқын бейнесі ғалымның, ұстаздың эталоны болып қала бермек.

Болат ҚАСЕНОВ,
Ж.Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының термохимиялық
процестер зертханасының меңгерушісі,
химия ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Қ.Сәтбаев
атындағы I дәрежелі сыйлықтың лауреаты

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button