Аты ауыл демесеңіз…

Таспадай тартылған тас жолдың үстімен тау жарып жүріп келеміз. Жақпарланған таулардың мұнартқан шыңына қарап, құмартқан албырт көңілдің қайнауы басылар емес. Бұл заңғарлар қаншама тарихтың куәсі. Халқының қамын жеген талай тарлан ұлдың мекеніне айналды. Осынау тілсіз табиғаттың жаратылысы жасырған сан қилы сырдың сандығы сол күйі әлі ашылмағандай… Тау бауырлай жүйткіген бетте Шабанбай би ауылына ат басын тіредік.

Қатар-қатар тізілген ақ үйлердіңарасында ақ ұлпаға аунай ойнап, шана сүйреген балалар қарасы көрінеді. Ауылға кіре Мәдениет үйіне тоқтадық. Ауыл бас қосатын осы бір мәдени орынға ерекше шырай берген – Алаш арысы Әлихан бабамыздың ескерткіші. Мүсін өр рухтың, адуын айбардың жаршысына айналғандай. Қараған жанды қайрап-ақ тұр. Мүсіннің орнатылуына тікелей атсалысқан ауылдың 1973 жылғы азаматтары екенін біліп, олардың туған жеріне деген сүйіспеншілігіне еріксіз сүйсіндік.

– 2018 жылы аудан бюджетінен қомақты қаржы бөлініп, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Содан бері ауқымды іс-шаралардың тұсауы осы ордада кесіледі. Мұндағы «Шалқар» халық театры белгілі драматург Бекен Әбдірайымовтың «Ауылдан келген майшелпек» атты комедиясын көрермен қауымға ұсынып, өзінің халық театры атағын биыл да қорғап қалған болатын, – деп мақтанышпен пікір білдірді, мәдениет үйінің қызметкері, дәстүрлі әнші Нұржан Құлымжанов.

Рухани баюға жол ашар ауылдағы тағы бір білім мен әдебиеттің қайнар бұлағы қазіргі заман талабына сай салынған кітапхана. Ондағы жалпы кітап қоры – 18 300 дана. Қолы қалт еткен ауыл жеткіншектері мен жастары осы кітапхана маңайынан табылады.

Ауылдағы Әлімхан Ермеков атындағы жалпы орта білім беретін мектепті де атап өткенді жөн санадық. Аталмыш білім ордасында 85 оқушы білім алуда. 29 ұстаздан құралған ұжым қызметі өте қарқынды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында демеушілер есебінен 8 оқу кабинетіне жаңа үлгідегі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мектепте арнайы компьютер, мультимедиялық және физика кабинеттері пән атауына сай жабдықталған. Бұдан бөлек мектеп жанынан құрылған «Гүлдер» шағын балабақша орталығы жұмыс жасауда. Онда мектепке дейінгі 20 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ауыл ертеңінің жарқын болуына мемлекет тарапынан көмек үздіксіз көрсетілуде.

Сонымен қатар, бүгінгі күні ауылдық округ бойынша электр энергиясы, ауыз су, телефон, теледидар, пошта қызметі жүйелі түрде жұмыс істейді. 2019 жылы мұнда «Мегалайн» интернет желісі тартылған. Ал, 2020 жылы «Билайн» ұялы байланысы іске қосылып, ауыл тұрғындарына зор мүмкіндік ұсынды. Денсаулық сақтау саласына келер болсақ, ауыл отбасылық дәрігерлік амбулаториясы ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Ғимаратқа 2014 жылы күрделі жөндеу жүріп, қайта қалпына келтірілген. Ал, 2019 жылы мекемеге интернет жүйесі тартылған. Қазір онда 1 дәрігер, 3 мейірбике, 1 кіші қызметкер, 1 маусымдық жұмыскер жұмыс істейді. Аты ауыл демесеңіз, мұнда бос жүрген жан байқалмайды. Әр маманның өз міндеті бар. Жергілікті басшылық тарапынан «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 2020 жылы ауылда 1 шақырым 200 метр ауыл іші көшелеріне асфальт салынып, 36 көшеге жарық орнатылған. Одан өзге биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында балалар ойын алаңы жаңадан салынып, іске қосылды. Бұл ауылдың тұрғындары «ауылым» деп емешегі үзілген нағыз патриот әрі тату болса керек. Бірі бастаған игі істі екіншісі қолдап, зор нәтижеге қол жеткізуге қашанда асық.

Ауылдың дамыған һәм көркейген тұстары мұнымен шектелмек емес. Оған себепші ауылдың атқамінер азаматтары. Атап айтар болсақ «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында кәсіпкер Азамат Төребековтің бастамасымен 1978 жылғы мектеп түлектерінің ауыл кіреберісіне, бүгінде Шабанбай би ауылының бас тәжіне айналған арканың орнатылуы. Игі істердің қатарын 1988 жылғы ауыл жастарының орталықтағы саябақ ішінен балаларға арнап ойын алаңын салдырып бергендігі толықтырады. Ауыл игілігіне арналып біткен істің бірі арнасынан асып, тасыған өзен өтетін көпір көрінісі. Ол да ауыл тұрғындары есебінен салынған нысанның бірі. Буырқанған өзеннің асау арнасынан енді ауыл жұртшылығы қауіптенбейді.

Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 1979 жылғы түлектер мектеп бітіргендеріне 40 жыл толғандығын асыр салып жалаң тоймен атап өтпей, «Жастар жылының» құрметіне арнайы «Жастар» аллеясының салынуына арқау болыпты. Биыл сол жаңа аллеяда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, барлығы 60 түп ағаш егілген. Оның 12 түбі аққайың, ал, 48-і қарағай ағашы. Жалпы ауыл жұрты жаппай қасиетті Шабанбай би ауылын ерекше қастерлеп, бағалайтынына көзіміз анық жетті. Жұмақ мекеннің жұрт аузында аңызға айналуының қос себебі болса, оның бірі – тұмса табиғаты, ал екіншісі – халқының қонақжайлылығы мен еңбексүйгіштігі. Тау ортасында тамылжыған мамыражай тірліктің қайнаған қазанында тыныстаған Шабанбай би ауылының бүгінгі жайы осы.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.