Жаңалықтар

Аты аңыз Ахат

«Спорт деген бір сиқыр» деген сөздің жаны бар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ахат ҚЫНАШИН сол спорттың сиқырына арбалып, саналы ғұмырын сарп еткен саңлақ спортшы. Ахат – спорттың ғана емес, сахнаның да саңылағы (ол туралы сәл кейінірек тоқталамыз)…

Жалпы, Ақтоғайда Ахат десе, волейбол, волейбол десе, Ахат деген ұғым қалыптасқан. Тоспа доп додасын Ахатсыз көзге елестете де алмайсың. Мен Ахатты қамал алатын қырық жасынан бері жақсы білемін. Қырық жасының өзінде Ахат шаршы алаңда өзін суда жүзген балықтай сезінетін. Жайшылықта елді қыран-топан күлкіге батырып жүретін Ахат алаңға шыққанда мүлде басқа адам. Қарсыластың қай тұсы осал, қай тұсы қараусыз қалды, қалт жібермейді. Тас қамал қорғаныстан шабуылшыға сыналап саңылау тауып береді. Реті кеп тұрса, аяқ асты шабуылшы, қорғаушы да бола салады. Қысқасы, «палуанға оң-солы бірдей» деген тәмсіл осы Ахатқа қарата айтылған дерсің.

Ахаттың жас кезінде волейбол ойнағаны да жатқан бір жыр, жатқан бір аңыз.

Тақыр жерге шөп шықпайды. Ахаттың шыққан топырағы құнарлы.

Әкесі Күлмағанбет үйші, кигіз үйдің сүйегін иіп, жабдықтарын жасаған шебер кісі болған. «Қасқадан қасқа тумаса да, төбел туады» деген рас. Шеберден шебер спортшы, өрелі өнерпаз шықты. – Ақтоғайда екі мектеп болды. Бірі – Максим Горький, бірі – орыс орта мектебі деп аталатын. Мен сол орыс орта мектебінде оқыдым. Ес білгелі волейбол ойнадым. Ол уақытта Ақтоғай өз ішінен бірнеше ауылға бөлінетін. «Бәйгетөбе», «Пошта», «Көкөзек» болып кете беретін. Құдайдың құтты күні ауыл-ауыл болып волейбол ойнаймыз. Бізге алғаш волейбол ойнаудың ережетәртібін, айла-тәсіліне машықтандырған адам Андрей Генрихович Шнайдер.

Сонымен қатар, әскерден оралған ағайым Есентай да допты қалай қабылдап, қысқа, алыс қашықтықта допты қалай ұру керектігін үйретіп, волейболға бірыңғай ден қоюыма ықпал етті. Негізі, ол кездің балалары спорттың бірнеше түрін меңгерген жан-жақты болатын. Мен волейболдың соңында кетпегенде, жап-жақсы теннисші болатын ба едім. Маған теннисті үйреткен Марал Төлегенұлы. Ақтоғайда өткен жарыстарда теннистен өмірі жеңіліп көрген жоқпын. Мектеп бітірісімен 1975 жылы Қарағанды педагогикалық дене тәрбиесі институтына түсіп, спорт ойындары кафедрасын таңдадым. Институттың волейбол, қолдобы командасының негізгі құрамында болдым.

Институтты тәмамдаған соң ауылға келіп, еңбек жолымды аудандық спорт мектебінде бастадым. Одан әрі «исполкомда» спорт комитетінде жұмыс жасап, волейболшыларды жарысқа апарып жүрдім. Сол жылдары Ақтоғай волейболы қатты дамыды. Облыстық жарыстарда Ақтоғай волейболының шоқтығы бәрінен жоғары тұрды. Қазір «Ақтоғай волейболын анау дамытты, мынау дамытты» деген әрі тарт, бері тарт, алыпқашпа сөз көп. Бәрі былшыл. Біздің басымызды қосып, нақты команда жасақтаған ешкім жоқ.

Ауыл ішінде волейбол ойнап жүрген жігіттер бірте-бірте сұрыпталып, Сағдат Бишаев, Сағат Дүйсекин, Мейрам Есеев, Ғали Күзембаев, Берік Сембиев өзара ақылдасып, команда құрдық. Әрине, құрылған команданың жарыстарға барып, анда-мында жүріп тұруына аудандық спорт бөлімінің қолдау көрсеткенін жоққа шығармаймыз.

Бірде Мәскеуде бірінші Бүкілодақтық жұмысшылар кәсіподағының спартакиадасы өтетін болды. Ол кезде Жезқазған – облыс.

1989 жылы Жезқазған облысынан өндіріс және ауыл шаруашылығы атынан екі команда Мәскеуге баратын болып шешілді. Спартакиадаға Қазақстанның барлық облысынан екі-екі командадан барды.

Мәскеу спартакиадасына тек қана волейболдан ұлдар арасынан 232 команда қатысты. Барлығы өз облыс, өз республикасының іріктеу жарыстарынан өткен кілең мықты.

Измайловск паркінің он бес-жиырма метрлік ағаштарының арасына елуден астам волейбол алаңын құрып тастаған. Ойын тәртібі бойынша әр партияның ойынына 8-ақ минут қана уақыт берілген. Сегіз минутта қай команда суырылып алға шықса, сол команда жеңген болып есептеледі.

Ол жерде ешкіммен салғыласып жатпайды. Жеңген команда алдын ала номерленіп қойған екінші алаңға барып, жарысын одан әрі жалғастыра береді. Ресей, Балтық бойы елдерінен келген волейболшылар кілең серейген-серейген, шарғы бойлы бізге менсінбей, танауларын шүйіре қарайды. Волейбол бәсекесі екі күнге ұласты. Жарыс жан алысып, жан берісіп өте тартысты өтті. Талай ойыншылары төбемізден теректей төнген команда құрамын жер қаптырдық. Уақыт тығыз. Әй, дегенмен, ол кезде біздің жігіттер шын мәнінде мықты еді. Литва командасының ұзын-ұзын ойыншылары жақын қашықтықтан, блокпен қолымызды байлап, матап ұрғызбай қойды. Жігіттермен ақылдасып, тактика ауыстырып, алыс қашықтықтан ұрымтал тұсын тауып, ұрып, қысқа қашықтықта амалын тауып, алдап, әйтеуір, айла асырдық. Бағанағы бізді менсінбей менменсіген Литва волейболшылары риза болып, қолымызды қысып, арқамыздан қағып жатыр. Сөйтіп, 232 команда арасынан, жалпы есеп бойынша біз үздік ондыққа ілігіп, тоғызыншы орынға тұрақтадық. 232 команда арасынан тоғызыншы орынға шығу – біз үшін де, басқалар үшін де жеңіске пара-пар үлкен жетістік еді. Қазақстан бойынша волейбол спортынан үздік ондыққа Ақтоғайдан барған біз ғана іліктік. Қазақстандықтар арасынан өзге спорт түрлерінен де суырылып алға шыққан командалар болған жоқ. Мәскеуде өткен Бірінші Бүкілодақтық кәсіподақ спартакиадасында Қазақстаннан тек қана біз көзге түсіп, біз ғана абыроймен оралдық.

Сол тұстағы одақтық, республикалық баспасөз құралдары жаппай біз туралы айтып, жаппай біз туралы ғана жазып жатты. Несін айтасың, өзімізді жауды жапыра жеңген қаһарман сезініп, бойымызды мақтаныш сезім билеп, елге айдарымыздан жел есіп оралдық.

Одан соңғы алақандай Ақтоғайдан шығып, жеткен жоғары жетістігіміз – «Қайрат» ерікті спорт қоғамының республикалық біріншілігінде төртінші орынды жеңіп алғанбыз. Ол жолы да біріншілікке барлық облыс, қалалардан командалар өте көп келді. Болса болмасын, облыстық жарыстарда үздік волейбол құрамаларының қатарында жүрдік.

Теннис менің негізгі айналысқан спортым емес. Теннис – денені шынықтырып, бабында ұстауға таптырмайтын спорт. Теннис ойнағанда адам бойында қимылдамайтын бұлшық ет жоқ. Облыс деңгейінде теннистен өткен жарыстарда екінші, үшінші орындардан түсіп көрген жоқпын, – деген Ахаттың сөзінің жаны бар. Теннис ойнағанын көріп, оған өзім сан куә болдым. Жалпы, волейбол ойынында шабуылдаушы, қорғаушы, реттеуші (разводящий) деген ұғым бар. Оны волейболдан хабары барлар жақсы білуге тиіс. Және ойынның нәтижелі қорытындысы осы реттеушіге тікелей байланысты. Допты қалай қабылдап, оны қай ойыншыға қалай бағыттаудың өзі жатқан бір өнер. Міне, Ахат осы команданың барлық ойынын түйсігімен сезініп, әр ойын өрнегін реттеп отыратын, оңтайы келгенде алыс, жақын қашықтықтан допты қақырата ұра да білетін волейбол спортының һас шебері де. Әлгі, Ахат есімдерін ұлықтаған Сағдат, Сағат, Мейрам, Ғани, Берік сынды жігіттер – волейболды Ақтоғайдың брендіне айналдырған нағыз майталман ойыншы жігіттер. «Волейбол – командалық ойын. Команда мүшелері бірін-бірі қас-қабақтан, ым-ишарадан түсіне білсе, ғана нәтижелі ойын шығады» – дейді Ахат.

«Талант барлық қырынан да талантты болады» деген кім еді? Кім болса да дәл айтқан.

Ахаттың таланты – жан-жақты. Волейбол, теннис ойнап қана қоймай, кірдің тасын да бір кісідей көтерген. Дойбы, шахмат ойындарына жетік. Талай облыстық спартакиадада шапқылап жүріп, теннис, дойбы жарыстарына да қатысқан.

«Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің құрамында жүз адамдық хорды бастаған. Ақтоғай халық театрының белді мүшесі ретінде бабасы Қараменде би (Ахаттың руы – Шақа Қарекеңнің тікелей ұрпақтарының бірі), Жалаңтөс, Райымбек батырлар мен Әлиханның, Қызыр атаның бейнелерін сомдаған актёрлік шеберлігінің өзі бір төбе.

Бұрынғы «Арқа еңбеккері» газетінің, кейін «Ақтоғайдың Мұқағалиы» атанған ақиық ақын, журналист Үмітай Жармағанбетов атындағы тоспа доп турнирінің бастауында да осы Ахат Қынашин тұрғанын қарайған қауым жақсы біледі.

Қарағанды облысының қай ауданына барсаң да әріптестері қақ жарылып Ахатқа жол береді. Есімі аңызға айналған Ахат – жас волейболшылардың табынатын кумирі. Ақтоғайда қолына доп ұстаған жастардың барлығы Ахатты өздеріне ұстаз тұтады. Жоғарыда өзі тілге тиек етіп өткендей Ахат Қынашин аудандық спорт бөлімінде жүріп, ауыл спортының, оның ішінде, волейболдың дамуына сүбелі үлесін қосқан бірегей спорт маманы. Білім беру саласында жүріп, әскери алғашқы даярлық сыныбында ұзақ уақыт еңбек етіп, мәртебелі ұстаздық жолдан да өткен. Зейнетке Әлихан Бөкейхан атындағы жалпы орта білім беретін мектептен шығып отыр.

Саф алтынды тат баспайды. Хас өнерпаз қартаймайды. «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің құрамында қырық жыл мүше болды. Әлі де тұғырдан түсе қойған жоқ. Аудандық ардагерлер ансамблінің белді мүшесі.

1984 жылы отбасын құрды. Қосағы Гүлбаршын аудандық санитарлық эпидемиологиялық станцияда санитарлық фельдшер болып еңбек етіп, өмірге екі ұл, бір қыз әкелген аяулы жар, ардақты ана.

Үлкен ұлдары Қайыржан Теміртау қаласында ішкі істер саласында қызметте. Қайыржан да волейбол ойнайды. Кіші ұл – Айбатыр қолдарында, қара шаңырақтың егесі. Қыздары – Айнұр Қарағанды қаласының оқуәдістемелік орталығында бөлім меңгерушісі болып жұмыс істейді.

Біздің Ахат туралы жазбамыздың тұздығы ретінде сақтаған бір қыры, оның ел арасында айтылып жүрген, жатып атып, жардан құлататын қалжыңдары. Ахаттың жүрген жері – қыран-топан күлкі. Айтқан әңгімесінің қиюын қиыстырып, қоспасының жігін жымдастырып білдірмей жіберетін өнері және бар. Ол енді бөлек әңгіме.

Жазбамызды қысқа қайыра отырып, айтар болсақ, осы Ақтоғай спортына, оның ішінде волейболға орасан еңбек сіңірген Ахаттың бір де бір атағы, бір де бір ауыз толтырып айтар марапаты жоқ екен. Жуырда, Ақтоғай волейболының абызы, Ахат Қынашин зейнет жасына толып, демалысқа шықты. Ардагер спортшыны аудан әкімі С.Әбеуова арнайы қабылдап, құрметтеп, иығына шапан жапты. Ахат Қынашин еңбек еткен Ә.Бөкейхан және аудандық спорт мектебі ұжымы әріптестерінің астына ат мінгізді. Десек те, Ақтоғай тоспа добының абызы, аңызы аудан спортының байырғы, белді өкілі атшапаннан да жоғары марапаттарға лайық деп ойлаймыз. Облыстық спорт басқармасының құлағына алтын сырға, аталмыш салада екінің бірі, егіздің сыңары алып жатқан атақ-марапаттан Ахат Қынашинді құр қалдырмасаңыздар, құба-құп болар еді.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button