Жаңалықтар

Аттестатқа жылдық баға қойылады

Қашықтан оқыту жағдайына байланысты биыл мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау жылдық бағалары бойынша жүргізіледі. Білім және ғылым министрлігінің шешіміне орай аттестат та жылдық бағалар негізінде беріледі. Ал, ҰБТ-ны өткізу мерзімдері өзгеріссіз қалады.

– 9 (10) сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау емтихандары, сондай-ақ 11 (12) сынып оқушылары үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау емтихандары өткізілмейді. Тиісті өзгертулер министрліктің бұйрықтарына енгізілді. Бұл оқу жетістіктерін қорытынды бағалаудың әділдігін барынша қамтамасыз етеді, – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Бұған дейін 9-сынып түлектерінің қорытынды аттестаттауы ана тілі бойынша жазбаша емтихан (оқыту тілі бойынша) – эссе түрінде жазбаша, гуманитарлық пәндерді тереңдетіп оқытатын мектеп оқушылары үшін мақала, әңгіме, эссе түріндегі жазбаша жұмыс болатын. Математикадан (алгебрадан) және қазақ тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан тапсырып келді. Таңдау пәні бойынша (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын, француз, неміс), информатикадан жазбаша емтихан өткізілетін.

11-сынып оқушылары үшін де қорытынды аттестаттау жоғарыда аталған жүйе бойынша жүргізіліп, тек Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан және таңдау пәні бойынша тестілеу жоспарланатын.

 Қазіргі таңда 11-сынып оқушылары үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу мерзімі өзгеріссіз қалғанын айта кеткен жөн. Түлектер Ұлттық тестілеу орталығының сайтында орналасқан сынама тесттерін тегін пайдалана алады. Оларға әр пән бойынша тестілеудің бірегей 70 нұсқасы ұсынылып отыр.

2017 жылдан бері ҰБТ нәтижелері жоғары оқу орнына түсуге және білім гранттарын иеленуге, ал қорытынды аттестаттау емтихандарының нәтижесі аттестат алу үшін қажет болып келді.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button