Жаңалықтар

Атпен іздеп, жоқты да, бақты да тапты

Жоғалған жас баланы атпен іздеп тапқан жаңаарқалық қос полицей құрметке бөленді. Ішкі істер министрлігі антына адал, сертіне берік екеуінің еңбегін елеп, министр Ерлан ТҰРҒЫНБАЕВТЫҢ бұйрығымен ІІ дәрежелі «Ішкі істер министрлігінің үздігі» төсбелгісімен марапаттапты. Бидайық ауылының учаскелік полиция инспекторы Жұбаныш ЖҮНІСБЕКОВ пен Жаңаарқа аудандық уақытша ұстау изолияторының инспекторы Қами ӨСКЕНБАЕВҚА Министрдің марапаты мен сыйақысын облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Ерлан ФАЙЗУЛЛИН табыстады.

14-ақпан күні Жаңаарқа ауданы, Ақтау ауылына қарасты қыстақтың бірінен 16 жастағы бала жоқ іздеп шығып, адасып қалады. Ауыл болып атпен, айыршанамен іздестірсе де, екі күн бойы таба алмайды. Сөйтіп, баланың ата-анасы Жаңаарқа аудандық полиция бөліміне қоңырау шалып, балаларының із-түссіз кеткенін хабарлайды.

Жаңаарқа ауданы ішкі істер бөлімінің басшысы Ержан Ыбырай мобильдік топқа атпен іздеңдер деген бұйрық береді.

Берілген тапсырманы орындауға жедел кіріскен Жұбаныш Жүнісбеков пен Қами Өскенбаев атпен із кеседі.

Іздестіру шаралары нәтижесінде, қос полицей баланы тау басынан табады. Қатты қуанғанынан екеуі бүрсеңдеп қалған баланы қапсыра құшақтап алады. Бірақ, балада үн жоқ. Шошынып қалғанын түсінген екеуі барынша көңілін аулайды. Жұбаныш Жүнісбеков киімінің артындағы «полиция» деген жазуды көрсетіп, «сені құтқаруға келдік, табылдың» деп баланың беті-қолын ысқылайды. Ол есін жияр емес. Екі күн далада түнеп, қыстың қытымырында аш-құрсау жүру кімкімге болсын оңай соққы емес. Баланың аман табылғанына шаттанған қос полицей ұялы телефонынан әуен қосып, оны билетіп, әндетіп, көңілін көтереді. Аздан соң, атқа мінгесуге келісім бермеген бала: «Мені қалай таптыңыздар? Қарным қатты ашты» деп сөйлей бастапты. «Мен кешкілік таудан төмен түсіп, үй жаққа бара жатқанымда алдымнан қасқыр ұлып шықты, содан кейін жүгіре бердім. Тау тасты екі күн паналадым» деп әңгімелепті бала.

Аттылы полицейлер қатты қуанғандарынан естелікке бейнежазба қалдырмақ болады. Негізгі ойлары – әріптестерінен сүйінші сұрау. Бірақ, қатты қуаныштан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тез тарап, бірнеше сайттарда жарияланады.

Бидайықтың учаскелік инспекторы Жұбаныш жүйрік баптап, көкпар тартып жүрген серілердің бірі. Қами да аттың құлағында ойнайды екен.

Не десек те, халықтың алғыс батасын, министрдің марапатын алған қос ұлан бұл марапатқа сөзсіз лайықты. 

Қасымхан ҒАЛЫМ.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button