Дала данышпаны Абайдың:
«Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің,
Сәулең болса, бермен кел талапты ерің.
Жан құмары дүниеде немене екен –
Соны білсең, әрнені білгендерің», – деген жұмбағы бар. Туғанына биыл 180 жыл толатын кеудесі дария қария шешуін де өзі ұсынады – «білмекке құмарлық». Адамзат баласын дамытушы, қоғамды алға жылжытушы ұлы күш те осы дүниенің сырын білуге деген ұмтылыс. Адамның әлемді тануға деген құштарлығын қанағаттандыратын қызметтің бірегейі – туризм. Сондықтан, бүкіл әлем бойынша энергия көздері бизнесінен кейінгі пайдалы сала туризм деп мойындалған. Мысалы, Түркия, Грекия, т.б. мемлекеттердің бюджетін негізінен туризм табысы құрайды. Солай бола тұрса да, елімізде, облыс пен оның өңірлерінде салаға жеткілікті көңіл бөлінбей келеді.
Көкке шаншылған таулары көкжасыл қарағаймен, ақ балтырлы қайыңмен, тал-бұталармен көмкерілген Қарқаралы Сарыарқаның сұлу да сыр-жұмбағы мол өңірлерінің бірі екені даусыз. Облыстағы орманды алқаптың 90 пайыздан астамы осында шоғырланған. Қарағанды облысына сапары түскен адам ат басын аты аңызға айналған осы өңірге тірегісі келіп тұратыны анық. Өйткені, өне бойын айна көлдер, сылдыраған өзен-бұлақтар өрнектеген Қарқаралының жазғы жамалы қандай сұлу болса, ақ ұлпаға оранған қысқы келбеті де көз суырады. Өңірдің атауынан бастап әр шатқалы, суы мен нуы жайлы аңыз-ертегілерінің өзі талай томға жүк болары анық. Осындай даралық сипатымен, табиғи, тарихи және мәдени ерекшелігімен Қарқаралы туризмнің орталығы болатындай-ақ жөні бар. Мұнда рекреациялық (адамның қажыр-қайратын, рухани қуатын қалпына келтіру), емдік-сауықтыру, танымдық, спорттық, этнографиялық туризм түрлерін дамытудың мүмкіндігі үлкен. Сондықтан, бұл мәселені осы қасиетті топыраққа табаны тиген қаламгерлердің дені, алдыңғы толқын қарқаралылық журналистер, әсіресе Сапарғали Ләмбеков, Мақсым Омарбеков ағаларымыз (екеуі де марқұм) дүркін-дүркін көтеріп, жергілікті, облыстық, республикалық биліктің назарын аударуға барынша ықпал жасады. Тіпті, оларға осы жолдар авторы да үн қосып, бірнеше мақала жазды. Жарияланымдар оқырмандар қауымынан қолдау тапқан кезде атқарушы органдар жұмысқа кіріскендей кейіп танытады. Өңірде туризм саласын дамытудың бас жоспары бірнеше рет жасалып, бекітілді. Соңғысы – «Қарқаралы ауданының туризмін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары». Аталған құжат негізінде әлеуетті инвесторларға ұлттық табиғи парк аумағынан жер учаскелері берілетіні атап көрсетілген. Әзірге ауданда үш жүзден адамға жұмыс тауып беріп отырған 37 демалыс орны бар. Олар бір мезгілде екі жарым мың туристі қабылдай алады. Әрине, аумағы Еуропаның Эстония сияқты мемлекетіне жете қабыл Қарқаралы үшін бұл көп емес. Бірақ, аз деп те айтуға болмайды. Егер орынды, тиімді пайдаланатын болса, осы нысандардың өзі-ақ аудан бюджетіне қыруар қаржы түсірер еді. Айталық, өткен жылдың алғашқы тоғыз айында Қарқаралы ауданына келген туристердің саны ресми есеп бойынша 8733 адам. Яғни, өңірдің қазіргі мүмкіндігі тұрғысынан бірнеше есе аз. Оның себептері әр түрлі.
Олқылықтарды жою үшін жоғарыда аталған, 2023-2025 жылдарға арналған жоспарда туризмнің таяу болашаққа арналған негізгі бес бағыты қамтылған.
1.Демалыс орындары мен туристік нысандардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарын дамыту.
2.Негізгі табиғи және тарихи-мәдени нысандарды жүйелеу.
3.Туристік қызмет көрсету сапасын арттыру және білікті кадрлар даярлау.
4.Қарқаралы ауданын туризмді дамытуға қолайлы өңір ретінде тану және брендтеу.
5.Туризм саласындағы инвестициялық жобалар пулын (жұмсалатын қаржыны бір орталыққа жинақтап, жобадан түскен қаржыны кейін әркімнің үлесіне қарай бөлу) белгілеу.
Алғашқы бағыт бойынша, республикалық маңызы бар Қарағанды – Қарқаралы автожолын орташа жөндеуден өткізу қолға алынған. Қазіргі таңда жолдың 125 километрін жөндеу аяқталды. Қазір осы жолдың бойын интернет желісіне қосу үшін жұмыс жасалуда. Облыс пен аудан орталықтары арасындағы Шолаққайың, Матақ, Көктас мекендерінің тұсынан антенна-діңгек орнатылса, жұмысты биыл аяқтауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, аудан орталығынан 9 километр жердегі, Қарқабат ана ескерткіші орнатылған автотұрақты жарықтандыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылыпты. Қазір бұл автотұраққа «Қазавтожол» мекемесі санитарлық-гигиеналық торап орнату жұмысын жүргізуде.
Аудан орталығын ауыз сумен толық қамтамасыз ету жобасы Жарлы – Қарқаралы топтық су құбырының құрылысы аяқталғанда жүзеге асады.
Қарқаралының Т.Әубәкіров атындағы орталық көшесін қайта жаңғырту және 7 көшенің жол жабындыларын орташа жөндеу қолға алынған. Қаланы, оның батысындағы тоғанды, Айнакөлді (бұрынғы атауы «Сасықкөл») абаттандыру, «Ту тұғыры» мемориалын жаңғырту, Құнанбай қажы мешітін, «Бәйтерек» монументін, Ш.Жандарбекова атындағы Мәдениет үйін, кітапхана үйлерін жөндеу атқарылды. Шайтанкөл және «Табиғат мұражайы» туристік маршруттарына санитарлық гигиеналық тораптар орнату, электр қуатына қосу биылғы жылға жоспарланыпты.
«Бұғылы» рекреациялық аумағын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, Үлкенкөл мен Кішікөлдің төңірегін дамыту көзделген.
Жобаның екінші бағыты бойынша, Қарқаралының негізгі табиғи және тарихи-мәдени нысандарын жүйелеу, олар туралы тарихи-деректі әңгімелер мен аңыздарды жинақтап, кеңінен тарату, насихаттау жоспарланған. Бірақ, нақты атқарылған жұмыстар әзір байқалмайды.
Жоспардың келесі бағыты, яғни туристік қызмет көрсету сапасын арттыру және білікті мамандар даярлау бойынша облыстың кәсіпкерлік басқармасымен, KIT («Knowledge interaction Trends») кәсіпкерлік қауымдастығымен оқыту курстары, семинар-тренингтер өткізу дәстүрге айналған. Былтыр гид-экскурс жетекшілерін оқытуға арналған семинар-тренинг ұйымдастырылыпты. Қарқаралының М.Әдекенов атындағы колледжіне «Туризм» (тур-агент, экскурс жетекшісі), «Орман шаруашылығы» (орманшы) мамандықтарында түсетін талапкерлер тарту бойынша жұмыс қолға алынған.
Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігімен Қарқаралыда туристік, спорттық жабдықтар, ақпараттық буклеттер, туристік схемалар сату, билеттер брондау және сату, шатырларды, шаңғыларды, ұйықтайтын қаптарды, т.б. жалға беру үшін туристік орталықтар ашу мәселесі пысықталуда екен.
Тамақтану, қызмет көрсету, жолдағы сервис нысандарын, аңшылық, балық аулау жабдықтарын сататын дүкендер жүйесін дамыту бойынша кәсіпкерлер тартылуда.
Ұлттық құндылықтарды насихаттау, этнотуризм мен агротуризмді, ұлттық тағам мен ұлттық ойын түрлерін дамыту, кәдесый өнімдерін сату жобасы бар екен. Кент аулының жас кәсіпкерлері туралы Ұлттық арнада көрсетілген «Қымыз Party» бағдарламасы жерлестерін қанаттандырыпты.
Жоспардың төртінші бағыты, яғни Қарқаралының танымалдығын арттыру бойынша 2023 жылдан бері біраз іс қолға алыныпты. Қоянды жәрмеңкесінің 175 жылдығы мерекеленген сол күзде облыстың кәсіпкерлік басқармасының қолдауымен Kazakhstan International Tourism Organization туристік фирмаларды, БАҚ өкілдерін, блогерлерді қатыстырып Ақпараттық тур өткізіпті. Қарқаралының тау-тасы мен орманды даласында өткізіліп келе жатқан «Бұғылы Travel» жаяулар марафоны осы жылдан бастау алған. Былтыр 10 және 21 шақырымдық марафонға екі жүзге жуық адам қатысыпты. Сол сияқты, «Mountain Bike» веломарафоны дәстүрге айналған көрінеді. Танымал өнер шеберлерінің және жергілікті көркемөнерпаздардың қатысуымен туған өңір, Қарқаралы тақырыбында концерттер ұйымдастыру да жолға қойылып келеді екен.
Қарқаралының туристік мүмкіндігін насихаттайтын «Тик Ток» аккаунты ашылып, көрікті жерлері мен демалыс орындарының суреттері, ақпараттары үнемі жаңғыртылуда. Қарқаралының ТОП он танымал орны бойынша бейнебаян түсіріліп, әлеуметтік желілерде таратылыпты.
Ауданның туризм саласын толық дамыту қарқынын тежеп тұрған факторлар қатарына жергілікті мамандар әлеуетті инвесторларға Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағынан жер учаскелерінің берілмей отырғанын, еліміздің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тарапынан конкурс жариялауға рұқсат етілмегенін алдыға тартады. Бірақ, бұл өңірде Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағынан басқа да, туризм бизнесін дамытуға қолайлы жерлер бар ғой. Айталық, аудан әкімдігі туризм үшін тартымды аумақтардан кәсіпкерлерге қырыққа жуық жер учаскесін берген екен. Бірақ, солардың жартысынан көбі әлі толық игеріле қоймапты. Сондай-ақ, Қарқаралы туризмін тежеп тұрған тағы бір фактор бар. Ол – кәсіпкерлердің өз бизнестерінің қауіпсіздігіне сенімсіздігі. Мысал үшін «Тасбұлақ» таудағы демалыс үйінің тағдырын алсақ та болады.
Жаңа мыңжылдықтың басында «Тасбұлақ» таудағы демалыс үйін Талғат Акуов деген кәсіпкер меншігіне алып, тәп-тәуір жұмысты бастап кеткен еді. Тәттімбеттің туғанына 190, Мәдидің туғанына 125, Нығмет Нұрмақовтың туғанына 110 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерекенің меймандары осы кешеннің көп қабатты қонақ үйі мен Ақ үйінде дем алып, риза болғанын көзіміз көрген.
«Бизнестің жол қартасы – 2020» бағдарламасы бойынша 2011 жылы «Көпсалалы заманауи «Тасбұлақ» таудағы демалыс үйі туристік кешенін жасау» үшін арнайы әзірленген бизнес-жоба аясында құрылыс және қайта құру жұмысы жалғасты. Жобада бунгало үлгісіндегі, жалпы құны 372 миллион теңге тұратын, әрқайсысында 9 нөмірі бар 4 коттедж салу жоспарланған. Ақшаның 333 миллионын «Еуразия банкі» АҚ қарызға берген екен. Осы екі ортада таудағы «Тасбұлақ» демалыс үйінің төңірегінде түсініксіз оқиғалар болды. Белгілісі – табыс түсіріп отырған кешенді әлдекімдер рейдерлік жолмен тартып алып, кәсіпкер Т.Акуовтың өзі қылмыскер атанды.
Жаңа иелері қарызды төлемегеннен кейін «Еуразия банкі» АҚ кепілде тұрған «Тасбұлақ» таудағы демалыс үйін 2018 жылы тәркілеп, кейін саудаға шығарады. Оны алдымен жеке тұлға сатып алып, кейін Eurasian Resources Group қарасты«Шұбаркөл Көмір» АҚ-на сатады. Сөйтіп, 2018 жылдан бері аталған нысан толық қаңтарулы тұр.
«Тасбұлақ» таудағы демалыс үйін жұмысқа қосу үшін Қарқаралы ауданының әкімдігі Eurasian Resources Group компаниясына да, «Шұбаркөл Көмір» АҚ-на да бірнеше рет ұсыныспен шыққан екен, әйткенмен, келіссөздер ешқандай нәтиже бермепті.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйірін айтар болсақ, Қарқаралы оазисінің туристік мүмкіндігі зор. Бірақ, өңірдің толық қуатында жұмыс істеуіне кедергі болатын факторлар да жеткілікті. Оны өңірдің атқарушы билігі дербес шеше алмайтыны белгілі болып отыр. Қарқаралы қуатты туристік орталыққа айналып, жүздеген адамға тұрақты жұмыс тауып беруі үшін оған облыс басшылығының және республикалық ведомостволардың көмегі керек.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
ortalyq.kz