Атомның алтын дәуірі
Қазақстанда атом энергиясын игеру мәселесі атам заманнан болмаса да, сонау 90-шы жылдары, яғни, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында күн тәртібіне шыққан. Сол жылдары еді ғой, ауыл біткен пілте шамға телміріп, қаладағы ағайын балконға қазан қайнатқаны. Иә, иә, сол кезде ара-тұра болса да, «Бізге АЭС керек» деп айтып қалғанбыз.
Алайда, АЭС құрылысына құлшына кірісіп кетуге Одақтан енді ғана енші алған Қазақстанның еш мүмкіндігі болған жоқ. Атом энергиясы айтқанға болмаса, арманның асқағы еді… Екі бүйірден қысқан экономикалық дағдарыстың салдарынан тойып ішер бір күнгі асыңды сақтайтын тоңазытқышың сандыққа, электр бағандары отынға айналып кеткен. Мойындайық…
Соңғы екі-үш жылда Қазақстанда АЭС салу идеясы қайта жанданып, қоғамдық талқыға шығып кетті. Мәселе қызу талқыланып жатыр. Бұған қуану керек. Бұл дегеніңіз – әрбір қазақстандық елдің болашағына бейжай қарай алмайды деген сөз. Біздің мақсат – қақ жарылып тұрған тараптардың мықтысының қолтығына су бүркіп, әлсізін табалау емес, қоғамды АЭС-тің тиімділігі жайлы шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету. Сол үшін ортаға қамшы тастап, сөз сұрап отырмыз…
Таңдау – өзімізде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр станциясы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын», – деді.
Яғни, Президент пікірталастан қашып отырған жоқ. Ел дамуындағы маңызды шешімдер халықтың пікірін ескере отырып қабылданатынын қадап айтты. Бұдан бұрын «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында да: «Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіретін әлі ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды. Сондықтан, бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсындым. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық өзі шешеді», – деген болатын. Міне, содан бері қоғам талқылауында болған референдумға да санаулы күн қалды.
Референдум – демократиялық қағидаттарға толық негізделген қоғамның жария таңдауы. Мұнда диктаторлық шешімге жол берілмейді. Халық өз елінің болашағы мен ұрпағының жарқын өмірі үшін таңдау жасайды. Бұл дегеніміз – қазақстандықтар үшін тарихи жауапкершіліктің өлшемі. АЭС құрылысын қолдаушылар жеңіліс тапқан күннің өзінде, отандастарымыздың референдумға қатысу белсенділігі елдік деңгейімізге сын болмақ. Олай болса, еңселі елдік танытатын сындарлы сәттен сырт қалмағанымыз абзал.
Дәл қазір халық пікірі қара дауылға ұқсап тұр. Энергетика саласының мамандары АЭС-тің тиімділігін дәлелдеуге тырысып жатса, саясаттанушылар референдум нәтижесіне бүгіннен болжам жасап, сәуегейлік танытуда. Ғаламтордан белгілі саясаттанушы Жандос Уәлиханның пікірі ұшырасып қалды. Ол: «Жалпы, байқасаңыздар, Президент нақты «иә» немесе «жоқ» деген өзінің шешімін айтып отырған жоқ. Түбегейлі шешімді халықтың өзіне қалдырып отыр. Президент тек Қазақстанның осы атом электр станциясын салған жағдайда экономикалық, саяси әлеуеті жоғары болатынын назарға алды. Мысалы, біздегі уран қорының үлкендігіне және біздің осы шикізатымыз өзге алпауыт елдерге отын көзі болып отырғанына тоқталды және егер Қазақстан өзінің АЭС-і болып, өз отынын өзі пайдаланса, экономикалық әділеттілік болады деген ішкі ойын білдірді. Референдум нәтижесінде Мемлекет басшысының осы емеурінінен ертеңгі жарқын болашақты таныған халықтың 55 немесе одан көп пайызы АЭС салуды қолдайды деп ойлаймын», – дейді.
Қалай болғанда да, 18-ге толған, дауыс беруге құқылы ешбір азаматтың құқығы шектеліп тұрған жоқ. Ашық талқыланып, еркін жасалған таңдаудың тарихи маңызы зор. Референдум қорытындысында АЭС салуға рұқсат берген халық оны салатын елді таңдауға Парламент арқылы ықпал етуі мүмкін.
АЭС – жаңа жұмыс орны
Жоба құрылысына қарсылық білдіруші тараптың өкілдері АЭС салынғанның өзінде, маман тапшылығын қалай шешеміз деген пікірді көлденең тартуда. Әрине, алаңдарлық мәселе. Десек те, осы бір ұшқары пікір иелерінің еліміздің іргелі 4 жоғары оқу орнында энергетика саласының мамандары даярланып жатқанынан қалай бейхабар екенін түсіне алмадық. Қазақ жоғары білімінің қарашаңырағы Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дің физика факультетінде «Ядролық физика» мамандығы бұрыннан бар. Назарбаев университеті мен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Атомдық реакторлар», «Ядролық энергетика» мамандықтары бойынша білікті кадрлар дайындалуда. ҚазҰУ қабырғасында ашылған Мәскеу энергетикалық университетінің филиалы мен Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті мамандар дайындап жатыр. Шетелдерде «Болашақ» бағдарламасы бойынша «Атом өнеркәсібі», «Атом ядросы және бөлшектер физикасы», «Техникалық физика» және «Ядролық инженерия» мамандықтары бойынша оқып келген түлектерді қоспағанда, жоғарыда аталған еліміздегі ЖОО-дары жылына 80-100 энергетика саласының мамандарын дайындап шығарады екен.
Бұл статистиканы азсынсаңыз, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябеков осыдан екі жыл бұрын «DALA news» тілшісіне берген сұхбатында: «Бүгінгі таңда біздің елімізде атом саласының 20 мыңнан астам жоғары білімді маманы бар», – деп жар салған екен.
Сондай-ақ, АЭС құрылысы бүгін бастап, ертең бітіретін көмір қора емес қой. Мамандардың болжауына сүйенсек, АЭС құрылысына шамамен 10-12 жыл уақыт кетеді екен. Әлемдік тәжрибеде 15-20 жыл салып жатқан елдер де бар. Алдағы референдум қорытындысында жобаны жақтаушылар жеңіске жетсе, жыл соңына дейін вендор (бас мердігер компания) анықталуы мүмкін. 2025-2029 жылдары құжаттарды рәсімдеп, 2029 жылы алғашқы бетон құйылса, 2034-2035 жылдары бірінші блоктың игілігін көреді екенбіз. Осынша уақыт ішінде тағы да мыңдаған түлек атом саласының қыр-сырын игеріп шығатыны кәміл емес пе?! Ендеше, маман тапшылығын айтып алаңдауға еш негіз жоқ.
Станция құрылысы кезінде 8000 адам жұмыспен қамтылып, іске қосылғаннан кейін 2000 адам осы АЭС-тен нәпақа айыратынын айтады мамандар.
Қалай десек те, Қазақстан атомның алтын дәуіріне қадам басқалы тұр.
Ерсін МҰСАБЕК