Атом энергиясы – елдің болашағы
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік маңызды мәселелер көтерілді. Солардың бірі – елімізде қуат көздерін көбейте отырып, энергия тапшылығын жою. Осы мақсатта қабылданған батыл шешімдер, жасалынып жатқан қадамдар да жоқ емес. Солардың санатында Қазақстанда атом электр стансаларының құрылысын салу жобасын атауға болар еді.
Бұл шаруаны қолға алмас бұрын Мемлекет басшысы жұртшылықтың оған қатысты ойын біліп, қоғамдық пікірді зерделеп, нақты бір шешімге келу үшін мәселені бүкілхалықтық талқылауға шығарып, референдум өткізуді ұсынған болатын. Осылайша, биылғы қазан айының 6-сында республикада бүкілхалықтық референдум өткізілетіні туралы Президент Жолдауында жариялады.
Атом энергиясы адам өмірінде кең қолданылатын энергия түріне айналып келеді. Атом (ядролық) энергиясы дегеніміз не? Әрбір атом энергия бөлшектерінен тұрады. Осы энергия атомның барлық бөлшектерін біріктіреді, ал, егер оларды ажыратса (бөлсе), онда әлгі энергия босатылады. Атом энергетикасын дамыту елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызады, оған болашақта энергия өндірісін диверсификациялаусыз қол жеткізу мүмкін емес. Бұл электр энергиясын сырттан сатып алуға тәуелділікті айтарлықтай азайтады немесе толығымен жояды, мұның өзі шикізат бағасының ықтимал тұрақсыздығы және электр энергиясына сұраныс көп еселеп артуы болжануы жағдайында үлкен пайда әкеледі. Тұтастай алғанда, Қазақстанда ядролық энергетиканың болашағы жарқын, оны дамыту барлық энергетикалық саланың қуатын айтарлықтай арттыра түседі. Сол себепті, Қазақстан үшін де АЭС (атом электр станциясын) салу мәселесі өзекті.
Қазақстан – энергетика саласында тап қазіргі сәтте үлкен әлеуеті бар ел. Елімізде табиғи ресурс көп. Мұнай, газ, көмірді айтпағанда, уран қоры да мол. Қазақстан уран өндіруден әлемде жетекші орында екені анық. Сонымен қатар, Энергетика министрлігінің 2024 жылғы ресми мәліметінше, Қазақстан табиғи уран қоры бойынша әлемде 2-орында тұр. Бұл нені білдіреді? Демек, еліміз АЭС салу үшін өзін-өзі қажет шикізатпен қамтамасыз ете алады деген сөз.
Қазақстанның энергия жүйесі негізінен көмірге тәуелді болғанымен, экологтар мұның экологиялық зардабын жиі айтады. Қазақстан энергетикасы ерте ме, кеш пе, әйтеуір осы жолды таңдары анық. Бұл ретте көмірсутегімен салыстырғанда атом энергетикасының үлкен экономикалық тартымдылығы шешуші рөл ойнауы тиіс.
Қазақстанда АЭС салу елдің дамуы үшін үлкен әлеуетке ие, бірақ үкімет, халықаралық әріптестер мен жұртшылық тарапынан елеулі күш-жігерді талап етеді. Егер қауіпсіздік пен экологиялық тазалықты қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ, инвестициялар тарту және халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болса, Қазақстанда АЭС салу елдің энергетикалық секторын дамытуда және оның экономикасын нығайтуда маңызды қадам бола алады. Ядролық энергетиканың маңызды абзалдықтарына экономикалық тартымдылығы мен ұзақ уақыт бойы электр энергиясы бағасының тұрақтылығын жатқызуға болады. Атом энергетикасын дамыту отандық машинажасаудың технологиялық деңгейін көтеруге, елдің ғылыми-техникалық қуатын нығайтуға және экономиканың жаңадан жоғары технологиялық салаларын жасауға жан-жақты ықпал етеді. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың АЭС үшін жабдықтар шығаратын халықаралық кооперацияға интеграциялануы жүзеге асады.
Алиби АЛИМБЕКОВ,
Теміртау жоғары политехникалық колледжінің энергетика кафедрасының жетекшісі.