Атом бейбіт бола алады
Семей полигонынан соң атомды естіген елдің елеңдесіп қалатынын сөгуге келмес. Жарты ғасыр ядролық қарудан әбден зәрезап күй кешкен жұртта бірден басқа реакция болуы да мүмкін емес. Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейтіні секілді, ел аман, жұрт тынышта тартқан зілмар азап та естен шықпайды. Десек те, қазіргі заман ол қоғамнан мүлде басқаша. Есі барлар осыны ескеруі керек. Атом электр стансасы дегенде, «жау жеттілеместен» бұрын оның пайдасы мен зиянын салқын қанмен салмақтап алған абзал. Сол үшін де Қазақстанда атом электр стансасын салу – ел ішінде талқылауда жүргеніне бірер жыл. Осы аралықта жақтаушылар да, даттаушылар да шықты. Әлбетте, кез келген дүниенің екі жағы бар. Сол екі жақтың теңгерімі, яғни, балансы қажет. Сонда залалынан гөрі пайдасы тиері және хақ. Негізі, бұл – таза эмоциясыз шешім қабылдауды табандап талап ететін ұлт үшін ұлы маңызды іс. Сондықтан да, Мемлекет басшысы атом электр стансасын салу туралы ұсыныстың оң-солын саралауды халықтың өзіне қалдырды. Халық ой-пікірін ашық білдіруі үшін референдумға шығарылды. Алтыншы қазандағы референдумның мәні де, мақсаты да осында. Ойласып барып, оң шешім қабылдау.
Үрей неге билейді?
Атом аты аталғанда, байыбына бармай аттандау – сауаты бардың санасына сыймайтын іс. Алдымен, бәрін бажайлап алған жөн. Құдайға шүкір, ақпараттың ағыны бұл күні жетерлік. Кім игілігін көріп, қай ел қандай пікірде екенін білудің тап бүгін ешбір қиындығы да, күрделілігі де жоқ. Ашық ресурстағы деректер мен мәліметтер түп тұқиянынан беріге дейін емін-еркін жайып салады.
Мәселен, сол деректер дүние жүзінің 32 елі атом электр стансасы арқылы қуат алып отырғанын айтады. Соңғы алпыс жылдағы апаттарды көремін десеңіз де, мархабат. Сарапшылардың да, ғалымдардың да, әлемнің де пікірі – жария. Айғай-сүреңге ермей, түгелін таразылауға халықтың сауаты жетуі тиіс.
Интернет желісіндегі ғалымдардың пайымдарына сүйенсек, атомға сенімсіздік Чернобыль мен Фукусимадан соң белең алған. Әсіресе, посткеңестік елдерде. Чернобыль үрейі кеулеген. Сол себепті де, «Екінші Чернобыль болмай ма?» деген күдік қазір екі қазақтың бірінің көкейінде жатқаны да жасырын емес. Бұл турасында жоғарыда атадық. Қазір заман басқа. Бұдан алпыс жыл бұрынғы құралдар жетілдіріліп, өзгергені тағы анық.
Осы бір күдікті Халықаралық атом энергетикасы және өнеркәсіп ардагерлері одағы төрағасының орынбасары Игорь Куляшовтың «РБМК деп аталатын реактор бүгінде мүлдем пайдаланылмайтын түрі» деген пікірі сейілтуі тиіс. Оның айтуынша, қазір барлық жерде қауіпсіздік деңгейі жоғары, тиімділігі және заманауи технологиялық шешімдерімен ерекшеленетін 3+ буынды инновациялық реакторлар қолданылады екен.
«Қазір болашақта мұндай апаттар мүмкіндігін болдырмайтындай жағдай жасалған конструкциялар әзірленген. Егер су-сулы реакторларына қатысты айтатын болсақ, ол әлемдегі ең қауіпсіз санаттағы құрылғы. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, соңғы 5 жылда бізде қауіпсіздік тұрғысынан бірде-бір апатты оқиға тіркелген жоқ», – депті Игорь Куляшов республикалық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Демек, «шегірткеден қорқып, егін екпейтін» кептен, я көлеңкеден үркетін кезден кеткенбіз.
Уранның мол қоры Қазақстанға зор мүмкіндік береді
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ дерегінше, компания уран, сирек металдар, атом электр станцияларына арналған ядролық отын импорты мен экспорты бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық операторы. 2009 жылдан бері Қазақстан – табиғи уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Енді осы көшбасшы ел атом электр стансасына жүгінуге қатысты таңдау үстінде тұр. Ол таңдауды бұқара жасауы керек.
Тамыз айының соңында Астанада KazAtomExpo халықаралық көрмесі өткені мәлім. Сол көрмеде Қазақстанда атом электр стансасын салу үшін отандық жоғары технология жиналғандарға жария етілген.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ-ның хабарлауынша, 2021 жылы «Қазатомөнеркәсіп» және қытайлық China General Nuclear Power Corporation (CGNPC) компаниясы француздың Framatome компаниясының технологиясы бойынша жылу бөлетін құрамаларды фабрикациялау жобасын іске асырған. Жылу бөлетін құрамалар өндірісімен «Қазатомөнеркәсіптің» 100% еншілес ұйымы – «Үлбі металлургия зауыты» АҚ аумағында орналасқан «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС айналысады. Осылайша, Қазақстанда АЭС үшін дайын отынның отандық жоғары технологиялық өндірісі жұмыс істеп тұр.
«Қазақстанда ядролық технологиялар мен атом саласына арналған Kazatomexpo көрмесін өткізу еліміздің бұл саладағы әлемдік көшбасшылардың бірі ретіндегі мәртебесін тағы да көрсетті», – дейді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ Қоғаммен байланыс және БАҚ сауалдары бойынша департаменті.
KazAtomExpo халықаралық көрмесіне Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша әлеуетті шетелдік экспоненттер ретінде – «Қытай ұлттық ядролық корпорациясы» (CNNC), «Кореяның су ресурстары және ядролық энергетика корпорациясы» (KHNP), «Électricité de France» (EDF), сондай-ақ ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы қатысқанын атаған жөн. Бұл компаниялардың осы көрме арқылы өздерінің ядролық технологияларын, жетістіктерін, қазір атқарып жатқан жобалары мен жоспарларын таныстырғанынан жұртшылық хабардар. Яғни, өзге ел атом электр стансасын салуға қызығып та, құлшынып та отырған сыңайлы. Бұқараның алаңы да осында. Халық сапаға уайым кешеді.
Қазақстан шетелден энергия импорттап отыр
Қуат көзінен таршылық көрген Қазақстанның қазір сырт елден энергия тасымадайтынын жалпақ жұрт біле бермеуі мүмкін. Дәл қазіргі күні еліміз Ресейден өте үлкен көлемді қуат көзін импорттауда. Қуат көзіне тапшылық орманды елден энергия сұрауға еріксіз мәжбүрлейді.
«Қазақстан 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында көршілес елдерден 1,2 млрд киловатт-сағат электр энергиясын импорттауды жоспарлады. Алайда, тек Ресейден осы кезеңде жеткізілім көлемі шамамен 1,6 миллиард киловатт-сағатты құрады.
2024 жылғы қаңтар-маусымда ресейлік «Интер РАО» электр өндіруші компаниясы Қазақстанға шамамен 1,6 млрд киловатт-сағат электр энергиясын экспорттады. Осылайша, Қазақстан «Интер РАО» жеткізілімдерінің жалпы көлемінің 45,7% үлесін алып, Ресей электр энергиясының ірі импорттаушысы болды», – дейді Энергетика министрлігі. Министрлік елімізде 2022 жылдан бері электр энергиясының тапшылығы байқалғанын да атаған. Егер 2022 жылы электр энергиясын өндіру 112,8 млрд киловатт-сағатты, ал, тұтыну 112,9 млрд киловат-сағатты құраса, 2023 жылы тиісінше 112,8 млрд киловатт-сағат және 115 млрд киловатт-сағат болған.
Елдің сауда статистикасына сүйенсек, былтыр, яғни, 2023 жылы электр энергиясын импорттау Қазақстанда 5,3 есе өскен. Бұл ретте энергия Қырғызстан (13,5 млрд кВт/сағ) мен Ресейден (4,3 млрд кВт/сағ) импортталған. «Ведомости» басылымы ресейлік энергетиктердің Қазақстанға электр энергиясының экспортын одан әрі ұлғайтуға ниетті екенін хабарлады. Бұл оларға бұрын Еуропа елдеріне жеткізілген көлемді Қазақстанға бағыттауға мүмкіндік берген. Қазір еуропа елдерінің нарығы Ресей үшін жабық екені белгілі.
«Өткен жылы энергияны жеткізуде Қазақстанда рекордтық көрсеткіш болды. Ол – сағатына 4,7 млрд кВт-қа жетті. Мұндай жағдай ешқашан болған емес. Екінші жартыжылдықта негізгі өсім орын алды және біз коммерциялық келісімшарттар бойынша энергия бердік», – деді «Интер РАО» басқарма мүшесі Александра Панина.
Қазақстан, Моңғолия Ресей үшін негізгі нарықтар екенін де жасырмайды басылым. Басылымның хабарлауынша, бұл екі елде энергия тұтыну жыл санап өсіп келеді.Осыдан соң атом электр стансасы туралы ойланбау мүмкін бе?!
Бейбіт атом энергиясы
Әр нәрсенің жағымды-жағымсыз тұсы бары аян. Атомда да тап сондай. Атомның біз білетін ассоциациясы – тек жаппай қырып-жоятын ядролық қару. Біздің көргеніміз, білгеніміз – сол. Содан да, амал жоқ, әуел бетте ойымызға сол қару сап ете қалады. Ал, тілін тапса, бейбіт атомға айнала алады екен. Қуат беретін көз екен. Көз болғанда басқаларға қарағанда қалдықсыз, таза деседі мамандар.
Жалпы, әлемдегі қуат көзінің он пайызын осы атом беріп отырса керек. Бірақ, оның бәрінде күнде жарылыс боп, халық қынадай қырылып жатқан жоқ. Тәуір пайдаланып, тым жақсы тірлік кешіп жатса керек-ті. Оның үстіне өзге елден қуат сұрайтын тәуелділіктен құтқарады. Ел ішіндегі қуатқа тапшылықты жояды. Осы тұрғыдан келгенде кең ойлау қажет бұл істе.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»