Қарағандыда жасөспірімдер арасындағы жеңіл атлетикадан 61-ші республикалық турнир өз мәресіне жетті
Қарағандыда 2011-2012 жылы туған кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында жеңіл атлетикадан 61-ші республикалық турнир өз мәресіне жетті. Жарыс 28-29 қаңтар аралығында Қ.Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежінде өтті. Сайыста Жетісу, Абай, Ақтөбе, Ұлытау облыстарынан және Қарағандының аудан-қалаларынан келген 200-ден астам жасөспірім бақ сынады.

Спортшылар жеңіл атлетиканың кедергілермен жүгіру, биіктікке секіру, ұзындыққа секіру, ядро лақтыру секілді түрлерінен күш сынасты. Айта кетейік, биылғы турнирге қатысушылардың саны былтырғыға қарағанда әлдеқайда артқан. Солардың ішінде, 50 метрге жүгіру сайысына ең көп қатысушы тіркелген.
Жарысқа қатысушылардың бірі қарағандылық Жанайым Адамбекова биыл осы турнирге төртінші мәрте бақ сынап отырған көрінеді.
– Жарыстың бірінші күнінде 50 метр қашықтыққа жүгірдім. Сонымен қатар, ұзындыққа секіруден де күш сынадым. Осыдан төрт жыл бұрын турнирге алғаш рет қатысқанымда қобалжу болған. Биыл көп тәжірибе жинап, жүлде үшін күресуге келдім. Маған командаластарым, жаттықтырушым үлкен сенім артып отыр, – деді Жанайым Нұржанқызы.
Шәкірттері топ жарған Абай облысы балалар мен жасөспірімдердің жеңіл атлетика спорт мектебінің жаттықтырушысы Оралбек Айткенов:
– Абай облысы жаңа облыс болып құрылғалы бері бірінші мәрте облыс құрамасы болып турнирге қатысып отырмыз. Сайысқа тоғыз қыз бен үш ұл әкелдік. Балалар ұзындыққа секіру, кедергілермен жүгіру сайысында бақ сынады. Дебют болғандықтан, қорқыныш болды. Бірақ, спортшыларым сенімімді ақтады, – деді Оралбек Маратұлы.
Жарыс қорытындысы бойынша кіші жасөспірімдер арасында бірнеше спортшы өз шеберлігімен көзге түсті.
Ұлдар арасында 50 метрге жүгіруде семейлік Тимур Ануарбеков жеңімпаз атанса, 50 метрге кедергілермен жүгіру сайысында сәтбаевтық Александр Сушков топ жарды. 300 метр қашықтықта қарағандылық Павел Торгов бірінші орынды иеленсе, 600 метрде Арсений Свинтицкий (Қарағанды) жеңіске жетті. 1000 метрге жүгіруде алакөлдік Әмір Сағи, ал, 2000 метрде қарағандылық Әмір Қожахметов үздік нәтиже көрсетті.
Эстафеталық 4×200 метрлік аралас жарыста Қарағанды қаласының жеңіл атлетикадан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жеңімпаз атанды. Биіктікке секіруден Дмитрий Ярмолич (Сәтбаев), ұзындыққа секіруден Иван Афанасьев (Қарағанды), ядро лақтырудан Михаил Траховцов (Қарағанды) алтын жүлдеге қол жеткізді.
Қыздар арасында 50 метрге жүгіруде қарағандылық Кира Рудич жеңіске жетсе, 50 метрге кедергілермен жүгіруде теміртаулық Елизавета Овчинникова алдына жан салмады. 300 және 600 метр қашықтықтарда Дарья Сафина (Қарағанды) қарсыластарынан озық шықты. 1000 және 2000 метрге жүгіруде Элеонора Садыхова (Қарағанды) қос бірдей алтын жүлдені қанжығасына байлады.
Биіктікке секіруден Валерия Казанина (Қарағанды), ұзындыққа секіруден Елизавета Овчинникова, ал, ядро лақтырудан тағы да Валерия Казанина турнир жеңімпазы атанды.
Республикалық турнир еліміздің бес өңірінен мықты спортшыларды жинаған нағыз спорттық мерекеге айналды.
Қарағандыда өткен турнир жеңіл атлетиканың тек секундтар мен қашықтық үшін болатын тартыс қана емес, қозғалыстан туатын қуаныш, достық пен шынайы спорттық көңіл күй екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Дарина САМЕН,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті



