Жаңалықтар

Қатесіз жазып, дұрыс сөйлеп жүрміз бе?

Тілдің қарым-қатынас құралы ретінде қоғамда қызмет етуі, сондай-ақ, тілде ұлттық, мәдени ерекшеліктің көрініс табуы – қоғамның тілді қолдануының нәтижесі. Қазіргі сөйлеу тәжірибесінің ерекшелігі – ауызша сөйлеу саласының күрт дамып, кең қанат жаюында. Қоғам көп тыңдап, аз оқуға бейімделіп келеді. Алайда, телефон, радио, теледидар, видео, кино сияқты аудиовизуалды байланыс құралы жазбаша сөйлеу тілінің рөлін бәсеңдеткенімен, ақпараттық технологияның жаңа толқыны (әлеуметтік желі, телеграм-бот) жазба тілі қажеттілігін дәлелдеп, маңыздылығын арттыруда.

Әлеуметтік тіл білімі кез келген тілдің динамикадағы жай-күйін қарастырады десек, тілдің бүгінгі қалпын толығымен медиакеңістіктен көруге болады. Бұған дейін болмаған әлеуметтік желі, блог, жеке масс-медиа, т.б. секілді жаңа құбылыс пайда болды. Олардың негізгі тілі орыс немесе ағылшын тілдері десек, ал қазақ тілі осы кеңістікте сөздік қорын келсін-келмесін калька тәсілмен толтыруға тырысуда. Яғни, калька жолымен жасалған жаңа мағынадағы сөз қолданысы ұлттық таным, халықтық түсінікті жойып бара жатқаны жасырын емес.

Алайда, қазір кез келген ақпаратты ең бірінші орыс тілінде оқитынымыз рас. Ондағы ақпаратты қазақ тілінде беру үшін бірден аударма жасауға тырысамыз. Аударма жасауда кальканың тиімді жағы да бар. Бұл көбінесе аудармашының шеберлігіне байланысты. Мәселен, «ештен кеш жақсы», «көздің қарашығындай сақтау», «лай судан балық аулау», «түймедейді түйедей ету», т.б. сөз тіркесі – өте сәтті алынған калька аудармалар.

Десек те, қазіргі медиакеңістік пен ақпараттық технологияның дамуымен қатар, тілдер арасында байланыс нығайып, әсіресе орыс тілінен калька сөздер көптеп ене бастады. Бұл үдеріс әр тілдің өзіндік ерекшелігіне, ұлттық менталитетіне және тілдік табиғатына қайшы келмейтіндей етіп жүзеге асуы тиіс еді, бірақ көп жағдайда калькалаудың нәтижесінде тілдің құрылымы мен сапалық мазмұны бұрмалануда.

Калькалау сырттан келген жаңа тұжырым мен терминді өз тілінде қолдануға ұмтылу арқылы бір тілдің лексикалық қорын жаңартуға мүмкіндік береді. Алайда, мәселе – тек сөздердің өзгеруінде емес, олардың мәнмәтінде дұрыс қолданылуында. Қазақ тіліндегі калька сөздердің кейбірі ұлттық түсінік, дәстүр және мәдениетпен үйлеспей, оның орнына тілдің табиғатына жат қолданысты енгізуі мүмкін. Бұл тілдік бірліктердің мағынасын түсінудегі шатасуға әкелуі ықтимал.

Сондай-ақ кальканың қолданылуы қазақ тілінің грамматикалық құрылымына да әсер ете алады. Мысалы, орыс тілінен келген кейбір синтаксистік құрылым «хотите сказать» дегенді «айтқыңыз келеді» деп аудару – сөзбе-сөз аударма. Бұл стиль мен сөйлем құрылымына қатысты қателікке ұрындырады.

Тіл тазалығы – қашанда маңызды мәселе. Қазіргі кезде қазақтілді азаматтардың дені аудармаға негізделген жаттанды тіркестерді көп қолданып, сөздердің орын тәртібін сақтамайтын болып барады. Сөз қолданысында, әсіресе, орыс тілінің ықпалы өте күшті екенін төмендегі мысалдардан анық байқай аламыз.
«Автобусқа отыру», «автобустан шығу» деген тіркестерді де жиі естиміз. Дұрыс қолданылуы: автобусқа міну, автобустан түсу. Қазақ кез келген көлік түріне «міну» етістігін қолданады. Бұрын жиі атқа мінсек, қазір көлікке, яғни автобусқа, троллейбусқа, таксиге жиі мінеміз. Сонда отыру деген қайдан шықты? Ол – орыс тілінен сөзбе-сөз келген аударма (садиться в автобус – автобусқа отыру). Автобусқа міндік, демек, түсеміз. Кез келген сөзді дұрыс қолданған жөн. Автобустан шығу деген бір қарағанда қате емес секілді көрінер, бірақ, дұрысы – «түсу». Көліктің қай түрі болсын, оған «түсу» етістігін қолданған дұрыс.

«Қызық-қызықты». «Қызықты сериалдар үздік платформада», «Қазақтелекомның» TV + мобильді қосымшасы көш бастады». Онсыз да сындық мәнді білдіретін сөзге сын есім тудыратын жұрнақ жалғаудың қажеті жоқ. Жұрнақ сөзге жаңа мағына беру үшін жалғанады. Сондықтан, аз сөзбен көп ойды жеткізгіміз келсе, ықшамды, дұрыс сөйлеп үйренгеніміз абзал.

«Үлкен рақмет». Қазіргі кезде жиі қолданылып жүрген нұсқаның бірі. Рақметтің үлкен-кішісі болмайтыны белгілі. Бұл да – сөзбе-сөз аударылған калька. Дұрысы: Көп рақмет!

«Керек», «қажет», «тиіс» сөздерімен жасалған калька қолданысы өте көп. Мәселен, Ты должен идти – Сен бару керексің. Дұрысы – сен баруың керек. Қазақ тілінде тұйық етістікпен тіркескен модаль сөздер (керек, қажет) жіктелмейді, оның алдында тұрған етістікке (бару) қосымша жалғанады. Бұл – орыс тілінің тіркесім заңдылығын, қосымшаның ерекшелігін ескермеуден туындаған қате.

«Биылғы жыл», «былтырғы жыл», «бүгінгі күн». Қате жазылып, ағат айтылып жүрген тіркестер. Өйткені, «биыл» (бұл+жыл), «былтыр» (бір+жыл+дүр) және «бүгін» (бұл+күн) кіріккен сөздер саналады. Демек, біз «бұл күнгі күн», «бұл жылғы жыл» деп қолданып жүрміз. Сондықтан, олардың қасына «жыл», «күн» сөздерін тіркеп қолдану – зор қателік. Бұлар орыс тіліндегі «сегодняшний день», «этот год» деген тіркестерді тікелей аударудан пайда болған. Сондықтан, «ағымдағы жыл», «үстіміздегі жыл» деген тіркестерді қолданудан да аулақ болғанымыз дұрыс.

«Өкінішке орай», «өкінішке қарай». Бұл қыстырма сөздер жайлы да аз айтылып жүрген жоқ. «Өкінішке орай» деуге болмайды» деп қанша ескерту айтылғанымен, көп жазарманның осы қателіктен бас тартар түрі жоқ. Негізі, «орай» жақсы, жағымды мәні бар сөздерге жалғанып, айтылып-жазылуы тиіс. Дұрысы – «Өкінішке қарай, қазақ тілін жетік білмейді», немесе, «Қазақ тілін жетік білмегені өкінішті», – деп қолдану керек. Тіпті, болмаса, «бір өкініштісі» деген нұсқаны да пайдалансақ, жөн болады.

«Бөлісу». Осы бір қимыл есімі арқылы жасалатын тіркесті үлкен-кішінің бәрі сәтсіз қолданып жүр. «Пікірімен бөлісті», «тәжірибесімен бөлісті», «қуанышымен бөлісті» деген сөздерді күнде еститін, оқитын болдық. Негізінде, бұл тіркестер көмектес септік жалғауымен жасалмауы тиіс. Табыс септік жалғауы арқылы «пікірін бөлісті», «тәжірибесін бөлісті», «қуанышын бөлісті» делінуі қажет. Өйткені, бұл жерде адам «қуаныштың» өзін бөлісіп тұр. Егер «қуанышымен» тағы бір нәрсені бөліссе, онда әңгіме басқа. Қысқасы, дұрыс нұсқаға қайта оралуымыз керек.

Бектұрсын Қалиев,
академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу
университеті қазақ тіл білімі кафедрасының қауымдастырылған
профессоры, филология ғылымдарының кандидаты

Басқа материалдар

Back to top button