Қатерлі ісіктің қаупі сейіледі
Облыс орталығында онкологиялық ауруларды емдеу үшін заманауи жабдықталған екі бөлімше ашылды. Жаңа химиотерапия және радиациялық онкология орталықтары бұрынғы облыстық клиникалық балалар ауруханасының орнында. Былтыр босаған ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, заманауи медициналық құралдармен жабдықталған.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник және Қазақстандық онкология және радиология Ғылыми зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова жаңа нысандарды аралады.
Пациенттер үшін бір, екі және үш адамдық жайлы палаталар әзір. Медициналық қызметкерлерді шақыру үшін SOS түймесі бар. Мұнда пациенттер химиялық және сәулелік терапиядан кейін оңалтудан өтеді.
Күндізгі стационар күніне 60 адамды қабылдай алады. Егер бұрын пациенттер бір кабинетте сығылысып отыруға мәжбүр болса, қазір мың шаршы метрден астам орын бар.
– Біздің негізгі корпуста орын тапшы. Облыстық балалар клиникалық ауруханасы жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін босатылған нысан бізге пайдаланылуға берілді. Ол – ертеректе салынған ғимарат. Күрделі жөндеу жұмыстар былтырғы тамыз айынан басталған болатын. Бүгінде мұнда үш бөлім орналастырылған: химиотерапиялық, паллиативтік көмек және күндізгі стационар. Мұның бәрі пациенттерге сапалы медициналық көмек көрсету үшін қажет, – дейді №3 көпсалалы аурухананың директоры Гамаль Тоқсамбаев.
Гамаль Сайлауұлының айтуынша, барлығы заманауи стандарттар бойынша ұйымдастырылған.
– Радиациялық онкология орталығы әртүрлі ісіктерді емдеу үшін заманауи технологияларды қолданады. Жеке инвестициялар есебінен томотерапия аппараты орнатылды. Бұған дейін мұндай аппарат тек Астана мен Алматыда ғана болған. Енді процедура осында да тегін жасалады. Қызметкерлер оқудан өткен, – деді ол.
Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен жатыр мойны, простата және терінің онкологиялық ауруларын емдеуге арналған брахитерапиялық аппарат орнатылды.
Вице-министр Қарағанды облысының бастамаларын атап өтті.
– Жаңа орталықтағы томотерапия аппараты Қазақстан бойынша үшінші. Оның ашылуына 3 млрд. теңгеге инвестиция жасалды. Сонымен бірге, жергілікті әкімдіктің қолдауымен 570 млн. теңгеге брахитерапия аппараты сатып алынды. Бұл аппаратта бірқатар онкологиялық ауруларды емдеуге болады. Жергілікті билік онкологиялық қызметті жаңғыртуға қаражат бөле отырып, дұрыс саясат жүргізуде. Бұл өмір сүру ұзақтығына тікелей әсер етеді. Бұл басқа аймақтар үшін өте жақсы үлгі, – деді Вячеслав Дудник.
Қымбат томотерапия аппаратымен жабдықталған жаңа радиациялық бөлімшенің ашылуы кез келген локализациядағы ісіктерді тиімді рентгенологиялық емдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Заманауи құрылғылар сәулеленудің сау тіндер мен ағзаларға әсер ету қаупін барынша азайтады.
Аурухананың басқа бөлімшесінде тәулік бойы жұмыс істейтін 90 химиотерапия төсегі және 16 паллиативтік көмек орыны бар. Орталықтың толық жұмыс істеуі үшін дәріхана, зертхана, УДЗ, ЭКГ және рентген кабинеттері жұмыс істеп тұр. Химиотерапиялық орталықтың ашылуы емделуге мұқтаж пациенттерді ауруханаға жатқызу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Тек химиотерапия бөлімінде ай сайын 500-ге дейін адам емделе алады.
Вице-министр сонымен қатар Х.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада болды. Мұнда облыстық бюджет есебінен сатып алынған жаңа компьютерлік томограф пен ангиограф көрсетілді.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz