Медицина

Қатерлі ісіктен хабардар болыңыз

Өткен апта да ел аумағында бас жəне мойын ісіктері туралы хабардар болу апталығы өтті. Қаладағы №3 көпсалалы ауруханада апталыққа орай баспасөз мəслихаты ұйымдастырылып, ашық есік күндері де болды.

 

Бас жəне мойын ісіктеріне ауыз, жұтқыншақ, көмей ісіктері, сондай-ақ сирек кездесетін мұрын, синус, сілекей бездері жəне ортаңғы құлақ ісіктері жатады. Бас жəне мойын қатерлі ісігі деп аталғанымен, ісік пайда болуы мүмкін деген 30-дан астам орын бар.

Мамандардың айтуынша, бас жəне мойын қатерлі ісіктерінің көпшілігі визуалды локализация, яғни көзбен көруге болатын ісіктер түріне жатса да, пациенттердің жартысына жуығы аурудың асқынған уақытында дəрігерге қаралады екен.

– Бұл бір күн ішінде пайда болатын дерт емес. Ол – созылмалы ауру. Дер кезінде мəн бермесе, қатерлі ісікке айналады. Оны емдеу қиындау бірақ, мүмкін. Негізінде бұл өзгерістерді науқастар өздері қарап, байқай алады. Алайда, бізге кеш келеді, – дейді PhD доктор Бекжан Оразбаев.

Оның айтуынша, бас жəне мойын қатерлі ісігі бір айдан бірнеше айда дамиды.

– Əдетте дені сау адамдарда жарақат бір аптада жазылып кетуі керек. Бір-екі ай бойы жазылмаса, дəрігерге барған жөн. Биопсия аламыз, зерттейміз. Ісік қатерлі болса, консилиум жасалып, емдеу жолы таңдалады. Аурудың бірінші сатысында сəулелік терапия, операция жасалады. Бұл кезеңде қатерлі ісіктің қай түрі болмасын емделеді, – дейді Бекжан Əліпбайұлы.

Дəрігер профилактика үшін зиянды заттардан бас тарту керек екенін де айтты.

– Темекі тарту, насыбай атуға болмайды. Гигиена сақтау керек. Бас жəне мойын қатерлі ісігі бойынша мыңға жуық адам тіркеуде. Былтыр 80 науқас жаңадан анықталды. Төрт адам қайтыс болды, – дейді дəрігер.

Аурудың салдары ісіктің орналасуына байланысты. Мəселен, тілдің қатерлі ісігі болса, ауырсыну, қан кету, тілдің жансыздануы мүмкін. Яғни, адам сөйлеу, шайнау, жұту қабілетінен айырылып қалады. Бір айта кетерлігі, бұл дерт сирек кездесетінін білген жөн.

Бас жəне мойын ісіктерін диагностикалау жəне емдеу мамандандырылған клиникада бірнеше бағыттағы дəрігерлердің қатысуымен жүргізілуі керек. Онколог, оториноларинголог, хирург, қажет болса, офтальмологтар, жақ-бет хирургтары, нейрохирургтар тартылады.

Онкология жəне сəулелік диагностика кафедрасының профессоры Валентина Сиротаның айтуынша, кафедрада стоматолог, лор, эндокринолог дəрігерлерді оқыту қолға алынған.

– Стоматологтар мен лор дəрігерлерді оқыта бастадық. Бұл онко қауіпті ескеру үшін жасалуда. Көбінесе ісік сілекейлі шырышты қабатта, тілде кездеседі. Мəселен, тілдегі ісік дұрыс жасалмаған протез, коронкадан пайда болатын жарақаттардан да туындауы мүмкін. Сондықтан, аталған мамандарды оқыту маңызды, – дейді Валентина Сирота.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button