Бас тақырып

Қатерлі ісікпен күрес нәтижелі ме?

Денсаулық сақтау министрлігінің былтырғы жылғы ресми статистикасына сүйенсек, елде онкология диагнозымен 218 мыңнан астам адам есепте тұр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 6%-ға артық. Жыл сайын 40 мыңға жуық адамнан қатерлі ісік анықталса, 12 мың адам осы дерттен көз жұмады. Қатерлі дерт өлім-жітім себебі жағынан жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында екен. Сондықтан, онкологиялық аурулардың алдын алу, емдеу және емнен кейін науқастардың өмірін ұзарту, жалпы, онкологиялық қызметті жетілдіру ісіне кейінгі жылдары аса мән беріле бастады.

Коллаж Ш.Адамбекова

Аймақ онкологиясының ахуалы

Аймақтың да онкологиялық қыз­меті жылды жағымды жаңалықтармен бастады. Ақпанның басында Қарағандыда заманауи томотерапия аппаратының алын­ғанын, екі бөлімшенің ашылғанын барлық БАҚ жарыса жазды. Расымен де, жаңа ғимарат науқасқа да, дәрігер үшін де ыңғайлы болғаны анық. Себебі, №3 көпсалалы ауруханада болғандар кабинеттерді айтпай-ақ қойғанда дәліздердің айналып жүруге кел­мейтінін бәрі біледі. Ауруха­на жанынан салына бастаған опе­рациялық-реанимациялық блок­тың құрылысы қаржыландыруға «тіреліп», тоқтап тұр. Орын тапшылығы өңір онкологиялық қызметінің өзекті мәселесіне айналғалы біраз болған. Сондықтан, 45-орамдағы бұрынғы балалар ауруханасы Оңтүстік-Шығысқа көшкен бетте оның емханасы жөнделіп, онкологиялық науқастардың игілігіне беру шешілген еді. Ол жерге енді химиотерапия орталық орналасты. Бұл дерттен қажыған науқастардың жанына кішкене болса да жайлылық, жылулық пен сенімділік сыйлары сөзсіз. Себебі, күрделі жөндеуден өткен орталық жаңа құралдармен жабдықталған. Мұнда 100-ден астам адам оңалтудан өтсе, 16 орын паллиативті көмекке арналған орын бар. Орталықта химиотерапия, оңалту, күндізгі стационар және паллиативті көмек алу мүмкіндігі қарас­тырылған. Ашылу сәтінде аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев, Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник пен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова болып, жоғары бағалады.

Бірінші қабаттағы күндізгі стационарда бір мезетте 15 адам ем алады. Тәулігіне 60 адамға дейін қабылдайды. Бір, екі және үш адамдық палаталар, толық жабдықталған интенсивті терапия палаталары бар. Кәсіби және дер кезіндегі медициналық көмек пен күтім қашанда қолжетімді.

Республикада – үшінші

Медициналық көмекке деген қолжетімділік кәсіби маман мен заманауи аппараттармен өлшенеді. Онкологиялық диспансерде маманға тапшылық сезілмесе де, құрал-жабдықты жаңалау қажеттілігі бар. Бұл бағытта да жұмыс­тар қолға алынды.

Радиациялық онкология орталығына томотерапия аппараты қойылды. Құны 3 млрд. теңге тұратын аппарат инвестиция тар­ту арқылы сатып алынды. Бұл – ел­дегі осындай құралдың үшіншісі. Бұған дейін науқастар Астана, не Алматыға барып емделуге мәж­бүр болатын. Енді бұл өңірде де мүмкін.

Томотерапияның артықшылығы мамандардың айтуынша, сәулелендіру қатерлі ісікке тікелей әсер етіп, сау тіндерді барынша айналып өтеді. Инно­ва­­циялық технологиялардың кө­ме­гімен кез келген көлемдегі, кез келген пішіндегі, тіпті ең күрделі деген жерде орналасқан ісікті сәулемен емдеуге болады.

– 360 градусқа айналатын сәулелендіру қатерлі ісікке әсер етуде науқастың тыныс алуына дейін бейімделе алады. Берілетін доза әсері сау клеткаларға барынша төмен.

Біздің мамандар осы аппаратта жұмыс істей алуы үшін арнайы оқудан өтті, – дейді №3 көпсалалы аурухана директоры Гамаль Тоқсамбаев.

Оның айтуынша, онкология­лық науқастың толығымен жазылып шығуы үшін хирургия, химиотерапия және сәулелік терапия әдістері қолданылады.

– Хирургиялық құралдар бізде жеткілікті, ол жағынан мәселе жоқ. Химиотерапия кезінде ұсынылатын препараттар да бар. Жаңа орталық көрсетілетін көмек сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сәулелік терапияның да мүмкіндіктері артады деп ойлаймын, – дейді ол.

Онкологиялық науқастарға арналған радиологиялық емнің алтын стандарты қазіргі уақытта – осы. Заманауи аппараттың арқасында аймақтағы онкологиялық науқастардың қатерлі ісіктен айығу мүмкіндігі еселене түспек.

Сурет: sputnik.kz сайтынан

Обыр адам таңдамайды

Жылына облыста 4 мыңға жуық адамнан жаман ауру анықталады екен. Бүгінгі күні 27 мыңнан астам адам диспансерлік есепте тұр.

– Халықтың қатерлі ісік туралы хабарсыз болуы диагнозды анықтауда маңызды рөл атқарады. Жағдайдың ауырлығын түсінбей, уақыт өткізіп алады. Аурудың соңғы сатысында келетіндер әлі де бар, – дейді аталған аурухананың амбулаториялық-емханалық қызмет басшысы Анатолий Красножен.

Оның айтуынша, Қарағанды облысында сүт безінің, өкпенің, терінің, асқазанның қатерлі ісік түрлері, колоректальды қатерлі ісік жетекші орында.

– 2008 жылдан бастап, сүт безінің қатерлі ісігін, жатыр мойнының қатерлі ісігі мен колоректальды қатерлі ісікті анықтау үшін скринингтер жүргізіледі. 2014-2017 жылдары қуық асты безінің, өңеш және асқазан қатерлі ісік түрлеріне скринингтер қосылды.

Жатыр мойнының қатерлі ісігі скринингі төрт жылда бір рет 30 жастан 70 жас аралығында, сүт безінің қатерлі ісігіне екі жылда бір рет 40 жастан 70 жасқа дейін және колоректальды қатерлі ісік 50 жастан 70 жасқа дейін, екі жылда бір рет жүргізілді. Тұрғындар скринингтен өтуге де құлықсыз, – дейді дәрігер.

Статистика бойынша, былтыр облыс­та сүт бездерінің қатерлі ісігімен 459 адам тіркелсе, биылғы қаңтарда ғана 86 адамнан анықталып отыр. Асқазанның қатерлі ісігі диагнозы 263 адамға қойылса, биыл тағы 28 адамға қойылды. Биыл жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдыққан 18 науқас анықталды. Былтыр 140 болса, қазіргі дерекке сәйкес – 158 адам.

– Сүт безінің қатерлі ісігі – әлемдегі әйелдер арасында ең көп таралған дерт, – дейді Қарағанды медицина университетінің онкология және сәулелік диагностика кафедрасының меңгерушісі Найля Қабылдина. – Елдегі онкопатологиялар арасында бірінші, өлім-жітім бойынша үшінші орында. Сүт безі қатерлі ісігі ерте сатысында ешқандай белгілер көрсетпеуі мүмкін. Әдетте, ол ісіктің жедел белгілері пайда болғанда анықталады. Кейде түйін пайда болғаны сезілсе, дәрігерге қаралу керек.

Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі келтірген дерек бойынша бірінші орында сүт безі қатерлі ісігі, колоректальды қатерлі ісік – екінші, өкпе қатерлі ісігі – үшінші орында. Одан кейін асқазан және жатыр мойны қатерлі ісіктері.

Жалпы, мамандардың айтуынша, кез келген қатерлі ісіктің алғашқы уақытта қандай да бір белгілері білінбейді. Ауырсыну пайда болса, аурудың алғашқы сатылардан өтіп кеткені. Сондықтан, дәрігерлер тұрғындарға денсаулығын ештеңе мазаламаса да жылына бір-екі рет тексерістен өтуге кеңес береді. Себебі, ерте анықталса, аты жаман аурудан құлан-таза айығуға болады.

Бүгінде аймақта онкологиялық диагноз қойылған науқастардың 60%-ы 5 жылдан артық өмір сүреді. Одан да артық, 10, 20 жыл өмір сүретіндері де бар. Есептегі онкологиялық науқастар араға белгілі бір уақыт салып тексеріліп отырулары шарт.

Онкологиялық жасушалар кез келген адамда бар екенін айтады бүгінгі күнгі ғылым. Сонымен қатар, оған қарсы иммунитет те адам ағзасында қалыптасқан. Денсаулығын күту, салауатты өмір салтын ұстану арқылы сол иммунитетті нығайтуға болады. Бұл – әр адамның жауапкершілігіндегі іс.

Онкологиялық қызметті жандандыру әлі де жалғасын табады. Олай дейтініміз, былтыр күзде ел Үкіметі 2023-2027 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарын бекітті. Оған сәйкес, әр өңірде соңғы үлгідегі қондырғыларды орнату, сонымен қатар, қажетті дәрі-дәрмектерге қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін жылжымалы медициналық кешендерді пайдалану жоспарланып отыр, бұл қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтады. Бұдан басқа, онкологиялық ауруларды емдеу шеңберінде телемедицина және жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді пайдалану көзделеді. Жалпы, онкологиялық көмек көрсету еліміздің барлық өңірлерінде бірыңғай стандартқа ие болады.

Жоспарды іске асыру нәтижесінде қатерлі ісіктің асқынып кеткен жағдайларының үлесі (III-IV сатысы) 10%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Пациенттерді сәулелік емдеумен қамтуды 53%-ға жеткізу, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді 100 мың тұрғынға шаққанда 64,5-ке дейін төмендету көзделіп отыр.
Қарағандылық дәрігерлер жылына 6 мыңнан астам онкологиялық науқасқа операция жасайды екен. Жаңа технологиялар алдағы уақытта бұдан көп адамның өмірін аман алып қалуға септігін тигізер деген үміт бар.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button