Жаңалықтар

«Атеистік диктат» халықтың 90 пайызын діннен аластатты

Кеңес өкіметі кезінде ислам дінімен күресу маңызды саяси міндеттердің бірі саналды. Атеизмге баулудың әдіс-тәсілдері анықталып, бекітілді. Ол әр жанұядан, балабақшалар және мектептерден басталды.

Әрбір дінге сенушімен жеке-жеке жұмыс істеу коммунистпін, атеистпін дейтін адамның борышына айналды. Дінге сенетін жастармен жұмыс істеу міндеті ерекше күн тәртібінде тұрды.

1924 жылы барлық мешіттер мен медреселер жабылды. Сау қалған мешіттер атқора мен қамба, қоймаларға айналдырылды. Бірақ бертін келе олардың аман қалған аз бөлігін тарихи жәдігерлік ретінде мемлекет қарауына алып, сақтап қалудың сәті түсті.

Қолдан ұйымдастырылған жалған жаламен ислам қайраткерлері, дін ғұламалары абақтыларға қамалды, жер аударылды. Жан сауғалаған кейбіреулер шетелге кетуге мәжбүр болды. Жүздеген жылдар бойы жиналған қолжазбалар мен діни кітаптар өртелді, суға тасталды, жерге көмілді.

Құранды оқу ғана емес, оны үйде сақтаудың өзі де қылмысқа баланды. Отыз жылға созылған сталиндік жеке басқа табыну, мұсылмандар үшін нағыз қасірет болды. Атеистік насихат өзге де мұсылмандар сияқты, біздің халықты да тек экономикалық қана емес, сондай-ақ, рухани да күйзеліске ұшыратты. Халықтың рухы тапталды. Елді осындай рухани қысым жайлаған кезде екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Кеңес өкіметі амалсыз өзге де діндерге секілді, мұсылмандарға да аз да болса діни бостандық беруге мәжбүр болды.

Құдайсыз жүйе жымысқы да зымиян тәсілдермен ғибадат және діни оқу орындары ғимараттарын жоюға белсене кіріскендерімен, ескі қорым, мазараттар маңындағы кесенелерді бұзуға халықтан қаймықты. Сол себепті, біздің кезімізге мешіт, медреселерге қарағанда белгілі тарихи адамдар, әулиелер мен абыздар, ишандар мен дін ғұламалары басына қойылған күмбезді кесенелер көбірек жетті.

Кеңес өкіметі уақытында, сөйтіп, Қазақстанда 25-ақ мешіт болды. Әйтсе де дағдарысқа ұшырап, көбісі бірте-бірте сөгіле бастаған кеңестік жүйе 1970 жылдардан бастап халықтың ата дініне деген ынта-ықыласына тосқауыл бола алмады. 1979-1990 жылдары елімізде 38 мешіт бой көтерді. Тәуелсіздік қарсаңында сөйтіп республикамызда 68 мешіт жұмыс істеді.

1918 ж. 23 қаңтардағы «Шіркеуді мемлекеттен бөлу туралы» декрет іс жүзінде ождан бостандығын қамтамасыз етпеді, керісінше, мемлекеттік атеизмге жол ашып берді. Қазан төңкерісі қоғамға, саяси құрылысқа ғана емес, сонымен бірге, халықтың рухани санасына түпкілікті төңкеріс жасады десек те болады. Осы кезден бастап идеологияландырылған атеизм, халық санасына күштеп және үгіт-насихаттық тәсілдермен сіңіріле бастады. Қоғамды діннен азат ету, адам санасындағы діни сенімді жою, яғни, секуляризациялау Кеңес өкіметінің басты идеологиялық бағыт-бағдарына айналды.

Дінге қарсы атеистік саясаттың іске асырылу барысы былайша сипат алғанын айқындай түсеміз. Қазан төңкерісінен кейінгі онжылдықта, Ұлы Отан соғысына дейінгі аралықта дінге ымырасыз ашық күрес түрінде өрбісе, 1950-1960 жылдары «жақсару», яғни коммунистік басшылықтың дінге қатысты өзге саясаты көрінді. Алайда, кеңес өкіметінің дінге қатысты саясаты «атеистік диктат» сипатынан арылмады. Сөйтіп, 1970 жылдары социалистік құрылыстың алғышарты – мемлекеттік атеизм толық жеңіске жетіп, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы әлемдегі бірден-бір атеистік ел ретінде танылды. Қазан төңкерісіне дейін халықтың 99%-ы дінге сенген болса, 1950-1960 жылдары атеистік саясат нәтижесінде халықтың 90%-нан астамы діннен аластатылды. Атеистік саясат алғашқыда репрессиялық түрде жүргізіліп отырса, кейін идеологиялық-насихаттық, ғылыми-материалистік сипатқа ауысты.

Жинақтай айтсақ, XX ғасыр басында социализмді халыққа күштеп таңған большевиктер, шынында, жұртты ғасырлық дәстүрінен, руханияты мен дінінен ажыратты. Діни сенімді коммунистік идеологиямен алмастыруға тырысты. Дінді қудалау саясатының зардабы зор болды. Соған қарамастан, қазақ халқы рухани құндылықтарын, төлтума мәдениеті мен дінін, ділін берік сақтап қалды. Дініне берік, тарихымен қуатты халықтың іргесі кең, тұғыры биік болмақ.

Нұрлыбек УТЕБАЕВ,

«Теміртау қаласының конфессияаралық қатынастар мәселелерін зерттеу және талдау орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы.

Басқа материалдар

Back to top button