Атаулар мәні: Абай даңғылы жоқ Қарағанды
Қарағандыда идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атауларын өзгерту көзделіп отыр. Осыған байланысты, 13 қаңтарда сағат 17:00-де «Достық» үйінде қоғамдық тыңдау өтпек.
Аталмыш жиынның маңызы мен салмағы қандай болмақ? Кеншілер шаһарында Зональная, Ленин, Волочаевская, Кривогуз, Защитная, Кувская, Олимпийская, Приканальная, Черкасская секілді атауы ескірген көшелер бар. Лениннің кім екені баршамызға мәлім. Жұрт арасынан «Ол біздің тарихымыз ғой» деп айтатындар да шығар? Бірақ, уақыт өз орнында тұрмайды. Ұлт – тірі ағза. Жыл сайын жаңарулар қолға алынбаса қоғам бола ма? Не десек те қоғам қозғалыссыз қалмайды. Кері кетпес үшін Лениннен басқа есімі ескерілуі тиіс тұлғалар жетерлік екенін ұғыну керек. Тарих алаңы күнтізбенің парақтары жыртылған сайын жаңа қаһармандармен толыға береді. Ұлтымыздың ұлт болып сақталуына, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлеріміз, батырларымыз, ақын, жазушыларымыз қаншама. Мысалы, біз тоқталған Ленин көшесін халқымыздың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының атына бермек екен. Бүгінгі таңда Қазақстандағы Абай Құнанбайұлы атындағы көшесі жоқ жалғыз қала – Қарағанды.
Ал, тізімде көрсетілген басқа көшелердің мағынасына кім мән берді? Мағынасыз, ескірген көше атауларын өзгертудегі мақсат – сол Алаштың ұлы перзенттерінің есімін ұлықтау. Олардың даңқты есімі «елім» дейтін, оған қызмет ететін ұрпақты тәрбиелеу үшін керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының да әуелден көздегені – өзінің өткен тарихын, түп-тамырын білетін жаңа, қуатты, білімді буын қалыптастыру емес пе?!
Жоғарыда келтірілген тізімде Қасым Аманжолов және Қазыбек Нұржанов атындағы көшелер де бар. Қасым Аманжолов көшесі қала халқы Қазыбек би ауданының Михайловка деп атап кеткен бөлігінің шетінде орналасқан. Нұржанов көшесінің де орналасқан жері оңып тұрған жоқ, сол маңай. Дауылпаз ақынның есімін Кривогуз көшесіне беріп, қалалық саябаққа таяу қоймақ. Ақынның ескерткіші сол көшеде тұрғанын естеріңізге сала кетейік.
«Көше атауларының өзгеруі – біздің тұрмысымызды жақсартпайды. Ол атаулар кімге кедергі жасауда» деп әлеуметтік желіде өз наразылықтарын білдірушілер де табылып жатыр. Заңды құбылыс. Кез келген дауда, шешілуі тиіс мәселеде белгілі бір топ екіге жарылатыны, екі арада пікірталас болатыны анық. Себебі, әркімнің өз пікірі бар. Ескеру керек: көше атауларын өзгерту туралы сөзді Қарағанды қаласының тұрғындарының өздері қозғап отыр. Демек, халықтың қалауы солай.
Атаулар ауысқан жағдайда тұрғындарға мекен-жай анықтамасын өзгерту үшін сабылудың қажеті жоқ екен. Барлық жүйе электронды болғандықтан, мекен-жай туралы ақпарат автоматты түрде ауыспақ. Ол ешқандай да қаржылық шығынды керек етпейді. Үй немесе пәтер, жер телімдерін сату және сатып алу кезінде оларды рәсімдеуге керекті құжаттар жаңа актімен толтырылмақ. Ал көше атаулары жазылатын тақтайшаларды ауыстыру үшін 3-4 миллион теңге көлемінде ғана қаражат кетеді дейді билік өкілдері. Аталған қаржы көлемі үлкен шығынға жатпайды.
2019 жылдың 31 қазанында Теміртау қаласында да жергілікті әкімдіктің өкілдері мен тұрғындар жиын құрып, біршама көше атауларын өзгертуге шешім қабылдаған еді. Шахардың мәдениет сарайында өткен жиынға 749 тұрғын қатысып, 35-сі сөз сөйлеген екен. Ал оның 28-і жаңа атауларды қолдайтынын айтқан. Әкімдіктегілердің айтуынша, атауларды өзгерту үшін Республикалық ономастикалық комиссия өз рұқсатын беріпті. Енді олар Қарағанды облыстық маслихатының бекітуін күтіп отыр. Мәселен Теміртауда Комсомол даңғылы – Бауыржан Момышұлы;
Димитров көшесі – Абай көшесі;
Калинин көшесі – Сәкен Сейфуллин көшесі;
Герцен көшесі – Ахмет Байтұрсынов көшесі:
Коммунаров көшесі – Олег Тищенко көшесіне;
Толятти көшесі – Байғазиев көшесі болып өзгертіліпті.
Іргесіндегі Теміртаудан бастау алған осы бір игі іс Қарағандыда өз жалғасын табарына да сенім зор.
Ерік НАРЫН.
Қарағанды қаласы.