Аталар жолын жалғаған
Бұқар жырау ауданының Доскей ауылындағы Мәдениет үйінде еңбек ардагері, ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Аманжол Қуанбайдың «Сарыарқа саңлақтары» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Тағылымды іс-шараға Доскей ауылының тұрғындары, автордың жерлестері, ағайын-туыстары, басқа да құрметті меймандар қатысты.
Рәсімнің алдында Мәдениет үйі фойесінде автордың өмірі мен шығармашылығына арналған «Арман әрім, аңсар нәрім биікте…» атты тақырыптық көрмесі өтті. Жиналған қауымды көрмемен кітапханашылар таныстырды.
Жиынды «Мирас» өнер мектебінің «Балдәурен» бишілер тобы халық биі «Қаражорғаның» толқынымен ашып берді. Жинақтың авторы Аманжол Сабыржанұлы құрметпен сахна төріне шақырылып, көпшілік назарына қадірлі азаматтың өмір жолы туралы түсірілген бейнефильм ұсынылды.
Аманжол Қуанбайдың ұшқыр қаламынан туған еңбектері облыстық «Орталық Қазақстан», «Арқа ақшамы», «Қарқаралы», «Бұқар жырау жаршысы» мерзімдік басылымдарында шығып тұрса, біраз шығармалары «Қарқаралы», «Азия транзит» журналдарына жарияланған еді. Автордың туған өңірінің абыз тұлғалары, елдің ардақтылары туралы деректі туындылары 2013 жылы «Аманат» деген атаумен баспадан шықты. Әр жылдары жазылған өлеңдері 2022 жылы «Қарқаралы қазылық» атпен оқырман қолына тиді.
Аманжол Сабыржанұлының өткен жылдың соңында баспадан шыққан «Сарыарқа саңлақтары» кітабында «Ұрпағы баба даңқын ұлықтаңдар…» деген мақаласы ұлт тарихының үш алыбы Төле, Әйтеке, Қаздауысты Қазыбек билердің ұрпаққа қалдырған аманатына адал болуға шақырады.
Осы еңбектегі «Тәттімбет баба тағылымы», «Арқаның алдаспаны Алшынбай би» деректі әңгімелері атауы айтып тұрғандай, белгілі тұлғалар жайлы сыр шертеді. Есімдері ел аузында сақталған Демікпе, Оңғарбай, Мауқай, белгілі журналист, аудармашы Қайыркен Сағындықов, контр-адмирал Кенжеберген Әбікеев, т.б. кейіпкерлері жинақтың құндылығын арттыра түседі.
– Тарихшы ғалым, өлкетанушы ардақты азамат Темірғали Аршабеков бұл кітап туралы: «Самалды Сарыарқа жерінде әрқилы заманда өз ортасында танымал болған саңлақтар аз емес. Осы шығарма авторы қарымды журналист, өлкетанушы ағамыздың қаламынан тұрлаулы тұлғалар тағылымы үнемі әр жылдарда жазылып келеді, сондықтан, бұл мән-мағынасы елеулі еңбек дер едім», – деген болатын. Бұған біздің де қосып-аларымыз жоқ, – дейді жинақтың тұсаукесерін ұйымдастырған және іс-шараны жүргізген Доскей ауылдық кітапханасының кітапханашысы Дариға Біләлова.
Жаңа кітаптың таныстырылымын Медет Қайырбекұлы, Ақерке Балкенқызы, Иманжүсіп Медетұлы, Марат Ерден сияқты өнерпаздар ән-күйлерімен өрнектеді.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
СУРЕТТЕ: кітаптың тұсаукесер рәсімінен көрініс