Аталар институты – тағылым мәйегі
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының жылдық жоспарына сай Қарағанды облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Аталар мектебі – тәрбие негізі» атты ақсақалдар семинары өтті.
«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында өткен семинарға Қарағанды облысының ақсақалдар алқасының мүшелері қатысты.
Семинарда арнайы алғы сөз алған Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы ақсақалдардың қоғамдағы мәртебесі жөнінде сөз қозғап, аталар институтының орны айрықша екендігін тілге тиек етті.
– Шараның негізгі мақсаты – бұқараға және жастарға ақыл-кеңес айтатын «Аталар мектебін» құру, – дейді «Ізгі қоғам» бағытының облыс бойынша жауапты меңгерушісі Аманкелді Дәулеткелдіұлы.
– Өнегелі ұрпақ тәрбиесі мен қоғам жастарына насихат айтып, қазыналы қария сөзімен елді ауызбіршілік пен тұтастыққа тәрбиелейтін аталар мектебі ізгі қоғамның игі бастамасы болары сөзсіз, – деп, бір ауыздан қолдау танытты қарағандылық ақсақалдар алқасы.
Еске салып өтелік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне бағдарлық баяндамасын жолдап, 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялады. Басты міндет – қоғамды жақсылыққа үндеп, жамандықтан тосу, ізгі қоғам құруға қадам жасау. Қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайту.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz