Ата заң жобасының артықшылықтары
Бүгінде қоғамда Конституциялық реформа жан-жақты талқыланып, сараптамалық тұрғыдан зерделеніп жатыр. Бұл – заңды құбылыс. Себебі Конституция – жай ғана құқықтық акт емес, ол мемлекет дамуының идеологиялық және институционалдық тұғырнамасы. Сондықтан, жаңа Конституцияны қабылдау – еліміздің мемлекеттілігін нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам болмақ.

Конституция жобасын әзірлеу жұмысы жалпақжұртшылықтың қатысуымен, ашық жария пікірталас жағдайында жүргізілді. Үш жарым ай ішінде жұмыс тобы тарапынан ауқымды еңбек атқарылып, партиялар мен қоғамдық ұйымдардан келіп түскен бір жарым мыңнан астам өтініш жинақталып, сараланды. Жалпы алғанда төрт мыңнан астам ұсыныс қаралып, мемлекеттік жүйенің барлық негізгі бағыттарын қамтитын кешенді өзгерістер пакеті дайындалды. Бұл үдеріске өңірлердің өкілдері – облыстық мәслихат төрағалары, қоғамдық кеңес мүшелері, сарапшылар тартылды. Комиссия құрамында ғалымдар, басқарушылар, кәсіпкерлер сынды кәсіби мамандармен қатар, әйелдердің де белсенді қатысуы гендерлік теңгерімнің сақталғанын көрсетті. Яғни, бұл құжат тар шеңберде емес, қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтары мен кәсіби қауымдастықтарының қатысуымен әзірленді.
Жаңа жобада білім, ғылым және инновациялар мемлекет қызметінің стратегиялық басым бағыты ретінде айқын бекітілуі – уақыт талабынан туындаған шешім. Ғылыми, техникалық және көркемөнер шығармашылығының еркіндігіне кепілдік берілуі, зияткерлік меншіктің заңмен қорғалуы – адами капиталды дамытуға берік құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл – мемлекет ендігі жерде адам әлеуетін ашуды басты басымдықтардың бірі ретінде қарастыратынын білдіреді. Әсіресе, білім беру мен ғылымның сапасы әлеуметтік саясаттың тиімділігіне тікелей әсер ететінін ескерсек, бұл нормалардың маңызы ерекше.
Сонымен қатар, Конституция жобасында цифрлық дәуірдің талаптары ескерілген. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық, қаржылық деректердің қорғалуы секілді мәселелердің Негізгі заң деңгейінде бекітілуі –азаматтардың құқықтық қауіпсіздігін жаңа жағдайда қамтамасыз етудің нақты кепілі. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында мұндай нормалардың болуы мемлекеттің заманауи сын-қатерлерге жауап бере алатынын көрсетеді.
Институционалдық жаңғырту да жобаның маңызды құрамдас бөлігі. Заң шығару бастамасы құқығына ие жоғары консультативтік орган ретінде Қазақстанның Халық кеңесін құру бастамасы халықтық өкілдік қағидатын нығайтып, мемлекеттік басқару ісіне қоғамның қатысу арналарын кеңейтеді. Бұл мемлекет пен азаматтар арасындағы диалогты күшейтіп, билік пен қоғам арасындағы сенім көпірін бекіте түседі. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің жалғаса беретінін атап өткен жөн. Халық кеңесі қоғамдық келісім тетіктерін толықтыратын қосымша институт ретінде қарастырылады.
Конституция жобасында жекелеген аумақтар, соның ішінде «қарқынды даму қалалары» үшін арнайы құқықтық тәртіп енгізу мүмкіндігі де көзделген. Мұнда ерекше саяси мәртебе туралы емес, өңірлерді жедел дамытуға бағытталған арнайы экономикалық және қаржылық жағдайлар туралы сөз болып отыр. Ең бастысы, мұндай режим тек конституциялық заң негізінде, яғни парламенттік рәсімдер арқылы ғана енгізіледі. Бұл құқықтық тұрақтылық пен теңгерімді сақтаудың кепілі.
Жаңа Конституция жобасының өзегі – адам. Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екені нақты әрі айқын бекітіледі. Бұл – әлеуметтік саясат қосымша бағыт емес, мемлекеттік қызметтің басты міндеттерінің бірі деген сөз. Экономикалық өсім адамдардың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі тиіс. Конституциялық деңгейде денсаулық сақтаудың қолжетімділігі мен сапасы, білімнің стратегиялық маңызы, отбасы мен баланы қорғау, қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарды қолдау секілді қағидаттардың бекітілуі – мемлекеттің адам алдындағы жауапкершілігін күшейтеді.
Әлеуметтік құқықтар енді тек декларация күйінде қалмай, нақты құқықтық мазмұнға ие болады. Бұл барлық деңгейдегі билік органдарына, соның ішінде жергілікті өкілді органдарға да айрықша міндет жүктейді. Қарағанды облыстық мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде мен бұл өзгерістердің өңірлік маңызына ерекше назар аударамын. Әлеуметтік инфрақұрылымды жүйелі дамыту, мектептер мен ауруханалардың материалдық базасын нығайту, мәдениет және спорт нысандарына қолжетімділікті арттыру, жұмыспен қамтуды қолдау, өңірлер арасындағыәлеуметтік теңсіздікті азайту – мұның барлығы Конституцияда бекітілген қағидаттардың нақты іске асу өлшемдері болмақ.
Әлеуметтік әділеттілік – жаңа Конституцияның басты бағдарларының бірі. Әр азамат тұрғылықты жеріне, табыс деңгейіне немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан базалық әлеуметтік игіліктерге тең қол жеткізуі тиіс. Мемлекет лайықты өмір сүруге жағдай жасауға міндетті, ал, билік халық алдында есеп беруге тиіс.
Қорыта айтқанда, Жаңа Конституция – заман тынысын дәл таныған, қоғам сұранысына жауап беретін құндылығы жоғары құжат. Бүгінгі дәуірдің басты өлшемі – адам, оның қадір-қасиеті, қауіпсіздігі, құқықтық қорғалуы. Жаңа Конституция жобасы осы құндылықтарды құқықтық деңгейде бекітіп қана қоймай, мемлекет дамуының бағытын айқындайды. Бұл дегеніміз, әлеуметтік жауапкершілігі күшейген, азамат үніне құлақ асатын, әділеттілік қағидатын басшылыққа алатын мемлекеттің үлгісі.
Қадиша ОСПАНОВА,
Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы



