Ресми

Ата Заң жобасында білім беру мәселесі айрықша орын алады

Конституция – кез келген мемлекеттің берік тұғыры, құқықтық жүйесінің өзегі. Біз Конституцияны әрқашан Ата Заңымыз деп құрмет тұтамыз. Өйткені барлық заңдарымыздың қайнар көзі де, бастауы да – осы басты құжат. Сондықтан жаңа Конституция жобасының талқылануы – ел өміріндегі аса маңызды кезең.

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Бүгінде Қазақстан Республикасы жаңа Конституция жобасын жан-жақты талқылау үстінде. Қоғамдық пікір алаңдарында, сарапшылар ортасында, еңбек ұжымдарында қызу пікір алмасу жүріп жатыр. Бұл – азаматтық қоғамның кемелденгенінің белгісі. Себебі Ата Заңның әрбір бабы әр азаматтың тағдырына тікелей қатысты.

Жаңа жоба мемлекетіміздің қалыптасқан құрылымын, халықаралық беделін және болашақ даму бағдарын айқындайды. Әсіресе адами капиталды, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға басымдық берілуі – құжаттың стратегиялық маңызын арттыра түседі.

Конституция жобасында қоғамдық бірлестіктердің қызметіне ерекше назар аударылған. Идеологиялық және саяси әр алуандылық танылады. Сонымен қатар елдің тұтастығына, конституциялық құрылысқа қауіп төндіретін әрекеттерге қатаң тыйым салынады. Заң алдында бәрі тең. Бұл – құқықтық мемлекеттің басты қағидаты.

Ата Заң жобасында білім беру мәселесі айрықша орын алады. Мемлекет азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін бастауыш және орта білім алуына кепілдік береді. Бұл деңгейдегі білім – міндетті. Сонымен бірге мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурс негізінде тегін білім алу мүмкіндігі қарастырылған. Жекеменшік білім беру ұйымдарының қызметі де заң аясында реттеледі. Мемлекет білім берудің бірыңғай стандарттарын белгілеп, оның сапасын қамтамасыз етеді.

Бүгінде елімізде 120-дан астам жоғары оқу орны жұмыс істейді, жүздеген мың жас білім алуда. Жастар – халықтың үштен бір бөлігі. Осындай жағдайда білім мен ғылымды Конституциялық деңгейде бекіту – жай ғана норма емес, елдің болашағына жасалған стратегиялық қадам.

Зайырлы білім беру қағидатының нақты көрсетілуі де – уақыт талабы. Бұл қадам Қазақстанның өркениетті, ашық және бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде дамуын нығайта түседі.

Бір сөзбен айтқанда, жаңа Конституция жобасы ел дамуының басты бағыттарын қамтып, білім мен ғылымды ұлттық басымдық деңгейіне көтеріп отыр. Ал білімге басымдық беру – болашаққа салынған сенімді инвестиция.

Абай ҚАЛЫҚОВ
«Әбілқас Сағынов атындағы  Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ
Басқарма мүшесі – Әлеуметтік-тәрбие  ісі жөніндегі проректор

Басқа материалдар

Back to top button