Ата заң – елдіктің арқауы: іскер әйелдердің үні
Кәсіпкерлік тынысы, ошақ қасы мен отбасы құндылығы. Ата Заңның жаңа жобасына енген соны соқпақтар мен тың өзгерістер Қарағанды облысындағы Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған алқалы жиында сөз болды. Бұл маңызды құжат – қалың бұқара мен саяси күштердің, қоғамдық ұйымдар мен білікті сарапшылардың ұсыныс-пікірлері екшеліп, ашық талқылаулар мен егжей-тегжейлі талдаулардың нәтижесінде дүниеге келген дүние. Ал, бұл үлкен бетбұрыстың басында Мемлекет басшысының бір палаталы Парламент құру туралы батыл бастамасы тұр. Бұл идеяны Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі халыққа арнаған Жолдауында жария еткен болатын. Мұндағы негізгі меже –саяси жүйені тамырынан жаңғыртып, жасанды интеллект салтанат құрған заманда елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға жол ашу.

– Жолдауда еліміздің цифрлық дамуына кәсіпкерлер дем беруі тиіс екені анық айтылған. Менің пайымдауымша, әрбір бизнес өкілі белсенді азаматтық ұстанымнан қалыс қалмауға тиіс. Әсіресе, елдің бас құжаты – Конституция туралы сөз болғанда бейжай қарауға болмайды. Қазіргі таңда Қазақстанда гендерлік теңдік мәселесі дүниежүзіндегідей өте өзекті болып тұр. Әйелдердің шешім қабылдау деңгейінде көрінуі – маңызды қадам. Талқылау әлі де қызып жатқандықтан, біз де өз ойымызды ортаға салып, ұсыныстарымызды жолдағымыз келеді. Мәселен, қазіргі талап бойынша Президент лауазымына мемлекеттік құрылымда кемінде бес жыл еңбек еткен жан ғана үміткер бола алады. Меніңше, білікті кәсіпкерлер де сайлауға түсе алатындай мүмкіндік болуы керек. Өйткені кәсіпкер – өз алдына шағын «республиканың» президенті іспетті: кәсіпорынды дөңгелетіп, ұжымның тағдырына жауап береді және қоғамға нақты пайда әкеледі, – дейді Қарағанды облысы бойынша Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының тізгінін ұстаған Наталья Арыстанова.
Оның айтуынша, Негізгі заң жобасындағы неке мәселесіне қатысты бөлімнің жөні бөлек. Онда неке – өз еркімен қосылған, тең құқылы ер мен әйелдің одағы ретінде Конституция деңгейінде айшықталады. Мұндай қадам – ата-бабадан қалған салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтарды заң жүзінде қорғап, әйел затының құқығын бекемдей түсуге бағытталған нысаналы іс. Сондай-ақ, басты құжаттың тағы бір ерекшелігі – адамның құқықтары мен бостандықтарына басымдық беруі. Бұл тек жаңа Кіріспеде ғана айтылып қоймай, бүкіл Конституцияның басты мағыналық өзегі мен айрықша бағыты ретінде бекітілген.
Бұдан бөлек, талқыға түскен Негізгі заң жобасында дін мен мемлекеттің аражігі нақты ажыратылып, білім беру мен тәрбие ісінің зайырлы сипаты шегенделеді. Әділдік, Заң және Тәртіп, сондай-ақ табиғатқа аялы көзбен қарау сияқты ұлы қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде көрініс тауып отыр.
– Біз сияқты бизнес өкілдері үшін жаңа Конституцияда заңды кәсіпкерлікке қолдау көрсету және жосықсыз бәсекеге тыйым салу туралы баптардың енуі – үлкен қуаныш. Зияткерлік меншікті қорғау мәселесі де назардан тыс қалмаған. Қоршаған ортаны қорғау нормасы бұрын тек тәрбиелік сипатта болса, енді ол заңмен бекітілмек. Тағы бір соны бағыт – цифрландыру. Осыған орай, жаңа Конституция мәтінінде тұңғыш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау туралы норма еніп отыр. Айта кетейін, біздің қауымдастық тек бизнес шеңберінде қалып қоймайды. Әртүрлі саланы қамтитын бірнеше секциямыз бар, соның ішінде саясат секциясы әйелдердің қоғамдық-саяси өмірде өзін-өзі табуына көмектеседі. Бұл жұмысқа депутат болып жүрген нәзік жандыларды да белсенді тартып отырмыз, – дейді Қарағанды қаласы бойынша Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Салтанат Бактыбаева.
Ата Заң жобасын талқылауға арналған мұндай берекелі кездесулер қауымдастықтың өзге де филиалдарында жалғасын таппақ. Айта кетерлігі, биыл Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – еліміздегі алғашқы үкіметтік емес ұйымдардың бірі. Мұнда кәсіпкер әйелдер басын біріктіріп, бизнесін өркендетуге, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, әлеуметтік және құқықтық оқыту курстары жүргізіліп, қауымдастық мүшелері қайырымдылық жобаларына да тұрақты түрде атсалысып келеді.
Кирилл ВАСИЛЬЕВ


