Қатаң сөгіс берді
Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қол астындағы қызметкерге дауыс көтерген мемлекеттік қызметші, «Благоустройство» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін уақытша атқарған Ш.Жүсіповаға қатысты тәртіптік іс қаралды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жүргізген тексеруі барысында Ш.Жүсіпованың қызметтік әдепті бұзу фактілері анықталған. Отырыс барысында қол астындағы қызметкерге дауыс көтеруі жазылған бейнежазба да тыңдалды. Бейнежазбада ол қызметкерге құжатқа қол қоюын талап етіп, егер, қол қоймаса, жұмыстан босататынын айтып, қоқан-лоққы көрсеткен.
Ш.Жүсіпова өз кезегінде мұндай оқиғаның болмағанын айтады.
– Менің куәларым да бар. 2015 жылы мен жұмыс істейтін бөлімнің қызметкерлері “Благоустроиство” басшылығының бюджет қаражатын негізсіз пайдалану фактілерін анықтап, сәйкес шаралар қолданылған. Онымен «Благоустройство» басшылығы келіспегені анық. Бұл – қазына ақшасын пайда қылғылары келген қызметкерлердің әдейі ұйымдастырған шарасы – дейді ол.
Ш.Жүсіпованың айтуынша, «Благоустройство» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны арнайы сызба бойынша бюджет ақшасын алып отырған. Ал, жұмысты қосалқы мердігер ұйымдар атқарған. Бірақ, ол үшін бұл ұйымдарға қаражат аударылмаған. Салық комитетінің жүргізген тексеруі барысында мекеменің 320 млн. теңге көлемінде қарызы болған және бірнеше жыл қатарынан ҚҚС және кәсіпорын қызметкерлерінің міндетті әлеуметтік төлемдерін аудармаған.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мемлекеттік қызметшінің әдебін бұзған қызметкерге қатаң сөгіс беруді ұйғарды.
Сонымен қатар, кеңес барысында мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзу салдарынан, оларға тағайындалатын жаза көлемінің көптігі жайлы да сөз болды. Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ж.Сәрсеновтың айтуынша, бұл мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша Қарағанды облысының кейінгі жылдары соңғы орындардан көрінуіне себеп болып отыр екен.
Салтанат ИЛЬЯШОВА