Қарағандылық құсбегі «Ақ бидай» республикалық ойынының жеңімпазы атанды
Соңғы жылдары қыран құсты түлету, жүйрік итті баптау сияқты ата-баба дәстүрін жаңғыртушылар қатары көбейіп келеді. Соның бірі – Қарқаралы ауданының құсбегісі Нұрғазы Қазбек. Ол осы мыңжылдықтың басынан бері ел көлемінде ұйымдастырылып келе жатқан ауыл спортшыларының «Ақ бидай» ойынында бүркітшілер арасында бірінші орын иеленіп, жерлестерін мәртебеге бөледі.

Төрт жылда бір өткізілетін, биыл сегізінші мәрте ұйымдастырылған «Ақ бидай – 2025» ойыны еліміздің спорттық өміріндегі игілікті шаралардың біріне айналды. Әсіресе ауылдық өңірлер үшін мәні зор бұл бәсеке жаңа таланттардың жолы ашылуына мүмкіндік береді.
Нұрғазы Аманғазыұлының қыран құс баптаумен айналысқанына үш жылдай уақыт болыпты. Бұл ерекше шеберлік пен шыдамдылықты қажет қылатын аса ауыр жұмыс.
«Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,
Аң болады кеңесің құс салғанда.
Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген
Бір қызық ісім екен сұм жалғанда», – деп данышпан Абай мөлдірете жырлаған саятшылық қазақ сал-серілерінің сүйікті ісі, қазіргі тілмен айтқанда хоббиі болғаны хақ. Ата-баба дәстүрін жаңғыртқан Нұрғазы қазір Қарқаралы ауданындағы спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет атқарады.
Ауыл спортшыларының республикалық «Ақ бидай» ойынындағы жүлде – Нұрғазы Қазбектің құсбегілік өнердегі алғашқы үлкен жеңісі. Осы жарыста биіктен көрінгені үшін оған құсбегіліктен «Спорт шебері» деген мәртебе берілуі тиіс. Бұл талапты жігіттің өзін ғана емес, шәкірттерін де қанаттандырып, ата-бабадан қалған өнердің өңірде өрістеуіне кеңінен жол ашатыны күмәнсіз.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
СУРЕТТЕ: құсбегі Нұрғазы Қазбек бүркітімен жеңіс тұғырында