Міне, осындай тақырыппен «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүрлер» күніне орай «Ақтау «МБУӨО» КМҚК ұйымдастыруымен өткен шара жоғары деңгейде болды.

Бұл бата беру байқауына Ақтау кентінде тұратын батагөй ақсақалдар Баймади Халым, Жанұзақ Кенжехан, Әсемхан Райханұлы, Кірісхан Жанұзақұлы, Дағыс Шәмәрданұлы, Хавдраш Озат және Жанәбіл Дәулетбек қатысты.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Оның біріншісінде қатысушылар өздерін таныстырып, өмірлік ұстанымдары және өнегелі ойларымен бөлісті. Ал келесі «Дәстүрлі бата» кезеңінде олар қазақтың қасиетті баталарын мәнерлеп айтып шықты. Ең соңғы «Ақ тілек – елге береке» кезеңінде олар берілген тақырыптар бойынша бата беру сынағына түсті. «Батамен ел көгерер» дегендей, әрбір қатысушының берген батасы терең мағынаға толы болып, тыңдаушыларға жақсы әсер қалдырды. Іс-шара барысында әсем әндер орындалып, мерекелік көңіл-күйді одан әрі көтеріп, желпіндірді. Қазылар алқасы байқау жеңімпаздарын анықтап, оларға дипломдар тапсырылды.
Ержан ИМАШ,
Ақтау кенті



