Бас тақырыпМәселе

Ата-аналар жиналысына әкелер неге бармайды?

Шынында, ата-аналар жиналысына баратын әкелердің қатары аз. Неліктен? Бұл – көптен елдің көкейінде жүрген мәселе. Сала мамандардың айтуынша, баланың тұлға болып қалыптасуында әкенің ролі ерекше. Ынжық, жігерсіз, пайдасыз іске әуес жас буынның көбеюі де бала тәрбиесіндегі әке орнының бос қалуымен байланысты екені айтылуда. Бұған әкелерді кінәлай аламыз ба? Өкінішке қарай, әкелердің көбі жұмысбасты да, аналар үйде бала тәрбиесімен айналысады. Кей әкелер перзентінің сабағын қадағаламақ түгілі, нешінші сыныпта оқитынын да білмейді. Тарқатып көрейік…

Әке – асыраушы

Әр тоқсан біткенде ата-аналар жиналысы өтеді. Бара қалсаңыз, бірен-саран әке болмаса, ылғи аналар отырады. Негізі, бала тәрбиесі – әке-шешеге ортақ парыз. Алайда, күнделікті өмірде бала тәрбиесінде аналар белсенділік танытып, әкелер күйбең тірліктің, жұмыстың қамымен жүріп қалуы үйреншікті жағдайға айналып барады. Той-томалақта да әйелдер бір қолына баласын көтеріп тұрып тілек айтады. Көшеде, автобуста баласын жетекке алып, екінші қолына азық-түлік үйіп көтеріп, арқаланып жүреді. «Неліктен бала тәрбиесінде әкелер белсенді емес, отбасы мүшелері неге әкеге тек асыраушы ретінде қарайды?» деген сұрақты мұғалімдерге, атааналарға, мектеп басшыларына қойып көрдік.

Майқұдықтың төменгі жағында орналасқан №61 аралас мектептің директоры Гүлзада Маженова кейде аналар шеше алмайтын мәселелер туындайтынын айтады. Мәлімдеуінше, мектептегі 64 сыныптың 32-сі қазақ сыныбы. Зерделеп қарағанда осы 64 сыныптың ата-аналарының жиналысына бар-жоғы жалпы 120-дан астам ер азамат қатысыпты. Әр сыныпта орта есеппен 20 оқушы болса, 1300-ге жуық бала оқиды. Сонда жиналысқа 10 пайызы ғана келді деген сөз. Демек, 90 пайыз аналар үлесінде. Ал, жуырда жоғары сыныптардың ата-анасы жиналғанда арасында жеті ер адам болыпты. Сынып жетекшілердің де басым бөлігі әйел мұғалімдер. Осы мысалдан-ақ көп нәрсе аңғаруға болады…

– Қызым 11 сынып оқиды. Бірінші сыныптан бастап, жиналысына әкесі қатысады. Қыздар әкесіне жақын болады ғой. Қыздар мектепте өтетін қоғамдық шараларда көбіне әкесін күтеді. Өзінің жетістігін әкесі келіп көрсе деп армандайды. Ал, ұлдар төменгі сыныпта анасының бақылауында болады. Жоғары сыныпқа көшкенде мінезі өзгере бастайды. Анасын тыңдағысы келмейді. Осындайда әкенің балаға көп көңіл бөлмегені аңғарылады. Әкенің ескертуі, арасында кейіп алуы керек-ақ. Ал, жалғызбасты аналар баласын кадет сыныбына береді. Өйткені, анасы мың жерден мықты болса да, әкенің орнын бас алмайды. Әке мейірімі мен қаталдығы жетіспейді. Сондықтан, әкелер перзенттің қадірін білгені жөн. Алдағы уақытта мектептен «Әкелер» клубын ашу ойда бар. Десек те, ол жақсылап пысықталуы керек. Тек, әкелер тәрбие жағынан көмектессе екен. Әкесі көңіл бөлмеген бала жаман әдетке әуес болады. Ұлдарды патриоттыққа тәрбиелеуде әкелердің көмегі ауадай қажет. Мәселен, мектептерде түрлі қорқынышты жағдайлар орын алып жатыр. Әке көрген ұлдар кез келген жағдайда мектепте қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады, – дейді Гүлзада Серікқызы.

Мұғалімдерден сұрастырғанымызда толық емес отбасылардың қатары көбейгенін де жасырмады. Оқушылардың көбін анасы жалғыз бағып-қағып, өсіруде. Әкелер қауымының басым бөлігі вахталық әдіспен басқа қалаларда, кейбірі тіпті, шет елдерде жұмыс істейді. Сол себепті, әкелердің біразы бала тәрбиесін аналардың мойнына артып қойған. Кейбір әкелердің үйде бар-жоғы да білінбейтін кездер де кездеседі екен.

Ал, Қарағандыдағы №2 Білім-инновация лицей-интернатында ұлдар мен қыздар жеке оқытылады. Алғашында ұлдар мектебіне басшы болған Қанат Әлімжанұлы әкелермен тығыз жұмыс атқарған. Бірігіп, спорттық шаралар өткізген. Шымкент, Павлодар, Астана мектептерінің әкелерімен қарым-қатынас жасап, тәжірибе алмасыпты. Кейін ұлдарға әкелердің көмегімен мал союды, жіліктеуді, тұздауды, мүшелеп табақ тарту жөнінде шеберлік сағаттар ұйымдастырылыпты.

Анада мейірім, әкеде талап бар

– Қазір БИЛ-дың қыздар мектебінде басшымын. Мұнда да әкелерді түрлі іс-шараға шақырамыз. Атап айтсақ, жылда Алғыс айту күнінде әкелерді жинап, концерт қояды оқушылар. Әкелерге алғысын ақтарады. Тәтті тағамдар пісіріп, аукцион жасайды. Бұл әкелердің баласы үшін қаншалықты қаржы жұмсауға дайын екенін байқауға септігін тигізе алады. Тағы бір айта кетерлігі ұстаздар ата-аналарды мазалап, мектеп өміріне тарта білуі ләзім. Баласынан айтып жіберсін. Оқушы кезімізде күнделігімізге жазып жіберетін. Ұстаз ата-ананы қозғаса, баланың да ынтасы оянады. Осылай үш жақты қарым-қатынас басталады. Бала да әкесін жиналыстан қалдырмауға тырысады. Кей әкелер біздің мектепті өз үйіндей көреді. «Тіпті, кейде мектеппен араласу жақсы екен ғой. Бұрын қалай байқамағанбыз. Спортымыз да бар» деп риза болып жатады, – дейді білім ордасының басшысы Қанат Егенбердиев.

Анасы материалдық, рухани қажеттіліктерін бердім дегенмен де, әкенің орнын толтыра алмайды. Ана балаларына «болмайды», «құлап қаласың» деп өбектеп жүріп, жанаяр, ынжық, болбыр жігіт тәрбиелегенін сезбей қалады. Ал, әке баласына еркіндік беріп, шектен шығып кетпеуін қадағалайды. Өмірді көзімен көріп, көңіліне түйіп, еркін өскен бала өз әрекетін сырттай бағалап, барлық жағдайда дұрыс шешім қабылдайтын азамат болып өседі. Батыстың бір ойшылы мынадай тәжірибені ұсынған. Әке баласын аулаға ойнауға жіберерде: «Мына ауланың қалаған жерінде құмарың қанғанша ойна. Бірақ, өзге аулаға кетіп қалма» десе, бала өзіне таңдау еркіндігі берілгеніне мәз болып, ауланың бұрыш-бұрышында ойнаса да өзге аулаға кетпейді екен…

Кейде қоғамдық көліктерде, көшеде сызылып, қыз секілді сөйлеп тұрған жас жігіттерді де байқаймыз. Оның үстіне, қазір кейбір ер азаматтар әңгімені әйелдерден көп айтады. Қалай болғанда да, әке айбарын, әке мысын сезініп өскен балалардың болмыс-бітімі бөлек келеді. Әкенің адуынды дауысын естіп өскен бала майысып сөйлемейді. Баланың физикалық, рухани жағынан бекем болып ержетуіне әке ғана ықпал ете алады. Тәрбиенің түп тамыры – әке институты. Отбасында, қоғамда әке ролі жыл өткен сайын төмендеп бара жатқаны қынжылтады.

Өйткені, жауапкершілігі төмен ер-азаматтар армиясы пайда болуда. Олар ұнамаса, отбасын тағдыр талқысына тастап, кете барады. Осындай жәйттердің бәрі қоғамдағы әке беделінің төмендеуіне сеп болуда. Өз заманында «Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін, әкесіз бала – сужүрек, жиын тойға барады, босағада қалады» деген Бұқар бабаның өнегелі сөздері бала тәрбиесінде әкенің орны маңызды екенін нақтылайды.

Мектепте де ер мұғалім қат

– Жақында ата-аналар жиналысына бардым. Байқасам, кілең аналары, әпкелері жиналды. «Сыныпта ұл балалар көп сияқты. Бұл оқушылардың әкесі қайда?» деп едім, көпшілігі «Әкелері жұмыста, уақыты жоқ» деді. Меніңше, ер баланың өмірінде әке маңызды орын алуы керек. Мысалы, бір бала осындай мәселемен алдыма келді. Оған: «Сенің өміріңді кішігірім фильм деп алсақ, отбасыңда негізгі образды сомдайтын кім?» десем, көбіне анасы ойнайды екен. Әкесі ара-тұра эпизодтарда ғана көрінеді. Таңертең немесе кешкі тамақ ішетін көріністе кездесіп жатады. Демек, отбасының үлкен қуаты бар десек, соның ішінде ананың қуаты басым. Себебі, бала өмірінде ананың ролі жоғары тұр. Бәрін шешетін – анасы. Мәселен, орыс халқында бала тәрбиесіне кішкентай кезінде 70 пайыз анасы, 30 пайыз әкесі жауапты болады. Бала 12-13 жасқа келгенде тәрбиесіне әкесі мықтап кіріседі. Ал, Еуропада баланың өсуіне, дамуына бар жағдай жасағанмен, арадағы мейірім, достық жағы әлсіз. Себебі, бала туғаннан-ақ бөлек жатады. Мұның жақсы һәм жаман жағы бар. Кемшін жағы – бала қырқынан шықпай жатып анасынан бөлек төсекте жатқандықтан, ана мен баланың қарым-қатынасы суық болады. Ал, мұсылман халықтарында керісінше, бала бес-алты жасқа келгенше бауырына басып, омыраумен тамақтандырады. Ана мен баланың жаны бірге дегеніміз осы, – депті психолог маман Лимана Қойшиева бір сұхбатында.

Ер баланы азамат етіп өсіретін темірқазық – әке. Қыз балаға құрмет те әкелер арқылы қалыптасады. Ал, мектепте де шәкіртке сабақ беретін мұғалімдер және мектеп директорлары мен орынбасарларының дені – әйелдер. Шынында, үйде де, мектепте де әйелдің тәрбиесін көріп өсіп келе жатқан бала, әсіресе, ұлдар ертең елге тұтқа бола ала ма? Бұл – үлкен мәселе. Сондықтан да, мектеп ұжымдары отбасында, жалпы қоғамда құлдырап кеткен әке беделін көтеру мақсатында жұмысты мұқият қолға алуы тиіс. Әр отбасы әкеге деген құрметті өздерінен бастап, мұғалімдермен тығыз байланыста болуы шарт.

– Үш балам мектепте оқиды. Үш ватсап тобымыз бар. Кейде болмайтын нәрсені шеше алмай дал боламыз. Дауласып та қаламыз. Сондайда ер азаматтардың табанда шешіп тастайтын батылдығы жетіспейді. Кейде олар жақсы баға немесе Алғыс хат алып келіп, әкелерін түннің бір уақытына дейін күтіп отырады. Екі ұлым әкесі жоқта менің сөзімді тыңдағысы келмейді. Әкелерінсіз есейіп келеді. Әкесі жалғыз жұмыс істейтіндіктен, оған салмақ салғымыз келмейді. Арасында ұлдарымның бойынан ынжықтықты байқаймын. Бір-бірімен болмашыға таласып, ұсақтық танытып та қалады. Әкесі көбірек көңіл бөлсе, бала ер мінезді болып өседі екен. Бес күндік оқу жүйесі жақсы болды. Екі күн үйде. Әкесімен сөйлесіп, мауқын басады. Кей дамыған елдерде жұмыс уақытын ұзартып, 4 күн жұмыс істеп, 3 күн демалады екен. Бізге де осы жүйе келеді деп естіп, қуанып едік. Бірақ, әлі хабар жоқ. Сол тәртіп енсе, ғажап болар еді, – дейді көпбалалы ана Тұмарай Айтуғанова.

Түйін

Ұлдың да, қыздың да тәрбиесінде әкенің ролі зор. Ана баласына жан жылуын, мейірімін төксе, әке баланың өз-өзіне сенімді тұлға болып қалыптасуына жол ашады. Сарапшылардың зерттеуінше, әр бала мектептегі қоғамдық іс-шараларға ата-анасының келіп қатысқанын іштей күтеді екен. «Ата-аналар жиналысына, шараларға кімнің келгенін қалайсыз?» деген сауалға он баланың жартысынан көбі «Әкемнің келгенін қалаймын» деп жауап берген. Бұған сіз не дейсіз, құрметті оқырман? Соңғы рет ата-аналар жиналысына қашан қатысып едіңіз?!

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button