Ата-аналар бақ сынаған аламан
Қарағандыдағы Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицейінде ата-аналар арасында мектепаралық турнир өтті. Аталған сайыс мектеп-лицейлер арасында биыл төртінші жыл қатарынан өткізілуде. Осы жолы «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында ұйымдастырылған.
Аталған турнирге әкелерден құралған – 11, аналар құрамасынан тоғыз команда қатысты. Олар өзара сайысып, мықтыларды анықтады. Жеребе бойынша командалар өзара бөлінген. Сәйкесінше, әр ойында жеңген команда келесі кезеңге өтіп отырды.
– Турнир барысында командалардың жоғары дайындығы, жеңіске деген жігері мен ұйымшылдығы ерекше байқалды. Спорттық дода тек жарыс алаңында ғана емес, тәрбиелік мәні зор сұхбаттарда да өз жалғасын тапты. Ойын ортасында дәстүрлі дастарқан жайылып, ата-аналар мен ұстаздар бала тәрбиесі, ұрпақтың болашағы жөнінде мазмұнды әңгіме өрбітті. Осы орайда «үштік одақ» тұжырымы – мектеп, ата-ана және оқушы арасындағы тығыз қарым-қатынастың маңыздылығы ерекше аталып өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта бірлесе атқаратын жұмыстар мен жаңа жобалар талқыланды, – деді Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицейі «Ұлағат» әкелер ұйымының төрағасы Айбол Жанұзақұлы.
Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицейінде «Ұлағат» әкелер және «Мейірім» аналар клубы бар. Осы клубтың ұйымдастыруымен ай сайын спорттық іс-шарадан басқа түрлі жиындар өткізіліп тұрады.
«Мейірім» аналар клубының төрағасы Гүлсара Шалқар:
– Әрбір баланың ұстазы – ата-ана. Әр ата-ана мектептің іс-шарасына белсене араласса деймін. Себебі, балада «Ата-анам мен үшін осындай сайысқа қатысты» деген мақтаныш сезімі тұрады. Әрі ата-аналар мен қоғам арасында тығыз байланыс орнығар еді. Ата-ана мен мектеп арасындағы қарым-қатынас берік болса, бала дамуына оң әсерін тигізеді. Осы мақсатта бұған дейін «Бауырлас мектептер» бағдарламасы аясында баскетбол, үстел теннисі және басқа да интеллектуалды ойындар ұйымдастырдық. Бұдан кейін де түрлі іс-шараларды өткізу жоспарда бар, – деді.
Теміртау қаласындағы №17 мектеп-лицейі әкелер командасының қатысушысы Жасұлан Серікұлы мұндай сайысқа бірінші рет қатысып отырған жоқ. Бұған дейін Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей интернатында өткен турнирге қатысыпты.
– Әр турнирге тыңғылықты дайындықпен келеміз. Кешкілік уақыт командамызбен жаттығамыз. Жалпы, әр мектеп түрлі спорт түрінен турнир ұйымдастырып, бізді шақырып отырады. Мен де ата-ана ретінде барынша қалмауға тырысамын. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде ата-ана арасында керемет қарым-қатынас сақталады. Әрі балаларға да үлгі боламыз, – деді ол.
Сайыс қорытындысы бойынша әкелер құрамасы арасында өткен турнирде І орынды «Әлімхан Ермеков» командасы иеленді. Абай атындағы мектеп гимназиясының «Абай» командасы ІІ орыннан көрінді. Ал, үздік үштікті Березняк жалпы білім беретін орта мектептің «Қызыл қайың» командасы түйіндеді.
Аналар құрамасы арасында өткен сайыста Қарағанды білім-инновация лицей-интернатының құрамасы І орын иеленді. ІІ орынды – «Абай», ІІІ орынды «Қызылқайың» командасы еншіледі.
Лаура АМАНТАЙ,
Е.Бөкетов атындағы
Қарағанды зерттеу
университеті журналистика бөлімінің IV курс студенті
Сурет ұйымдастырушылардан