Қарағандыда аударыспақтан облыстық турнир өтті
Қазақ халқы ықылым заманнан ат жалында өскен, тұлпарды тіршілігінің ажырамас серігі еткен ел. Бұл асыл дәстүр уақыт тезінен өтіп, бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары ұлттық құндылықтарға бет бұрып, ат спортына, соның ішінде, төл ойындарымызға қызығушылық танытқан жастардың қатары артып отыр. Бүгінде Қарағандыда сол жастардың басын қосу мақсатында ұлттық ат спорты – аударыспақтан облыстық турнир өтті. Дүбірлі додаға облыстың түпкір-түпкірінен 16 мен 20 жас аралығындағы 80-нен астам шабандоз қатысты. Олар 50 келіден 80 келіге дейінгі салмақ дәрежелері бойынша сынға түсіп, өзара күш сынасты. Жарыстың ашылу салтанатына Қарағанды облысы аударыспақ федерациясының президенті Айдар Құтышев қатысып, жас спортшыларға ақжарма тілегін білдірді.

Турнир Turan-El қазақ спорт жобасы аясында ұйымдастырылды. Халықаралық талаптарға сай, олимпиадалық жүйе бойынша өткізілді. Ал, белдесу уақыты қатысушылардың жас ерекшелігіне қарай белгіленген. Атап айтсақ, жасөспірімдер ат үстінде төрт минут, ал, ересектер бес минут бойы шеберлік сынасты. Жарыс ережесіне сәйкес қарсыласын ат үстінен бірінші болып аударған шабандоз – жеңімпаз.
– Басты мақсатымыз – аударыспақты насихаттап, өңірден болашақ чемпиондарды тәрбиелеу. Көшпенділер ойындарында, Азия және халықаралық деңгейдегі турнирлерде ел намысын қорғайтын спортшылар қажет. Ал, мұндай мықты шабандоздар өздігінен қалыптаспайды. Ол үшін өңірде осындай жарыстарды жүйелі түрде өткізіп, жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыруымыз керек. Осы турнирде топ жарған жеңімпаздар алдағы уақытта ел біріншілігінде бақ сынайтын болады, – деді Айдар Құтышев.
Сонымен қатар, Қарағанды облысы туризм басқармасының бас маманы Нұргүл Пак өңірде аударыспақ пен жалпы ат спорты түрлеріне жастардың қызығушылығы жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті.
– Қазіргі таңда өңірде ішкі туризм қарқынды даму үстінде. Соның аясында ұлттық ат спортына ерекше мән беріліп келеді. Қарағанды облысының табиғаты ат спорты түрлерін дамытуға өте қолайлы. Кең дала, қолайлы климат, қажетті инфрақұрылым – мұның бәрі бұл саланың ілгерілеуіне мүмкіндік береді. Бұған қоса, өңірде тәжірибелі, білікті мамандар жеткілікті. Ең бастысы, ат спортына қызығушылық танытып жүрген жастардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Олар белсенді, жігерлі әрі ұлттық құндылықтарға бейжай қарамайды. Мұндай серпін спортты ғана емес, өңірлік туризмді дамытуға да тың серпін береді, – деді ол.
Бұл бәсекеде Шет ауданынан арнайы келген жас спортшы Аслан Кәріғұл да бақ сынады. Жасы небәрі 19-да болса да, ат спортына әбден төселген тәжірибелі шабандоз. Өзі атқа алғаш рет 12 жасынан мінген екен. Содан бері ұлттық спортты серік етіп, түрлі деңгейдегі жарыстарда шеберлігін дәлелдеп келеді. Бұл оның алғашқы додасы емес. Бұған дейін ел чемпионаты мен бірқатар республикалық турнирде жүлделі орындардан көрініпті. Бұл жолы да маңдай тер мен тынымсыз еңбегінің арқасында ІІ орынды қанжығасына байлады.
– Биыл осы спортпен тұрақты түрде айналысып жүргеніме жеті жылдан асты. Негізі, бала күнімнен ат үстіндемін. Әкем де шабандоз. Кішкентайымнан мені атқа мінгізіп, осы жолға баулыды. Кейін 13 жасымнан бастап, аударыспаққа біржола бет бұрдым. Бұл спорт адамнан тек білек күші мен ептілікті ғана емес, төзімділік пен сабырды, жауапкершілікті де талап етеді.
Ат – адамды сезетін, мінезі бар жануар. Сондықтан, аттан қорықпай, оны түсініп, тіл табыса білу маңызды. Ат үстінде өскен адам ерте есейеді. Тәртіпке үйренеді. Мұндай тәрбие ертең ел тізгінін ұстайтын азаматтардың қалыптасуына ықпал етеді. Сол себепті балаларды жас кезінен атқа үйретіп, ұлттық спортқа баулудың мәні зор. Атқа мінген бала жаман болмайды, – деді балуан.
Айта кетейік, биыл маусым айында Қарағандыда алғаш рет аударыспақтан ел чемпионаты өтеді деп жоспарлануда. Ал, аталған облыстық турнир сол дүбірлі додаға қатысатын үздік шабандоздарды іріктеу, олардың дайындығын пысықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



