Ғасыр әже өз таңдауын жасады
Балқаш қаласының 99 жастағы ардақты анасы, белгілі қоғам қайраткері Жазбек Төлендиновтің жары Кәмпит Төлендинова республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Кәмпит әже №204 референдум учаскесі орналасқан Сәкен Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясына келіп, дауыс берді. Таңғы сағат жетіде Мемлекеттік Әнұран орындалғаннан кейін учаске жұмысы ресми түрде басталып, Кәмпит әже алғашқылардың бірі болып өз дауысын берді.

Ғасыр жасаған ақ жаулықты ана ел тағдырына қатысты маңызды саяси науқаннан тыс қалуды жөн көрмегенін айтты.
– Менің жасым тоқсан тоғызға келсе де, референдумнан қалыс қалғым келмеді. Балаларымның, немерелерім мен шөберелерімнің болашағы үшін дауыс бердім. Халқымыз аман болсын, еліміз тыныш болсын! Қазақстанымыз жасай берсін! Балқашымыз гүлдене берсін! Оразаларыңызды қабыл етсін! Келе жатқан қазақтың жаңа жылы – Наурыз құтты болсын! Мен енді жүзге таяп қалдым ғой, берген батам қабыл болсын! – деп ақ батасын берді Кәмпит әже.
Айта кетейік, Кәмпит Төлендинованың жары, марқұм Жазбек Сатымбекұлы – Балқаш қаласының қоғамдық-саяси және мәдени өміріне зор үлес қосқан тұлға. Ол ұзақ жылдар журналистика саласында еңбек етіп, Балқаш телестудиясының директоры қызметін атқарған. 2000 жылы оған «Балқаш қаласының Құрметті азаматы» атағы берілген. Сондай-ақ, 2010 жылдан бері Балқаш қаласында бір көше Жазбек Сатымбекұлы Төлендиновтің есімімен аталды.
Асыл ананың елдік іске үн қосып, өз таңдауын жасауы – кейінгі ұрпаққа үлгі, қоғамға өнеге.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



