Жаңалықтар

Ғасыр жасаған қаржыгер

Өтелбай Орымбаев. ҰОС ардагері. Қаржы саласының қажырлы қайраткері. Әуелгі сөз тіл-көзден сақтасын дейік, ғасыр белесіне үлкен беделмен, тағылымды тағдырмен жетіп отыр. Күні кеше 100-ге толған ғибратты тұлғаның өткен ғұмыры, өнегелі тұғыры көпшілікке үлгі екені рас.

Сурет отбасынан алынды

Өтелбай Орымбайұлы тұп-тура ғасыр бұрын дүние дидарын ол кездегі Целиноград облысы, Алексеевка ауданы, Рамадан ауылында ашқан. Әкесі Орымбай еңбектің қазанында қайнап өскен қазақ еді. Шопан болып қой бақты, қолына қалақ алып, құрылыс саласында да еңбегін сіңірді. Осының бәрін көріп өскен ұлы әкесінің жанында жүріп еңбекпен көзін ерте ашқан. Бірақ, ұлының зейінді, талапты екенін байқаған әкесі жоғары оқуға түсіреді. Әке үмітін ақтауды серт еткен ұлы да білімін жетілдіріп, экономика және саясат саласы бойынша зейінін тереңдетеді.

Кейін әскер қатарына шақырылады. Жігіттік шағы отты жылдарға тап болады. Өтелбай Орымбайұлы 1942 жылы 5 тамызда Ақмола облысы Сталин ауданының аудандық әскери комиссариатына өтініш жазып, өз еркімен майдан даласына аттанады.

Ясско-Кишинев операциясына, Курск және Сталинград шайқасына қатысып, Украина, Венгрия, Румыния және Аустрияны фашистік басқыншылардан босатады. Воронеж, Степной, ІІ Украина фронтында ұрыс қимылдарына қатысады. Майданда үкіметтік жоғары желілік байланыс бөлімшесінің командирі болып, маңызды қызмет атқарады.

«1947 жылы қазан айында мүгедектігі бойынша әскери қызметтен босатылдым. Денсаулығыма байланысты. Әйтпесе, әскери сала жаныма жақын еді. Кейінірек те елге біліміммен еңбек еткім келді. Оқығанымның пайдасын ел дамуына сіңіремін деп шештім. Ал, сұрапыл соғыс жылдарын еске алудың өзі ауыр, әрине. Қазір майдан даласында кеудесін оққа тосқан санаулы ғана соғыс ардагері қалды. Қып-қызыл қан майданда жүрдік. Менің атқарған қызметім ең маңызды болды деп ойлаймын. Байланыс саласына жауапты болдым. Басшылыққа әр операциядан дер кезінде хабар таратып отырдым. Бұдан мүдірмеу керек. Бір ақпаратты қате айтсаң, ол үлкен қауіп болатын. Қазір оның бәрі өтті. Кеудеміз орденмен жарқырады. Ол кезде бұлай құрметке бөленеміз деп ойламаппыз. Бар ойымыз – Жеңістің туы еді», – дейді І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, Жеңіс күніне арналған мерекелік медальдармен марапатталған соғыс ардагері.

Майдан даласынан елге аман-есен оралған ол еңбек жолын 1948 жылы ақпан айында Ақмола қаласындағы байланыс ЛТУ құю бақылаушысы болып бастайды. Осы аралықта бір жыл бойы қосымша бухгалтерлік курсын оқып алады. 1949 жылдан 1952 жылға дейін Целиноград облысы Шортанды ауданының МҚК органдарында Алексеевка қаласында аудандық кеңестің атқарушы комитетінің нұсқау­шысы болып жұмыс істейді. 1964 жылдың маусым айында Қарағанды қаласына облыстық жинақ кассасы басқармасының аға тексерушісі болып ауысады. Осы уақытта оның оқыған курсы кәдеге жарайды. Өзіне жүктелген міндет, тапсырылған жұмысты тапжылмай төрт жыл абыроймен атқарады. Кассадағы шаруаны, бухгалтерлік есептің қыр-сырын әбден меңгеріп алған білікті маман 1968 жылдың маусым айында қайтадан Целиноград жинақ кассасы басқармасына ауысады. 1969 жылы Қарағандыға қоныс аударады. Себебі сол жылдың қаңтарынан бастап, облыстық атқару комитетінің аға референті деген жауапты лауазымға тағайындалады. Іскер азамат сөйтіп жүріп Кеңес ауданының АОСК меңгерушісі болады. Кейіннен жауапкершілігімен, жаңашылдығымен көзге түскен Өтелбай Орымбайұлын облыстық жинақ кассасы басқармасының тексеру бөлімінің бастығы қызметіне қояды.

Содан кейін 1975 жылдан 1991 жылға дейін Саран қаласында банк саласында қажырлы қызметтер атқарады. Зейнет жасына дейінгі он жылында ол қалалық банк бөлімшесінің басшысы болып, қала экономикасының, қаржы нарығының оң дамуына еселі еңбегін, елеулі үлесін қосады.

«Мамандықтың жаманы жоқ. Бастысы – оны игере біліп, ел игілігіне пайдалануға жол ашу керек. Көпшілік үшін қиын мамандық саналатын қаржыгердің ең негізгі міндетінің бірі – мемлекеттің ақшасын дер кезінде жинап, тиімді пайдаланып, ел экономикасының дамуына жұмыс істеу. Қаржы саласының қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ түсінуге болады деп ойлаймын. Қаржылық нарық бір орында тұрмайды. Құлдырайтын да кез болады. Қайта өрлейтін де сәт болады. Біздің дәуіріміздегі банк жүйесі өзінше күрделі. Қазір, тіпті, басқаша. Қаржы саласының ардагері ретінде әріптес ізбасарларыма айтарым, есеп-қисапқа барынша мұқият қарасаңыздар, сонда экономикаға ең үлкен тірек болар едіңіздер. Қазіргі қаржы саласының жүйесі сан салалы. Бастысы адал қызмет абыройлы ғұмыр кешуге жетелейді», – дейді қаржы саласының қадірлі қайраткері.

Жастайынан қаржы саласының қыр-сырына  әбден қанық болған білікті маман кез келген мәселені төтесінен қойып, түбегейлі шешілуіне күш салған тұлға екенін байырғы әріптестері жиі айтатын көрінеді.

Абыройы биік Өтелбай ақсақалдың алты баласынан 16 немере, 6 шөбере тарады. Алыптан өнеге көріп өскен ұрпағы үлкендерін алақанына салып, қас-қабағын бағып отыр.

Өтелбай ақсақалдың қара домбырасы жанына әлі күнге дейін серік. Халық әндерін шырқайтын көрінеді. Күйлерді де шебер шертеді. Ардагеріміздің тағы бір таланты – портреттік сурет салатын қылқалам шебері. Онымен қоса, ағаштан ойып, түрлі мүсін әзірлейтін кездерін әлі күнге дейін өзі де сағынады. Әттеңі сол, қолының күші кеміді. Әйтпесе жан сарайы сайрап тұр. Бойына өнер тұнған мұндай тұлғаның өнегелі ғұмыры әлі де жалғаса берсін деген жалқы тілегіміз бар.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button