Руханият

Облыстық бейнелеу өнері мұражайы жаңа туындылармен толықты

Жыл сайын облыстық бейнелеу өнері музейінің қоры мәдени маңызы зор, бірегей жәдігерлермен толығып келеді. Музейге қабылданған әрбір туынды заманауи талаптарға сай бірден цифрлық форматқа көшіріліп, ғылыми-зерттеу айналымына енгізіледі. Осы құнды қазынаны жұртшылыққа кеңінен таныстыру мақсатында музей басшылығы дәстүрлі «Музей қорындағы жаңа туындылар» көрмесін ұсынды. Бұл көрмеде былтыр музей қорына алынған ең құнды әрі бағалы экспозициялар көпшілікке таныстырылды.

Суреттер музейдің баспасөз қызметінен

Музей қорын толықтырған құнды туындылардың қатары жыл санап артып келеді. Солардың ішінде былтыр тапсырылған Қарағанды қаласының тұрғыны, мүсінші Виктор Аренттің «Феникс құсы» атты символдық мәні терең мүсіндік еңбегін айрықша айта кетуге болады. Сонымен қатар, Ақтау қаласынан шыққан қос суретші Инна Ермакова мен Асель Мұрзағалиеваның «Өмірмен танысу» атты кескіндемелік жұмысы да қордың көркемдік аясын кеңейтті. Ал, белгілі суретші Бөде Аманжоловтың «1920-1930 жылдардағы Қазақстандағы Ашаршылық» тақырыбында салынған туындысы музейдегі құнды жәдігерлердің қатарын толықтырды.

Одан бөлек, облыстық жер комитетінің қызметкері Нұржан Рахымбай Шет ауданында жыл сайын ұйымдастырылатын барлау экспедициясы кезінде табылған, ХІХ ғасырдың соңына жататын тас қол диірменін табыстаған. Ал, қарағандылық тұрғын Григорий Ломакин қарағандылық суретші Виктор Буштың туындысын қорға тапсырған.

Облыстық бейнелеу өнері музейінің бас қор сақтаушысы Дәмелі Данкеева өз сөзінде музей қорына сыйға берілетін және қайырымдылықтан түсетін туындылардан бөлек, Қазақстан суретшілерінің еңбектерін де кезең-кезеңімен сатып алып отыратындығын баса айтты.

– Көпшілік өздері үшін ең қымбат дүниені ғана музейге өткізбейді. Ол сол өнер туындылары арқылы сақталған жақын жандарының жарқын естелігін әкеледі. Былтыр қорға жергілікті авторлардың ғана емес, шетелдік суретшілердің де шығармалары келіп түсті. Мәселен, музейдің жақын досы, ригалық суретші Валентин Даниленко Прибалтика суретшілерінің бірқатар туындыларын сыйға тартты. Біз шын жүректен өз еңбектерін музей қорына табыстап отырған барша жанға алғысымызды білдіреміз. Себебі, музей қорына өткен әрбір туынды – мәңгілікке қалдырылған рухани мұра. Ел мен халықтың ортақ мәдени байлығы, – деді ол.
Жасанды интеллект пен цифрландыруды жүйелі түрде енгізу музей қызметін жаңаша ұйымдастырудың маңызды тетігіне айналды. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде алдағы кезеңде көрермендерге мазмұны терең, идеясы тың, мәдени-ағартушылық әлеуеті жоғары ауқымды жобалар ұсынылмақ.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button