Қарағанды ғалымдары «Ғылым күнінде» Қазақ КСР Ғылым академиясының академик және тұңғыш Президенті Қаныш Сәтбаевтың туғанына 126 жыл толуына орай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Шараға облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді.
– Қазақ ғылымының бастауында тұрған Қазақ ғылым академиясының негізін қалаған ұлт перзенті Қаныш Сәтбаев қиын қыстау күндердің өзінде қазақ ғылымының негізін қалады. Мемлекет құруда жұлдызды із қалдырған тұлғаның жақсы қасиеттерін кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру – міндет. Ғылым қызметкерлері күні – әлемге әйгілі ғалым Қаныш Имантайұлының туған күніне орайластырылғаны белгілі.
Ғалымның ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде еліміз геология саласында және ел экономикасының тау-кен металлургия секторында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Ұрпаққа мол мұра қалдырған қазақтан шыққан тұңғыш инженер-геологқа арналған шаралар алдағы уақытта да жалғасады, – деп атап өтті Нұрлан Бикенов.
Сондай-ақ, шараға билік өкілдері, ғалымдар, оқытушылар, студенттер мен қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар Қаныш Имантайұлын бір минут үнсіздікпен еске алып, ғылыми қоғамдастық өкілдері мен ғалымның туыстары құттықтау сөз сөйледі.
– Ғылым қашан да ұрпақ алдындағы жауапкершілікке шақырады. Ғалымның баға жетпес мұрасын насихаттау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың бүкіл өмірі, отансүйгіштігі және өз халқына жанқиярлықпен қызмет етуі жастар үшін өшпес үлгі.
Әр халықта мемлекеттің дамуына орасан зор үлес қосқан тарихи тұлғалар бар. Әрине қоғамға танылу иерархиясында айрықша орын алған көшбасшылар ерекше дараланып тұрады. Ғалым, академик, Қаныш Имантайұлы – бірегей тұлға. Еліміздегі ірі пайдалы қазбалар кен орындарын ашып қана қоймай, оларды өндіру және қайта өңдеуге өндірістік база құруға үлес қосты, – деді тарих ғылымдарының кандидаты Нұрсахан Ахметқызы.
Ұйымдастырушылар ғалымның қазақстандық ғылым мен өнеркәсіпті дамытуға қосқан үлесіне тоқталды. Оның ғылыми мұрасы зерттеушілердің жас буынына серпін.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»