Ғасыр ғұламасы еді…
Қайран, Темағам! Темірғали Әбілдаұлы Көкетаев. Осы бір тұлғамен мені тағдырдың өзі табыстырып еді.
…Өткен ғасырдың 1964 жылы Алматыдағы Абай атындағы институттың физика факультетін бітіріп, тура сол жылы Эстонияның тарихы тереңде жатқан Тарту университетіне тағылымдамадан өтуге барады. Сонда жүріп академик Чеслав Лущиктің ғылыми жетекшілігімен кандидаттығын айрықша үздік қорғайды. 1972 жылы әйгілі Евней Бөкетовтің арнайы шақыруымен Қарағанды университетіне кафедра меңгерушісі болып орналасады. Өз саласында жаңалық ашып, докторлық диссертациясын қорғайды.
Сол кезден бастап табан аудармай, Қарағандыдан тапжылмай, мыңдаған шәкірттер тәрбиеледі. Ол өмір бойы өзінің ағалары Әлімхан Ермеков, Евней Бөкетов бастаған істерді табандылықпен жалғастырды. Темағаң әдебиетті терең сүйді, облыстық «Қазақ тілі» қоғамын басқарып, шын мәніндегі тіл жанашыры болды. Өз саласындағы алуан түрлі монография, оқулық, оқу құралдарынан басқа, физика терминдерінің қазақша-ағылшынша түсіндірме сөздігін жасап қалдырды. Әлемге әйгілі Оксфорд университетінде лекция оқыған тұңғыш қазақ профессоры ретінде тарихта қалды. 1999 жылы Кэмбридж университеті биографиялық орталығының анықтауымен «Ғасыр Адамы» атанды.
…Темағаңмен Зарқын Тайшыбай, Тілеубай Тасболатұлы ағаларым арқылы жақын таныса түсіп, дәм-тұзымыз араласты. Әкемдей қамқор болған Темағаң 85 жасында автокөлікпен келіп, менің Абай еліндегі 60 жылдық мерейтойлық шараларыма бастан-аяқ қатысты. Сол күндері қазақтың классик ақыны Иран-Ғайып екеуі қолтықтасып жүріп, талай сахна төрінен ақ тілектерін ағылтты.
Оңаша сәттегі бір сырласуымызда: «Мен өмірге қайта келсем, әдебиетті таңдар едім» деген өкінішін де білдірген болатын. Осыдан екі айдай бұрын, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде менің Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған кітабым туралы «Білте шамның жарығынан – Күннің жарығына дейін…» деген атпен мақаласын жариялап, ақ батасын беріп еді. Сондай қамқор, мейірбан, ұлтына адал қызмет еткен, ерекше парасат иесі, ақылман Абызымыздан көз жазып қалғанымызға сенгім келмейді.
Абылайханның атақты қолбасшыларының бірі Нияз батырдың тікелей ұрпағы, әйгілі Сәкен Сейфуллиннің Жаңаарқасында дүниеге келген тектінің тұяғы, бекзат болмысты Нар қазақтан айырылдық! Өзекті өртейтін өкініш, алты Алашқа қайғы.
Уақыт тегершігі тоқтамай зымырап барады. Ғасыр ғұламасы, асыл ағатайымнан көз жазғалы да міне қырық күн өтіпті! Біз өзіңіздің жарқын бейнеңізді ешқашан ұмытпаймыз, Абыз Темаға!
Бауыржан ЖАҚЫП,
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары,
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі