Ғасыр қасiретi – жазушы жазбасында

    Әдебиет қоржыны тағы да бір тың туындымен толықты. Шалғайда жатып, шұрайлы дүниелерді қаламынан тудырған қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы Жанболат БАШАРДЫҢ «Қабір үстіндегі зұлмат» атты жаңа кітабы жарық көрді. Туындының тұсаукесері Астана қаласында өтті.

Шараны ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы тізгіндеп, кітап жайлы пайымды пікір білдіріп, сүбелі сөзін айтты. Сонымен қатар, Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, белгілі ғалым, жазушы Серік Негимов, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Абзал Бөкен, әдебиеттанушы Айгүл Кемелбаева, жазушы Қайырбек Сәдуақасов, Астана қаласы әкімдігі тіл басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев, Ақпарат және коммуникациялар министрінің кеңесшісі, журналист Қамбар Ахметов, ақын Ілияс Мұқай сияқты қалам ұстап, ой кешкен қауым қатысты. Отызыншы жылдары халқымыздың қабырғасына қан ұйытып, шаңырағын шайқалтқан қуғын-сүргінді, ашаршылықтан тулақ кемірткен, жақсыдан жерінтіп, жаманды елірткен саяси зұлматтың адам жаны төзгісіз азабы, зобалаң жылдағы халықтың басынан өткерген қасіреті шығарма мазмұнына айналған. Автор қанау мен талауға түскенде жандарын шүберекке түйіп, тік тұрып қарсылық танытқан белгілі тұлғаларды басты кейіпкер етіп алған. Оның ішінде Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы өңірінде, «Уық көтерілісі» деп айдар тағып, ат қойған Тоқырауын көтерілісі туралы тұщымды жеткізген. Теңдік үшін, елдік үшін бас көтерген, тіпті, жанын пида қылған Жабайдың Сәдуақасы аңсаған армандарының, көздеген мақсаттарының ұшқынын ұштастырып, айтылып, жазыл­маған тың деректерді оқырманға орамды ұсынған. Сондай-ақ, кітапқа жазушының повесінен бөлек, бір топ әңгімелері енген. «Пері мен Періште, «Айғана», «Әкім құлаған», «Моншақбай балуан», «Кісі», «Опасыз дүние», «Аңшының ажалы», «Үрей», «Соғыстан қалған сыз» секілді заман шындығы, қоғамдағы қайшылықтар мен адам тағдырлары суреттелген шығар­малары оқырманды бейжай қал­дырмайды.

Қамбар АХМЕТОВ, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің ке­ңес­шісі:

Біз Жанболат Башарұлының жазу­шылығына тоқталып отырмыз. Бұл кісінің тағы бір қыры – ұстаздығы. Жазу­шының шекпенінен, журналистік мек­тебінен шыққан қаншама шәкірттері, әрісі рес­публикалық, берісі облыстық, қалалық басылымдарда қызмет етуде.

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.