Жаңалықтар

Абай ауданында тұратын Нөкей Жентбай қария жуырда 101 жасқа толды

Абай ауданының Құлайғыр ауылында тұратын Нөкей Жентбай қария жуырда 101 жасқа толды. Бүгінде жасы ғасыр асқан ол 1925 жылдың 2 наурызында Монғолияның Баян- өлгей аймағындағы Толбы ауылында дүниеге келген. Бірақ, ата-анасынан жастай айырылған қыз бала туыстарының тәрбиесінде өседі.

Суретте: ғасыр асқан ғазиз ана Абай ауданы Нөкей Жентбай

Ес біліп, етек жапқан бойжеткен шағында ауылындағы өзі құралпы Жәнімхан атты бозбаламен бас қосып, алпыс жылдан аса тату-тәтті ғұмыр кешеді. Орта мектепті бітірген соң оқуларын одан әрі жалғастырмаған жас жұбайлар өздерінің сұмынында (біздіңше – кеңшар) үйреншікті ата кәсібі қой бағудың жолына түседі. Содан қашан сол елде зейнет демалысына шыққанша қолдарынан ақ таяғын тастамай еңбек еткен олар 4 баланы өмірге әкеліп, ордалы отбасына айналып, 2005 жылы көштің басын атамекенге бұрған екен.

– Ағайындарымыздың бәрі Қазақс­танға көшіп жатқан уақытта отағасымен бірге бала-шағамызды алып, біз де жылы орнымыздан қозғалдық, – дейді кейуана, – Ондағы ойымыз балаларымыз бен олардан тараған ұрпағымыз егемен елінің ортасында өсіп-өнсін деген мақсат болатын. Алланың ісіне шара бар ма, үш жылдан кейін алпыс жылдан астам отасқан ақсақалым дүние салып, оған топырақ осы қасиетті атамекенімізден бұйырды.

Сол көшкеннен бұлар көштің басын біз айтып отырған Құлайғыр ауылына тіреп, ғасыр асқан Нөкей анамыз қазір Топар ГРЭС-інде электрик болып істейтін кенже ұлы Алпамыс пен келіні, осындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Күлімханның отбасымен екі қолын жылы суға малып, тұрып жатыр.

Мұнда балаларынан ұлы Рым мен қызы Раушан өрен-жарандарымен қоныс аударса, Монғол жерінде бақилық болған қызы Порымның әулеті сол жақта тірлік етіп, күн кешуде.

Құдайға шүкір, ғасырдан артық жер басып жүрген асыл ананың осы 4 баласынан көрген 18 немересі мен 14 шөбересінің алды үйлі-баранды болып, қызметке араласса, соңы мектепте оқып, балабақшаға барып жүр. Жатса-тұрса солардың амандығын тілеумен отырған ақшашты әже осы күніне тәубе қылады. Олар да мұны қолдан қолға тигізбей, кезекпе-кезек үйлеріне алып кетіп, апталап жібермей, қонақ қылып жатқаны.
Осы жолы біз де ғазиз ананы Топар кентіндегі ГРЭС-те әке жолын қуған тұңғыш немересі, электрик Бәделханның шаңырағында жолықтырып, әңгімелесудің сәті түскен. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, жүз бірден асты дейтін емес, Нөкей әжей әлі де тың. Құлағы қағассыз естіп, көзі де жіті көріп, әлі де өңін бермеген қалпы. Тек жүріп-тұрғанында аздап демегенді қажет ететіні болмаса, қаумалаған шөберелерінің қоршауында жағасы жайлау, көңілі көл болып отыр.

– Бұрынғы үлкендер «Шөбересіне ер­ні тиген адам жұмаққа барады» деуші еді. Соған жеткізетін осы құлындарым ғой, – дейді Нөкей әжесі жанына келген алғашқы шөбересі Дінмұхамедті қайта-қайта иіскеп.
Жоғарыда айтқанымыздай, ғасыр асқан ғазиз ананың 101 жасқа толған 2 наурыз күні Абай аудандық Ардагерлер кеңесінің мүшесі Нұрлан Адашев пен осы Құлайғыр ауылдық округінің әкімі Әсет Төлегенов және ауылдық Ардагерлер ұйымының төрағасы Рымбай Балкенов арнайы құттықтай келіп, кейіпкеріміздің құшағын гүлге толтырып қайтқан көрінеді. Ендеше біз де сол құттықтауға қосылып, бір ғасырдың белесін артта қалдырған ғазиз анаға тағы да ғұмыр тілеп аттандық.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет кейіпкердің мұрағатынан

Басқа материалдар

Back to top button