Әдебиет

Ғасырға Қасым қайта келмей жатыр…

«Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты республикалық жыр мүшәйрасында ІІ орынды еншілеген тараздық ақын Табиғат Абаилдаевтың өлеңі.

Ғасырға жететіндей ұзақ аттап,
Дәуірге қараймыз ба біз алақтап?
Дүниеге Қасым қайта келмегесін,
Қызылда күн батады қызарақтап!
Арман-ай, аласармас биік неткен,
Сүюге болмайтынды сүйікті еткен.
Жақынның аяулысы Сақыпжамал,
Ақынның жүрегіне сыйып кеткен.
Білді ме, жанарда бір назы барын.
Жүректің алаулаған сазы – жалын.
Ұлы ақын ұялшақтап сүйген кезде,
Сезді ме, өлең болып жазыларын.
Кезең көп, көңілдегі жазды ұрлаған,
Кездер көп, жүректегі сазды ұрлаған.
Шынымен ғашық болған адам ғана,
Ғасырды Қасым туған жазғырмаған.
Аңыздай бұл хикая таратылған,
Айрылған ақын аз ба, бар ақылдан?
Қасым мен Сақыпжамал ғана шығар,
Екі әлем, бір жүрек боп жаратылған!
Сөзімен көбейгенде ердей батыр,
Жүректі әмір емес, меңдей ме ақыл.
Асылы болатындай Алашының,
Ғасырға Қасым қайта келмей жатыр.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.
Тараз қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button