Қасымнан-ғасырға
Мағжаннан қалған мансұқ жырды жиырмасыншы ғасырдың орта шенінде қақпайлатпай қайта түлеткен қазақтың дауылпаз ақыны – Қасым АМАНЖОЛОВҚА биыл – 105 жыл. Осыдан тура бес жыл бұрын ақынның ғасырлық тойын Арқа топырағы айрықша атап өткенін білеміз. Биыл да Қарқаралының баурайына қаз-қатар киіз үй тігіліп, әрісі Алатаудан, берісі Қараөткелдан қонақ сабылтпаса да, ақынның мерейлі тойы елеусіз қалған жоқ. Әңгімені әріден бастайық.
Қарағанды десе Қасымның, Қасым десе салқар Сарыарқаның еске түсетіні несі екен? Өзгені қайдам, Қасым салған қасқа жолдың бойында қара өлеңді арқау еткен Арқа ақындарын жиі көреміз. Азаттықтың осынау ширек ғасыры ішінде Қасымның шекпенінен шықпаған шайыр атаулысы кемде-кем болар. Қыран ақынның қанатының астында бүгінгі жас ақындарды көріп, тағы қуанасың. Солардың басын өрге де, төрге де сүйреген мәртебелі поэзия мен Қасымның рухани қуаты, мыңжылдықтарға азық болар – өлмес өлеңі.
Алатау қазағы мұзбалақ Мұқағалиды қалай пір тұтса, Сарыарқа топырағы Қасымның ақындық болмысын дәл солай әспеттеуде. Соның барлығы – Азаттықтың арда сыйы. Тәуелсіздік құрдастары Қасымның жыр-дастанын жиналған жерде жатқа соғады. Ерлігін айтып, өр мұңын қозғайды. Тозбайтын жырын оқып, маздайтын әнін шырқап әкетеді. Бұл – қара өлеңнің бесігі – Қарағанды қаласында ғана емес, күллі Арқа топырағында бұрын-соңды болмаған құбылыс. Жыл көлемінде жарық көрген «Орталықтың» екі нөмірінің бірінде Қасым есімі аталып, Қасым оқулары, Қасым атындағы мүшәйралар ұйымдастырылғаны – соның дәлелі. Облыс аумағындағы мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының басым бөлігі ақын тойын ескерусіз қалдырмады. Дүбірі жер жармаса да, берері мен айтары мол кештер, кездесулер өткізілді. Бұған аймағымыздағы жүздеген кітапханалар мен мәдени ошақтарда ұйымдастырылған шараларды қосыңыз. Шағын болса да, шапағаты мол шаралар.
Қасымның ғасырлық тойы қарсаңында «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының алғашқы саны жарық көрді. Таралымы 3000 дананы еңсерген бұл журналдың көзіқарақты оқырмандарын қуантып келе жатқанына да биыл бес жылдың мұғдары. Мұнымен қоса, ақын мұраларын насихаттау, жас дарындарға қолдау көрсету мақсатында 2011 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Нұрлан Дулатбековтің бастамасымен «Qasym.kz» порталы ашылған болатын. Осы аралықта сайт-порталы айтулы жетістіктерге жетіп, қазақ тілді ғаламтор кеңістігіндегі үздік сайттардың қатарынан орын алды. 2012 жылы «Үздік қазақ тілді интернет жоба» сыйлығын және биыл «Қазақ тілді үздік сайттар» байқауынан «Рухани азық» аталымын қанжығалады. Сонымен қатар, Нұрлан Дулатбековтің идеясынан бастау алған «Қасым.kz» сериясымен жас ақын-жазушылардың кітабын шығарып беру ісі де қолға алынып отыр. Бұл сериямен тек қарағандылық ақын-жазушылардың ғана емес, семейлік, оралдық, алматылық ақындардың да кітаптары жарық көріп үлгерді.
Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы Қарағандыдағы Қасым ескерткіші алдында дәстүрлі Қасым оқуларын ұйымдастыруды бірнеше жыл бұрын қолға алған. Студенттер мен оқушылардың айрықша қызығушылығын оятатын бұл шара биыл да өтті. Бұдан қалаберді, аталған кітапхананың іргесінде құрылған «Жыр-Жауһар», Ж.Бектұров кітапханасының іргесінде бой көтерген «БОТА» ақындар клубының өткізген кездесулері тағы бар. Айта кетейік, бұл қос клубқа биыл мерейлі жыл. «БОТА» клубының құрылғанына бақандай жиырма жыл толса, «Жыр-Жауһардың» іргесі қаланғанына аттай он жыл толып отыр. Қарағандылық ақындардың қарымын осыдан-ақ байқай беріңіз. Бұл аз десеңіз, облыстың тілдерді дамыту басқармасы Қасымның туған жері – Қарқаралыда өткізген облыстық ақындар мүшәйрасы тағы бар. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген «Қасымның әндері-ай» жобасы ақынның 105 жылдық мерейтойында да көрермен назарына ұсынылса құба-құп болар еді. Міне, Қасымнан ғасырға жалғаса берер Қарағандыдағы қазақ жырының бүгінгі биігі осындай. Солай болып қала бермек…
Рауан ҚАБИДОЛДИН