Бас тақырыпРесми

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалыстым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалысқанын атап өтті.

Сурет Ақорда

– Ашығын айтайын, мен өзім де Мемлекет басшысы ретінде Жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалыстым. Мен оның әр тарауына, әр бабына баса мән бердім. Әрбір сөздің мағынасына терең үңіліп, өз ұсыныстарымды Конституциялық комиссияға жолдадым. Бұдан бөлек, біз терминдер мен сөздерді қазақы ұғымға барынша сай етіп беруге айрықша назар аудардық. Мысалы, қазіргі Ата заңымызда «Қазақстан аумағының тұтастығы» деген ұғым бар. Негізі, бұл «жердің тұтастығы» болуы керек еді. Мен бұл мәселеге сарапшылардың назарын аудардым. Себебі, жер – қазақ үшін ең қастерлі ұғымның бірі. Ата-бабаларымыз бір қарыс жер үшін жанын құрбан еткен. Осы ұланғайыр жерді қорғап, ұрпаққа мирас еткен. Оның табиғатын аялау, тұтастығын сақтау, шекарасын қас қақпай күзету – қасиетті борышымыз. Ұлы даланың бір уыс топырағы – баға жетпес байлығымыз. Сондықтан «жердің тұтастығы» деген сөз халқымыздың дүниетанымына сай келетін, нағыз қазақы ұғым болар еді. Мен бұл ұстанымды қолдаймын. Алайда, халықаралық деңгейде орныққан термин болғандықтан, Конституциялық комиссияның басым көпшілігі «аумақтық тұтастық» ұғымын өзгеріссіз қалдырды. Мен мұны жаңа Конституцияның жобасын әзірлеу кезінде әрбір нормаға, әрбір бапқа қатысты қызу пікірталас болғанына байланысты мысал ретінде айтып отырмын. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Жұртшылық та бұл жұмыстан тыс қалған жоқ. Азаматтарымыздан мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Соның барлығы мұқият зерттеліп, сүзгіден өтті. Ақылға қонымды ұсыныстың барлығы ескерілді. Бұл халқымыз өз болашағы үшін жауапты екенін терең сезіне алғанын көрсетеді. Референдумға шығарылып жатқан жаңа Ата заң жобасы жан-жақты зерделеніп, қызу талқыдан өтті. Сондықтан оны нағыз Халық Конституциясы деп нық сеніммен айта аламыз, – деді Президент.

Сондай-ақ Президент елімізде Конституцияға өзгерістер тек референдум арқылы қабылданатынын айтты.

– Шын мәнінде, жаңа Ата заң – өркениеті бай, тарихы терең, мұраты биік, жоспары айқын, болашағы жарқын, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза Қазақстанның төлқұжаты. Мен Мемлекет басшысы ретінде әрбір шешімді тек ұлт мүддесі тұрғысынан қабылдайтынымды атап өткім келеді.  Бізге арқаны кеңге салып, жайбарақат жүруге болмайды. «Бір жөні болар, жолымыз болар» деп отыра алмаймыз. Оған құқымыз да жоқ. Біз эволюциялық даму жолына, яғни жан-жақты, жедел және батыл жаңғыру жолына түстік. Ұсынылған Конституция жобасы қабылданса, мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болады, сондай-ақ еліміздің бүкіл заң жүйесі жаңарады. Ата заңға өзгерістер енгізу тәртібі әлдеқайда жақсарып, демократиялық құқықтық сипатқа ие болады. Қазіргі Конституция бойынша Парламент Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады және мұндай жағдай осыған дейін бірнеше рет болған. Ал, енді Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерістер мен толықтырулар бойынша шешім тек жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданады. Бұл қадам келешекте жекелеген саяси топтардың мүддесіне бола негізсіз конституциялық түзетулер жасауға тосқауыл қояды. Мен Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап ел тағдырына қатысты аса маңызды мәселенің бәрі халықтың талқысынан өтіп, референдум арқылы шешіліп келеді. Бұл мен үшін мызғымас ұстаным болды. Естеріңізге сала кетейін, 1995 жыл қабылданған «Референдум туралы» конституциялық заң өз күшіне ие болғалы алғаш рет 2022 жылы ғана қолданылды. Алдағы науқан аз уақыт ішінде өткен үшінші референдум болмақ, – деді Мемлекет басшысы.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button