Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр бойының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін атап өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында Сыр өңірінің тарихи және әлеуметтік-экономикалық маңызына тоқталды депа хабарлайды Ortalyq.kz сайты kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап. 

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

Президенттің айтуынша, «Сыр елі – жыр елі» деген ұғым бұл аймақтың болмысын айқын сипаттайды. Қорқыт ата дәуірінен бастау алатын жыраулық-жыршылық және күйшілік дәстүр Сыр бойында кеңінен дамыған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды тұлғалар негізін қалаған жыршылық мектептер елге кеңінен танымал.

– Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес кезеңінде бұл өңірден жүзге жуық еңбек адамы шықты. Әйгілі күрішші Ыбырай Жақаев ерен еңбектің символы саналады. Аға буынның даңқты жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, былтыр аймақтың жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға артқан. Соңғы 3 жылда облысқа 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылып, былтырдың өзінде 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылған.

– Соның ішінде, жаңа жылу электр орталығының іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестор қаржысы есебінен салынды. Жаңа жылу электр орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы облыс тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілгенін, халықтың 80 пайызы көгілдір отынды пайдаланып отырғанын айтты. Елді мекендерге газ құбырын тарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Президент өңірдегі автокөлік жолдарының сапасы жақсы деңгейде екенін атап өтіп, әуе және теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы пайдалануға беріліп, Қызылорда қаласындағы тарихи теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өткен. Бұдан бөлек, аймақтағы 10 теміржол бекетін жаңғырту басталған.

– Бұл шаралардың барлығы облыстың логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Материалды әзірлеген Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button