Ресми

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қоғамдық келісімді сақтау — еліміздің әрбір азаматының перзенттік парызы

Бізде саяси көзқарасы әртүрлі партиялар бар. Плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының отырысында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ortalyq.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Сурет: www.inform.kz

– Плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға мүмкіндік береді. Бізде саяси көзқарасы әртүрлі партиялар бар. Кандидаттардың түрлі мәселе бойынша ұстанымдарының бірдей болмауы да заңды құбылыс. Бірақ, көзқарастары мүлде қабыспайтын ымырасыз қарсыластардың өзіне ортақ құндылықтар бар. Ол – біздің қасиетті Отанымыз және қастерлі Тәуелсіздігіміз.
Мен бұл туралы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда айттым. Өйткені, Тәуелсіздік үшін күрес күнделікті еңбекпен және елдік саясатпен тығыз байланысып жатыр. Болашақтың алдында бәріміз бірдей жауап береміз. Кейінгі ұрпақ кімнің саяси ұстанымы қандай болғанына мән береді.
Аға буынның оларға қандай мемлекетті мирас еткеніне қарап, бүгінгі күнін бағалайтын болады. Сондықтан, біз ортақ мақсат жолында бірігуіміз керек, – деді ҚР Президенті.

Одан бөлек, Президент саяси мүддеге қарағанда мемлекетшілдік қасиет әлдеқайда биік тұру керегін атап өтті.

– Кез келген саяси мүддеге қарағанда мемлекетшілдік қасиет әлдеқайда биік тұруға тиіс. Қоғамға, ең алдымен, әрбір сөзіне және ісіне жауапкершілікпен қарайтын саясаткерлер қажет. Сонда азаматтардың елдік саясатқа деген сенімі артады. Ал, сенім – бұл аса маңызды құндылық. Біздің елімізге заң үстемдігі және азаматтық тәртіп аса қажет. Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп айтқан. Заңды сыйлайтын елдің қашанда ұпайы түгел, – деді ол.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қоғамдық келісімді сақтау еліміздің әрбір азаматының перзенттік парызы екенін еске салды.

– Шын мәнінде, татулық пен тұрақтылық ең асыл құндылық екеніне бәріміз көз жеткіздік. Тыныштық болмаса, басқа табыстың бәрі бір сәтте құрдымға кететінін көрдік. Біз ел бірлігінің арқасында барлық қиындықты жеңіп келеміз. Сондықтан, барды бағалап, ырысты ынтымағымызды қорғау – бәрімізге ортақ қасиетті борыш. Біз бір-бірімізге қамқор, жанашыр болып, жақсылыққа ұмтылуымыз керек. Қоғамдық келісімді сақтау мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Бұл – еліміздің әрбір азаматының перзенттік парызы. Біз не істесек те, ел мүддесі үшін жасаймыз. 

Мақсатымыз – Қазақстанды тұғыры берік, экономикасы қуатты, рухы асқақ, бірлігі бекем мемлекет ретінде ұрпаққа табыстау. Осы тарихи міндетті бәріміз бірге абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін, – деп атап өтті.

Басқа материалдар

Back to top button