Қасым-Жомарт Тоқаев: “Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды”
Елімізде төтенше жағдай кезінде 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілген. Сондай-ақ, 570 мыңнан астам адамға азық-түлік себеті таратылды. Әлеуметтік көмек алдағы уақытта да жалғасын табады. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде айтылған.
“Мен төтенше жағдай кезеңінде азаматтарымызға қолдау көрсетуге арналған шаралардың екі топтамасын жария еттім.
Бұл шаралар барынша жүзеге асырылуда. Қоғам тарапынан айтылған орынды сын-пікірлер де бар. Оны ескереміз.
Бүгінгі күні 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілді.
570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылды.
Жалпы, 1,1 миллионнан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.
Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан қаржы бөлінді.
«Nur Otan» партиясы белсенді жұмыс атқаруда.
Сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсетіледі”, – деді Президент.