Қасым жаққан жұлдыздар
Қазақ поэзиясының ақтаңгері Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойын бүтін ел атап өтуде. Дауылпаз дара есімді ұлықтаудан кенде емеспіз. Ақын рухына тағзым ретінде ұйымдастырылған сондай игі шараның бірі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтетін «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…» атты республикалық дәстүрлі ХІ Қасым Аманжолов оқулары. Аталмыш байқау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастыруымен өтті. Жыр додасының I дәрежелі жүлдесін әріптесіміз, ақын Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ қанжығалап қайтты. Бұл жеңіс тоқсан жыл топта толғаған қарашаңырақтың мерейін тасытты.
Аталған үрдіс Қасымның 100 жылдық мерей тойынан бастау алды. Дәстүрлі түрде биыл 11-ші рет өтті. Шара мақсаты – өмірін өлеңмен өрген өр тұлғаның шығармашылығын насихаттау һәм жастардың рухани дамуына бағыт сілтеу. Байқауға Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар облыстарынан және Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларынан 118 өтінім тіркелді. Бір ерекшелігі өтінім сонау Польшадан да келіп түскен. Ал, қазылар алқасы арасында ақын есімін жаңғыртып, Қасым жаршысы атанып жүрген ақын Серік Сағынтай, әнші Гүлбаршын Тергеубекова, ақын Ерлан Жүніс, дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын және Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова болды. Жиылған қауым шараны алдымен ақынның атына берілген көшедегі ескерткішіне гүл шоғын қойып, жалынды жырларынан үзінді оқумен бастады. Сонымен қатар, ақын өлеңдері жинақталған Қайрат Айтбаевтың «Бір нәзік сәуле» топтама кітабының тұсауы кесілді.
– Бұл еңбектің топтастырылуына бір жылдай уақыт кетті. Топтамаға Қасымның өз әндері сонымен қатар, ақын сөзіне жазылған әндер біріктірілді. Бұған дейін ақын сөзіне жазылған әндердің жарық көргенін білеміз. Бірақ, кей жерлерде ақын еңбегіне талас туып жатушы еді. «Бір нәзік сәуле» атымен жарық көрген еңбектің алғы сөзінде әнші Ерлан Төлеутайдың зерттеуіне сілтеме бере отырып, жазушы Дидар Амантай мұндай кереғар пікірге тосқауыл қойды. Бертін келе әнші Қайрат Байбосынов, Еркін Шүкіманов, Сержан Мұсайын орындаған ақын әндері нотаға түсірілген. Аталған кітап оқырман ықыласына ие болады деген ниеттеміз, – деді Қайрат Айтбаев. ХІ Қасым Аманжолов оқулары «Жас дәурен» – вокалдық байқау және «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» поэзия байқауы болып бөлінді. Қос бағыт бойынша өткен сында 18-35 жас аралығындағы талапкерлер бақ сынады. К.Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театрындағы гала-концертте байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» – мүшәйрасында қарағандылық Қайрат Иманбек, Шығыс қазақстандық Роллан Кеңесхан, қостанайлық Ернұр Әуезхан, жезқазғандық Абай Ораз арнайы дипломмен марапатталды. III дәрежелі дипломын Нұр-Сұлтан қаласынан Айзада Рахымжанова, Шымкент қаласынан келген Арайлым Мұратәлиева Алматы облысынан Аршын Нұрбақыт иеленді. II дәрежелі дипломмен Балқаш қаласынан Мақсат Күземхан марапатталды. Ал, I дәрежелі марапат әріптесіміз ақын Жәлел Қуандықұлының еншісіне тиді. Байқаудың бас жүлдесін ат арытып Қызылордадан келген Ақжол Түменбай алды.
Ән байқауы жеңімпаздарын ақынның шөбере қарындасы Дәмегүл Рақымжанова марапаттады. Сайыстың III дәрежелі дипломы солтүстік қазақстандық Ерасыл Алпысбайға берілді. Қарағандылық Қуандық Төкен де дәл осындай III дәрежелі дипломға ие болды. Нұр-Сұлтан қаласынан келген Кәмшат Тұрабекова II орын иегері атанды. I орынды елордалық Сырым Мұхамеджанов иеленді. Ал, байқаудың бас жүлдесі жерлесіміз АйбекРымғалиға бұйырды. Бұл марапатты әнші Гүлбаршын Тергеубекова табыстады. Жиынға қатысқан барша жыр сүйер ағайынға «Бір нәзік сәуле» топтамасынан бір-бір дана және Қасым әндері жазылған арнайы диск үлестірілді. «…Дауылдай өртке тиген өлеңімді Қасымның өзі емес деп кім айтасың!» – деп Қасым қара өлеңнің өрнегін бренд етті қазаққа. Жырын аманат еткен жыр алыбының мұрасы ешқашан өлмек емес. Біз барда, сіздер барда, Алты Алаш…
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.