Қасым кубогі – шыңдалу мектебі
Жастар жылы аясында С.Сейфуллиннің 125 жылдығына орай, Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы және облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қарағанды қаласында өнерпаз тұлғалар арасында шағын футболдан республикалық дəстүрлі VIII «Қасым кубогі» турнирі өтті.
Доп додасына Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Қарағанды Балқаш қалаларының есімдері елге белгілі ақындар, жазушылар, айтыскерлер, əншілер, кино және театр актерлері, блогерлер,
журналистер, тағы басқа өнер майталмандарынан жасақталған 7 құрама қатысты. Олардың ішінде Дәурен Берікқажы, Айтбай Жұмағұлов, Мұхтар Ниязов сияқты серкелер бар.
Биылғы турнирге командалардың ерекше дайындықпен келгендігі байқалды. Тартысты сайыстың алғашқы тур ойындары жедел өрбіп, жартылай финалда «Алтын қыран» мен «Арқа», «Жастар» және «Сәкен» командалары кездесті.
Ептіліктерін танытқан елордалықтар – былтырғы Қасым кубогі иегерлері «Арқа» командасын 6:2 есебімен тізе бүктіріп, финалға жолдама алса, «Жастар» құрамасы «Сәкен» командасын ойсырата 7:0 есебімен жеңіп, ақтық сынға шықты.
Финалдық ойында «Жастар» құрамасы 3:1 есебімен жеңіске жетті. Жеңіс голының авторы – Бегім Хантөре.
Айтулы турнирде «Жастар» құрамасы I орынға жайғасып, Қасым кубогімен бірге, алтын медаль һәм 100 мың теңге сыйақыға ие болса, II орынды иеленген «Алтын қыран» командасы 70 мың теңге мен күміс медальді еншіледі. Ал, III орын үшін болған ойында «Арқа» құрамасы шеберлік көрсетіп, 50 мың теңге мен қола медальді қанжығалады. Барлық командаларға Алғыс хаттар тапсырылды.
9 номинацияға дипломмен қоса, 10 мың теңге сыйақы тағайындалған.
Турнирдің биылғы ерекшелігі, бірінші рет бюджеттен қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар, Қызылорда мен Балқаштан жаңа командалар қосылды. Мұның өзі турнирдің республика көлеміндегі маңызын көрсетеді. Тек футбол ойнау ғана емес, шығармашылық, достық байланысты одан әрі нығайту – шараның басты мақсаттарынң бірі, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Расул Қасенхан.
Жәлел ШАЛҚАР.